
Қазақстанда салық саясатын жаңғырту, бизнесті қолдау және экономиканың нақты секторын дамыту мақсатында корпоративтік табыс салығына (КТС) қатысты бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді.
Осы және өзге де өзгерістер қамтылған жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Жаңа Кодекс салық жүйесін икемді етіп, өндіріс, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы салаларына жеңілдік қарастыруды көздейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов айтты.
Жаңа ережелерге сәйкес, корпоративтік табыс салығының негізгі мөлшерлемесі бұрынғыдай 20 пайыз деңгейінде сақталған. Алайда, ел экономикасында басым бағыт саналатын кейбір салаларға төмендетілген салық мөлшері белгіленді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, балық өсірумен айналысатын, сондай-ақ, өз өнімін өңдеп, дайын өнім түрінде өткізетін заңды тұлғалар үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлерлемесі 3 пайыз болып белгіленді. Бұл норма да 2026 жылдан бастап күшіне енеді және ауыл шаруашылығы саласын қолдауға, жергілікті өндірушілердің дамуына ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін КТС мөлшерлемесі 6 пайыз болып бекітілді. Бұл шара кооперативтердің бірлесіп жұмыс істеуін ынталандырып, олардың қаржылық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Әлеуметтік саланы дамыту және қоғамның әлсіз топтарын қолдау мақсатында әлеуметтік сала ұйымдарына да жеңілдік қарастырылған. Бұл ұйымдар үшін корпоративтік табыс салығының ставкасы 2026 жылы – 5 пайыз, ал, 2027 жылдан бастап – 10 пайыз деңгейінде белгіленеді. Алайда, аталған жеңілдік коммерциялық емес ұйымдарға қолданылмайды.
– Салық жүйесін жеңілдету және түсінікті ету мақсатында корпоративтік табыс салығының құрылымы түбегейлі қайта қаралды. Енді табыс түрлері мен шегерімдер нақты анықталып, әрбір қызмет бағытына сай нормалар енгізілді. Бұл өзгерістер салық төлеушілерге өз қызметінің бағыты бойынша нақты ережелерді қолдануға мүмкіндік береді. Жаңа тәртіпке сәйкес, корпоративтік табыс салығын төлеушілер қатарына Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрақты мекеме арқылы қызмет жүргізетін немесе ел көздерінен табыс табатын бейрезидент заңды тұлғалар жатады. Ал мемлекеттік мекемелер КТС төлеушісі болып саналмайды. Бұған дейін салықтан босатылған мемлекеттік орта білім беру ұйымдары енді осы тізімнен алынып тасталды, – деді Сапарбек Ешанқұлов.
Қазіргі таңда салықтан жалтару фактілері әлі де кездесіп отыр. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында цифрландыру аясында маңызды қадамдар жасалуда. Бүгінде салық органдары екінші және үшінші дереккөздерден мәліметтер алуды толық жолға қойған. Бұл — салық базасын кеңейту мен көлеңкелі экономиканы азайтуда айтарлықтай тиімді тәсіл болып отыр. Мәселен, қазіргі таңда тіркелген 150 мыңға жуық жеке кәсіпкердің ішінде 120 мыңы белсенді қызмет атқарып отыр. Солардың 30 мыңы салықтан жалтару тәуекелі бойынша арнайы хабарлама алған. Бұл көрсеткіштің өзі салық төлеуден жалтару мәселесінің әлі де бар екенін аңғартады.
Жергілікті атқарушы органдар мен әкімдік тарапынан бұл бағытта арнайы жол картасы әзірленіп, әрбір басқарма мен құрылымдық бөлімше өз саласы бойынша қажетті мәліметтерді ұсыну жүйесін қалыптастырды. Мұндай шаралар салық тәртібін күшейтуге және бюджет кірісін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Мысал ретінде мүлік салығын алуға болады. Бұрын кәсіпкерлік субъектілері бұл салық бойынша шамамен 6 миллиард теңге көлемінде төлем жасайтын. Алайда соңғы үш жыл ішінде бұл көрсеткіш екі есеге артып, қазір 13 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл — салық базасын төмендетіп көрсетіп келген кейбір кәсіпкерлердің мүлкі нарықтық бағамен қайта есептеліп, шынайы құнын көрсетуге көшкенінің нәтижесі. Дегенмен әлі де нарықтық бағамен сәйкес келмейтін ірі ғимараттар мен нысандар бар екені жасырын емес.
– Жеке кәсіпкерлердің басым бөлігі — 90 мыңға жуық субъект — жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейді. Соның ішінде 42 пайызы өз есептерінде нөлдік көрсеткішпен есеп береді. Бірақ, үшінші дереккөздердің мәліметіне сәйкес, осы 40 мыңдай салық төлеушінің 10 мыңында нақты айналым бар екені анықталған. Бұл айналымның жалпы көлемі шамамен 40 миллиард теңгені құрайды. Осы сомадан 2 миллиард теңгедей салықты өндіру бойынша шаралар қолға алынған. Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қала бюджетінің кіріс бөлігі айтарлықтай артты. Егер бұрын жергілікті бюджеттің кірісінің 35 пайызы ғана өз көздерінен қалыптасса, бүгінде бұл көрсеткіш 56 пайызға дейін өсті. 2025 жылға арналған жоспар бойынша жергілікті бюджеттің жалпы көлемі шамамен 453 миллиард теңгені құрайды. Ал, республикалық және мемлекеттік бюджеттерден түсетін түсімдермен қоса, қала қазынасына 730 миллиард теңгеден астам салық және басқа да төлемдер түспек. Бұл көрсеткіш соңғы екі жылмен салыстырғанда екі жарым есеге артқан, – деді Сапарбек Ешанқұлов.
Жалпы алғанда, салықтық бақылауды цифрландыру, ашық дереккөздермен өзара іс-қимыл және әкімдіктердің үйлестірілген жұмысы нәтижесінде Шымкент қаласының бюджеті тұрақты өсімге қол жеткізді. Алдағы уақытта қала әкімдігі бюджетті республикалық қаржыдан тәуелділігін азайтып, жергілікті кірістер есебінен экономиканы дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ.
Жаңа салық ережелері цифрлық экономиканың, өндіріс пен әлеуметтік саланың ерекшеліктерін ескеріп, бизнес үшін әділ әрі қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Бұл өзгерістер елдің салық жүйесін заман талабына сай жетілдіріп, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін тартымды орта құруға жол ашады. Корпоративтік табыс салығындағы мұндай дифференциалды тәсіл Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік бағыттағы жобаларды дамытуға және цифрлық нарықтың заңды негізде дамуына мүмкіндік береді.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
