Редакция таңдауы

Адалдық пен парасаттылыққабастар жол

Бүгінгі Қазақстан – демократиялық құндылықтарды басты бағдар еткен мемлекет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы – қоғамды жаңғыртудың, жүйелі реформалардың және жаңа сапалық деңгейге өтудің нақты жолы. Бұл бастама тек саяси-экономикалық салада ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сана мен құндылықтарды түбегейлі өзгертуге бағытталған. Әділет ұғымы – мемлекеттің тірегі, ол қоғамдағы әр азаматтың ішкі дүниесіне, ар-ожданына байланысты құндылық.
Президент «Біз әділетті қоғам құрамыз десек, ең алдымен, ел ішіндегі адалдық пен жауапкершілік қағидатын орнықтыруымыз қажет. Әділетті Қазақстан – бұл әр азаматтың өз құқығын еркін пайдаланып, заң алдында тең болатын мемлекет. Құқық үстемдігі, шын мәнінде, қоғамның барлық саласында көрініс табуы керек», – деп атап өткен болатын өз сөзінде.

Осы орайда, сыбайлас жемқорлықпен күрестің заманауи тәсілдері тек заңмен шектелмейтіні анық. Адал қоғам құру үшін мәдениетке, рухани мұраға және тәрбиелік әлеуетке сүйену – уақыт талабы. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы бірлесіп «Әділ қоғам» атты тың жобаны қолға алды. Бұл бастама – мәдени-ағартушылық және білім беру құралдары арқылы әділеттілік, адалдық, адамгершілік құндылықтарын қоғам санасына сіңіруді көздейтін кең ауқымды мәдени платформа.

Ұлттық мұра – рухани қорған

Тарихи тұрғыдан алғанда, мәдениет қоғам құндылықтарының қалыптасуында маңызды рөл атқарған. Қазақ дәстүрінде ұят, ар және адалдық ұғымдары ерекше орында. Халықтың аңыз-әпсаналары, эпостары, мақал-мәтелдері, тағылымды хикаяларынан қазақы болмысты көруге болады. Осы мінез-құлық нормаларын зерттеу арқылы, қазіргі қоғамда моральдық бағдарларды сақтап қана қоймай, оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін рухани-адамгершілік құндылықтарға сүйенген жаңа үлгідегі ағарту жұмысына пайдалану орынды. Бұл үшін мәдени және әдеби мұраны, сондай-ақ ашық пікір алмасуға арналған алаңдарды тиімді пайдалану көзделіп отыр.

Аңыз-әпсаналар, жыраулар поэзиясы, мақал-мәтелдер мен халықтық педагогика – осы құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің бірегей тетіктері. «Әділ қоғам» жобасы дәл осы бай мұраны негізге ала отырып, қазіргі қоғамда парасаттылық пен заңға құрмет мәдениетін жандандыруды көздейді.

Жоба ұйымдастырушылары мәдениет пен әдебиетті тек танымдық немесе эстетикалық құбылыс ретінде емес, азаматтық ұстаным мен моральдық жауапкершілікті қалыптастыру құралы ретінде қарастырады. Бұл – сыбайлас жемқорлықпен күресте тек заңдық емес, рухани, мәдени иммунитет қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам.

Бірлескен күш – ортақ мүдде

Жобаны жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі де белсенді қолдау білдіруде. Игі бастамаға мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, ғалымдар, жазушылар мен мәдениет қайраткерлері жұмылдырылған.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз сөзінде «Әділ қоғам» жобасының адалдық пен әділеттілік жолындағы нақты қадамдардың бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алатынын айтып, мұндай қасиеттер ең алдымен тәрбие арқылы берілетінін атап өткен болатын. Сондықтан біз әр азаматтың бойына адалдықты дарыту, жастарды парасат пен ізгілікке баулу жолында бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз. Тек осылай ғана біз тұрақты, сенімді, адамгершілікке негізделген қоғамды бірге қалыптастыра аламыз, – деді Аида Балаева.

Жоба шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде «Әділ қоғам» орталықтарын құру көзделіп отыр. Бұл орталықтар университеттерде, кітапханаларда, мәдениет үйлерінде ашылып, оқушылар мен жастарға арналған курстар, тренингтер, пікірталастар мен мәдени шаралар өткізетін болады.

Сонымен қатар жоба аясында, адалдық пен әділеттілік туралы кітаптар, бейнематериалдар, подкасттар дайындалып, құқықтық және моральдық білімге негізделген квесттер, зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, этномәдени форматтағы фестивальдер, көрмелер, театр қойылымдары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жоспарланған.

