Уильям Шекспир драматургия әлеміне келгеннен бері оның шығармалары театр репертуары мен адамзаттың сұранысынан түскен жоқ. Оның әрбір туындысы – ғасырлар бойы уақыт пен ұрпақтар сынынан сүрінбей өткен асыл жауһарға айналды. Көрерменнің көзайымына айналған пьесалары күні бүгінге дейін адамдарға ой салып, әр дәуірдің жүрегіне жаңғырып еніп, адамзат санасына үнемі жаңа бір қырынан сәуле шашып келеді.
Жақында Шымкент сахнасына Уильям Шекспирдің ұлы трагедиясы – «Король Лир» қойылды. Бұл – жай ғана қойылым емес, бұл – ғасырлардан жеткен адам болмысының қасіретті күйін қайта тірілткен ұлы шығарма. Қазақ өнерінің киелі сахнасында Шекспирдің туындылары әрдайым асқақ орынға ие болды және әрбір театрдың репертуарында оның шығармалары мәртебелі орын алды. Бүгінге дейін қазақ театрларының ешбірі Шекспирден аттап өткен емес. Енді, міне, Шымкентте де сол алтын арқау өз жалғасын тапты. Қалалық әкімдіктің қолдауымен құрылған Жастар театры жаңаша серпінмен, рухты жаңғыртқан жобаларымен Шымкент мәдениетінің жаңа дәуірін бастады. Қарапайым тілмен айтқанда, осындай әйгілі шығарманың шаһар театрында қойылуы қала мәдениеті мен өнеріне жаңа леп әкеліп, қала мәдениетінің жаңа тынысын ашты.
Театрдың жас актерлері өнердің ұлы мектебіне аяқ басып, өз шығармашылық тағдырларын осы сахнада шыңдауға асық. Олар үшін бұл тәжірибе – тек кәсіби қадам ғана емес, рух пен жанның үлкен сынағы. Театр басшысы Сержан Құттыбаев бастаған ұжым арнайы сахнасыз жұмыс істей отырып-ақ өз өнерімен мыңдаған көрерменнің жүрегіне жол тауып үлгерді. Олар сахнаның шымылдығын Болат Ұзақовтың «Жан дауа» қойылымымен ашса, енді міне, өнердің шыңына – «Король Лирдің» ұлы трагедиясына қол созды. Бұл қойылым – қалалық рухани өмірдің шоқтығы биіктеген сәті болды.
Өткен аптада орыс драма театрының ғимараты адам нөпіріне толды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Ахманов сынды зиялы азаматтар да бұл тарихи оқиғаның куәсі болды.
Бір сәт театрда көрермендердің тылсым тыныштығы орнап, сахнада – адам болмысының қопарылып, қақыраған тұңғиық трагедиясы өрбіді. Көрермен залындағы сиқырлы тыныштық астында көрермендер тек бір спектакльдің емес, тұтас адам болмысының сейсмикалық күйреуінің куәсіне айналды.
Қараңғы сахна. Аспан түнеріп тұр. Жел гуілдеп, сонау көне патшалықтың сарайы салтанатты үнмен тербеліп тұрғандай. Сахнаға қартайған Король Лир шықты. Үстінде алтынмен апталған шапан, бірақ көзінде – күмән, көкірегінде – биліктің ауыр жүгі тұр. Тақ алдында үш қызы. Әсем киінген, сәні мен салтанаты жарасқан үлкен қыздары – Гонерилья мен Регананың әдемі жанарларында бір сұмдық жасырынған еді. Ал Корделия махаббатты айқайламай, жүрегімен сезінеді. Сол сәтте-ақ, адамзат тарихындағы ең ұлы адасу басталып кетті. Биліктен шаршаған патша махаббатты өлшемек болды. Адам жүрегінің шынайы сезімін сөзбен саудалауға тырысты. Осы аңғал сұрақ, осы өлшеусіз ақымақтық бүкіл трагедияның сейсмикалық аласапыранын бастап берді. Билікке масаттанған тәкаппарлық пен шынайылыққа соқыр болған мақтаншақтық ақыры патшаның тағдырын ғана емес, бүкіл әлемнің тағдырын күйретті. Алғашында сахнада асқақ патшадай айбаттанып көрінген Лирдің астарынан біз тәкаппарлықтың жұқа пердесін сеземіз. Оның махаббатты өлшенетін тауардай талап етуі – өмір бойы шексіз бағынуға үйренген адамның ішкі осалдығын паш етеді. Гонерилья мен Регананың тәтті тілмен айтылған өтірік сөздері мұздай есеппен құйылған у секілді аңғал патшаның ақыл-есін балқытып, олардың тойымсыз құмарлығын бүркемелейді. Ал ең кенже қызы Корделияның адал және үнсіз қарсылығы – бұл алапат апаттың шынайы отын тұтатқаны секілді.
Дауыл аспанда ұлып, найзағай шартылдап жатқанда, патшаның санасы да бөлшектеніп, оның асқақ тұлғасы жанайқайға айналып еріп кетеді. Сахналық шешімдер – өткір жарық, күн күркіреткендей дыбыстар және ауаның өзі де ғарыштық ашумен толысып, әртістердің өз кейіпкерінің әлеміне еніп кеткені соншалық, Лир мен оның айналасындағы адамдардың ішкі жан дүниесінің аласапыранын көрнекі түрде бейнелейді. Бұл жерде тек патшалықтан айырылған адамды емес, бүкіл әлемнің қатыгездігі мен бейжайлығына тап болған, бар болмысымен жалаңаш қалған адамды әдемі көрсетті.
Глостер мен оның ұлдары төңірегіндегі параллельді желі Лирдің қасіретін жан түршігерлік дәлдікпен қайталайды. Эдмундтың сатқындығы мен Эдгардың шынайылығы – адам табиғатындағы жарық пен қараңғылықтың мәңгілік шайқасы іспетті көрініс тапты. Шекспирдің поэзиясы биіктеп көтеріліп, қайтадан күркіреп төмен құлап отырады. Корделияның лирикалық нәзік сөздерінен Лирдің адасқан сандырақтарына дейін, кейде өткір, қатыгез қара сөздермен өріледі. Шут, сайқымазақ бейнесіндегі кейіпкер, өзіне тән ащы әзілдері арқылы оқиғаның ең қаралы өзегіне дәл тиіп, көрерменнің санасына терең ой тастайды.
Бұл қойылым көрермендердің жүрегін сілкінтті. Лирді сомдаған актер эмоциялық апаттың барша шырғалаңынан шебер өтті. Ол асқақ билеушіден үмітсіздік пен ессіздікке ұшыраған бейшараға айналу процесін үрейлі шынайылықпен көрсетті. Гонерилья мен Регананың рөлдерін сомдаған әртістер мұздай қатігездігімен тәнті етсе, Корделияның үнсіз қайсарлығы айналаны қараңғылық басқан шақта шырақтай жарқырата алды.
Шекспирдің «Король Лирі» – жойқын, ішкі тереңдіктен шыққан күшпен сахналанып, көрермендерді демін ішінен алып, бір кездегі асқақ патшалық пен құдіретті ақылдың қираған жұрнақтарына жанталаса жармасқан күйде қалдырып отырды. Қойылымның финалы, бірінен соң бірі өрбіген өліммен аяқталып, бізді түбегейлі есеңгіретіп тастайды. Мұнда жеңіл әрі жұбатарлық кешірім де, тыныштық табу да жоқ. Керісінше, біз адамзаттың қайғы-қасіретімен, тәкаппарлық пен аңғалдықтың апатты салдарымен және ойсыраған күйде де сөнбейтін адалдық пен сүйіспеншіліктің мәңгілік қуатымен бетпе-бет қаламыз.
Сол себепті де «Король Лир» – жай ғана трагедия емес; бұл биліктің нәзіктігін, алдаудың жанды жейтін табиғатын және адамның ең күйреген сәттеріндегі рухының тозбас күші туралы ащы әрі шынайы зерттеу десек те болар еді. Иә, көркем өнер – адам жанының ең терең қатпарларына үңілетін шебердің қолындағы құрал іспетті. Театр сахнасы сол өнердің шыңы десек, Шекспир трагедиялары – сол шыңдағы мәңгілік бәсеңсімес жаңғырық үні. Солардың бірі әрі бірегейі – «Король Лир». Адам болмысының ең шынайы, ең қайшылықты қырларын бейнелейтін ауыр да мәнді туынды. Ал драматург қаламынан туған сөздің қуатын көрермен жүрегінің түбіне жеткізіп, сана биігіне шығаруы режиссердің ойынан туған сахналық шешім, актердің жанкешті ойынына байланысты. Себебі актерлік шеберлік – жүректі қозғайтын үн. Әр актер өз тағдырын ойнағандай, әр сөзінде жүрек үнін жеткізетін рухани күрестің символы. Ол патша ғана емес, барлық ата-ана, барлық пенде, барша адамзаттың бойындағы ескірген даналық пен жасқаншақ сенімнің көрінісін суреттеп беруге тиіс.
Мәселен, қартайған Лир патша – өз билігі мен байлығын қызына бөліп бергісі келетін, бірақ ол үшін шынайы махаббаттың өлшемін сөзбен пішпек болған билік иесі. Осы бір шешім – сахнаның өзегіне айналатын трагедиялық бұрылыс нүктесі. Қойылымда Лирдің адасуы, қыздарының екіжүзділігі, адалдық пен опасыздық, зерде мен жындану, тәкаппарлық пен тәубеге келу бір арнада тоғысып, көрерменге философиялық ой тастайды. Қойылымның ең басты тағылымы – адам баласының дүние мен билік алдындағы әлсіздігі, шынайы махаббаттың сатып алынбайтын қасиеті, сенім мен адалдықтың бағасын ұғыну. Сахналық қойылым – жан дүниеге ой салатын сабақ, рухты жаңғыртатын дүние. Театр өнерінің мәңгілік айнасына айналған бұл туынды адам баласының өзіне, өз болмысына қарауына, қайшылықты өмір шындығын түйсінуге жетелейді. Әр көрерменге әсері бөлек, себебі әр жүрек өзінше Лир, өзінше Фулио, өзінше Корделия…
Спектакль патшаның адасуы ғана емес, адам баласының өз жанын, шынайы махаббат пен адалдықты түсіну жолындағы күресін көрсетеді. Биліктегілерден бастап қарапайым адамға да ақиқаттың ара-жігін анықтауға үндейді. Осы күні ақиқаттың аражігін ажырата алмай жүрген адамнан бастап ел басқарып жүргендер де халықтың қолдауын, сүйіспеншілігін іспен емес, сөзбен ғана дәлелдеуді талап етеді. Дәл Лир секілді, кейбір басшылар айналасындағылардың мадақ сөздеріне еріп, шынайы сын мен адал кеңесті қабылдай алмайды. Нәтижесінде, жалғандықтың құрбанына айналып, ақиқаттан алыстайды. Лир өзінің адал кеңесшісі Кентті қуып шықты, шындықты айтқан Корделиядан бас тартты. Гонерилья мен Реган сынды жағымпаздар – бүгінгі саясат сахнасында да жетерлік. Олар шынайы емес, өз пайдасы үшін ғана адалдық танытатын адамдар. Демек, бұл туынды – көзбояушылық пен ақиқаттың мәңгілік күресінің көрінісі.
Иә, «Король Лир» – кез келген замандағы басшының адамдық шегін, билікке деген көзқарасын, ақиқатпен қарым-қатынасын ашып беретін айна. Бұл – саясат пен адамгершілік арасындағы нәзік байланысты көрсететін мәңгілік трагедия. Сондай-ақ, бұл ата-ана мен бала арасындағы нәзік байланыстың жібін көрсетеді. Ата-ана махаббатын бағалаудың, өз борышын шынайы атқарудың маңызы бұл шығармада тереңінен ашылады. Себебі, Лир патшадан әр адамның өз бойындағы тәкаппарлықпен, сенімсіздікпен, қорқынышпен күресін көреміз. Пьесадағы қайғы мен сатқындық сахналық көрініс қана болғанымен, әрбір жүрекке таныс, әр дәуірге ортақ. Лирдің басынан өткен азап – адамзаттың өмір жолындағы адасулар мен өкініштердің бейнесі. Ал Корделияның үнсіз адалдығы мен Кенттің шексіз беріктігі — жоғалып бара жатқан, бірақ, ең қымбат адами құндылықтардың символы, үміттің соңғы шырағы, қара түнектің ішіндегі сөнбес жарығы. Гонерилья мен Реганның опасыздығы болса, адамның ішкі қараңғылығының, тойымсыз нәпсінің айнасы. Әрбір көрініс, әрбір сөзбен сахна тітіркеніп, залдың әрбір жүрегіне Лирдің үні жетті. Бұл қойылым бізге билік – өткінші, байлық – алдамшы, тек шынайы махаббат пен адалдық қана уақыттың сынынан өтетінін меңзеп бергендей. Шекспирдің бұл шедеврі адамзат туралы ең ауыр, ең шынайы ақиқаттың көрінісін осылай суреттеп берді.
Алдағы уақытта Шымкент Жастар театры көрермендерге Т.Миннулиннің «Диляфруздың төрт күйеуі», «Әнім сен едің…» музыкалық композициясы, М.Хасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар» сынды жаңа туындыларды ұсынбақ. Сонымен қатар, М.Шахановтың «Сенім патшалығы», «Отырардың күйреуі», Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» ертегісі және «Шығыстың шайырлары» сынды жоғары көркемдік деңгейдегі шығармалары да көрерменге жол тартады. Жалынды жастардың өнер айдынындағы белесі театрды тәрбиенің ордасына айналдырып жатса, құба құп.
Жадыра МҮСІЛІМ