Тарих пен қазіргі уақыт үндестігі

«Әділ қоғам» – бұл өткеннің өнегесін бүгінгімен сабақтастырып, келешекке бағыттайтын ерекше тұжырымдама. Жоба қазақ және әлем мәдениетіндегі ар-ождан, әділеттілік, адалдық секілді әмбебап құндылықтарды қайта зерделеуге мүмкіндік береді. Мәселен, бұрынғы билер институтындағы әділ төреліктер, шешендердің сөз мәдениеті, отбасылық тәрбиедегі үлгілер – қазіргі таңда да өзектілігін жоймаған тәжірибелер. Мәдени дипломатия элементтерін пайдалана отырып, «Әділ қоғам» жобасы халықаралық аренада да Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы имиджін нығайтуға үлес қоса алады. Бұл бағытта халықаралық форумдар мен ғылыми конференциялар өткізілмек. Тарихтағы адалдық үлгілерін баяндайтын «Ар-ұждан дәстүрлері» атты бейнероликтер мен әділдік үшін күрескен батырлар туралы деректі подкасттар сериясы дайындалады деп күтілуде. Бұл – жас буынға жақын, қолжетімді әрі әсерлі құралдардың бірі болмақ.

Қоғам сеніміне негізделген құрылым

Жобаның үйлестіру кеңесі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы өкілдерінен құралған. Ал өңірлік орталықтарды қоғамда беделге ие қайраткерлер – жазушылар, ғалымдар, журналистер болмақ. Мұндай әр тараптың қатысуы жобаның қоғамдық сенімге негізделгенін айғақтайды.

Өткен аптада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен «Әділ қоғам» жобасының таныстырылымынан осыны ұқтық. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысса, өңірлер ZOOM платформасы арқылы тікелей қосылды.

– Әрбір азаматтың бойына адалдықты дарыту, жастарды парасат пен ізгілікке баулу жолында бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз. Сонда ғана біз адамгершілікке негізделген қоғамды қалыптастыра аламыз», – деді Аида Балаева.

Ал Асхат Жұмағали қазақтың рухани мәдениетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеалармен өзара тығыз байланысын атап өтті.

«Ұлттық мұраны, отбасылық және ұлттық дәстүрлерді құрметтеу арқылы біз адал қоғамның берік іргетасын қалаймыз», – деді агенттік төрағасы.

Қаламызда жобаны таныстыру барысында сөз алған қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев:

— Сыбайлас жемқорлық – тек құқық бұзушылық емес, бұл адамгершілікке жат қылық. Біз әділ қоғам орнатамыз десек, алдымен әр азаматтың ар-ұятына үңілуіміз керек. Бұған жетудің жолы – ұлттық тәрбиеде, тарихымыз бен рухани құндылықтарымызда жатыр, – деп атап өткен болатын.

Ал «Әділ қоғам» жобасының Шымкент қаласы бойынша жетекшісі Анар Жаппарқұлова да жемқорлықпен күресте халық ауыз әдебиетінің жауһарларын пайдалану тиімді әдіс деп есептейді.

– Әділет ұғымы – әр адамның ішкі ар-ожданы мен қоғам алдындағы жауапкершілігінен басталады. Біз жастарды тек білімге емес, адалдық пен адамгершілікке баулуымыз керек. Осы мақсатта ұйымдастырылған диалогтық клубтар мен әдеби кештер – рухани жаңғырудың нақты көрінісі, – дейді Анар Жаппарқұлова.

Әділетті қоғам құру жолындағы ең маңызды буын – жастар. Олар тек еңбек нарығына енетін кадр ғана емес, мемлекеттің ертеңгі іргетасы. Оларға адалдық, әділет, заң мен тәртіп секілді ұғымдарды балалық шақтан бойына сіңіру – отбасының да, білім мен тәрбиелеу саласының да басты мақсаты болуы тиіс.

Сондықтан да, қоғамда ар-ождан, адамгершілік, заң мен тәртіпке құрмет дағдыға айналуы тиіс. Бұл бағыттағы бастамаларды қолдау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ борышы. Әділет салтанат құрған жерде сенім де, тұрақтылық та, өркендеу де болады. Ал әділетті қоғам – ұлттың мәңгілік болашағының кепілі.

Қорыта айтқанда, «Әділ қоғам» – бұл жай ғана мәдени жоба емес, бұл – ұлттық тәрбие мен ұрпақ санасын жаңғыртудың, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа идеологиялық форматы. Жоба ұлттың терең рухани қабаттарын арқау ете отырып, қоғамды ізгілендірудің, заңға деген сенімді арттырудың және тұрақты моральдық негіз құрудың пәрменді құралына айналуы тиіс. Себебі шынайы әділ қоғам – заңмен ғана емес, ұят пен ар-ожданмен де қорғалатын қоғам.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар