Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Миллионнан астам тұрғыны бар шаһарда сапалы медициналық қызмет пен халық денсаулығын қорғау ісі — маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта үздіксіз еңбек етіп келе жатқан мекемелердің бірі — №2 қалалық аурухана.
Қаладағы ең ірі емдеу мекемелерінің бірі саналатын бұл аурухана бүгінде заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған, түрлі бағыттағы салалық бөлімшелерді біріктірген ірі кешенге айналды. Мұнда тәулігіне жүздеген науқас қабылданып, жедел медициналық көмек көрсетіледі.
Әсіресе, хирургия бөлімінің ұжымы – адам өмірі үшін күрестің алдыңғы шебінде жүрген мамандар. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда цифрлы рентген, ангиограф, лапароскопиялық аппараттар бар. Қалада ангиограф аппараты бар тек екі мекеме болса, соның бірі осы орталықта. Бұл — дәрігерлерге күрделі операцияларды жоғары дәлдікпен, қауіпсіз түрде жасауға мүмкіндік береді.
Хирургия – бұл тек операция ғана емес, науқастың тағдырына араша болу ісі. Мұндағы дәрігерлер үшін әр күн – сынақ, әр сәт – шешуші сәт.
«Біздің басты міндетіміз – науқасты аман алып қалу»
Бөлімшеде қазіргі таңда 10-нан астам жоғары санатты хирург, мейірбикелер мен анестезиологтар, реаниматологтар қызмет етеді. Әрқайсысының артында жүздеген сәтті ота, мыңдаған алғысқа толы тағдыр бар. Олар күн демей, түн демей науқастың жанынан табылып, әр операцияның артында тұтас бір отбасының үміті бар екенін жақсы сезінеді.
– Біздің басты мақсатымыз — әр науқастың өмірін сақтап қалу. Сондықтан бізге сеніп келген әрбір адам үшін бар біліміміз бен тәжірибемізді саламыз Мұнда тәулігіне 25–30 адам қабылданады, оның 10–12-сіне ота жасаймыз. Бұл – үлкен жауапкершілік, бірақ біздің ұжым соған сай еңбек етіп келеді. Хирург болу – жай мамандық емес. Бұл – жүрек таңдауы. Хирург болу – тек ептілік пен батылдық емес, ең алдымен жүректің мейірімі. Ең алдымен науқасқа біздің жылы сөзіміз керек. Жұмсақ қолымыз керек. Біз ауырған адаммен бірге ауырып, бірге жазыламыз. Күніміз де, түнiмiз де осы ауруханада өтеді. Уақытпен емес, адам өмірімен өлшенетін жұмыс бұл, — дейді бөлім меңгерушісі Серік Жолдасов.
Бұл орталық тек өз мүмкіндігімен шектелмей, халықаралық тәжірибені де үздіксіз енгізіп келеді. Мұнда шетелдік мамандар жиі келіп, шеберлік сабақтарын өткізеді, ал, өз дәрігерлеріміз Түркия, Германия, Оңтүстік Корея сияқты елдерде біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасып қайтады. Хирургия бөлімшесі тек дәстүрлі оталармен шектелмей, бүгінде әлемдік медицинаның жаңа бағыты — бариатриялық хирургияны қолға алды. Бүгінге дейін өмір үшін күресіп келген хирургия бөлімі енді эстетикалық оталар бағытында жаңа белеске қадам баспақ. Бұл – тек сұлулық емес, адамның өзіне деген сенімін арттыратын маңызды сала. Ақ халатты жандар келешекте бұл бағытта да талай жаңалық енгізуге ниетті.
– Артық салмақ – бүгінде өзекті мәселе. Бұл тек сыртқы келбет емес, адамның жалпы денсаулығына тікелей әсер ететін жағдай. Бізде бариатриялық оталар жасала бастады, оған сұраныс өте көп. Бұл күрделі оталар семіздік пен қант диабетіне шалдыққан науқастарға жасалынады. Ота кезінде үлкейген асқазанның мөлшері кішірейтіліп, тікелей аш ішекке жалғанады. Нәтижесінде науқастардың салмағы қалыпқа келіп, зат алмасу процесстері тұрақталады. — дейді Серік Құралбекұлы.
Аурухана көпбейінді болғандықтан, қажетті барлық мамандар осында шоғырланған. Бұл — науқастарға уақыт үнемдеп, бір орталықтан кешенді көмек алу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар аурухананың басқа ауруханалармен үнемі байланыста. Әсіресе Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығымен тығыз байланыста.
– Бізде барлық жағдай жасалған. Телемедицина жақсы дамыған. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығымен тығыз байланыстамыз. Күрделі науқас түссе, бірден кеңес ала аламыз. Бұл – сапалы ем мен шұғыл шешім қабылдауға жол ашады. Соңғы жылдары дәрігерлерді алаңдатып отырған бір жайт – аурудың жасарып бара жатқаны. Бұрын орта жаста кездесетін сырқаттар қазір жастар арасында жиі ұшырасады. Асқазан-ішек жолдарының, өт-тас пен қант диабетінің белгілері енді жиырма бес отыз жастағы азаматтардан да байқалып жүр. Мұның басты себебі – дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы мен өзін-өзі емдеуге әуестік. Уақтылы тексеріліп, маманға сенім артса, дертті асқындырмай емдеуге болады. Кейбірі тіпті жарнамадағы “өт тасын ерітеміз” деген емшілерге сеніп, ауруын асқындырып алады. Сол себепті ота жасау күрделене түседі, ем ұзаққа созылады. – дейді бөлім меңгерушісі.
Ғұмырын адамдарға арнаған дәрігер
Хирургия бөлімшесінің табысты жұмысында аға буын дәрігерлердің еңбегі ерекше. Солардың бірі — Алмабаев Сағи Бекбауұлы. Ол – жоғары санатты хирург, медицина саласының ардагері. Сағи аға 1988 жылдан бері хирургия саласында үздіксіз еңбек етіп келеді. Оның кәсіби жолы Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасынан басталып, бүгінде аурухананың хирургия бөлімінде жетекші хирургі ретінде жалғасуда.
2011 жылы қалада жедел-хирургиялық көмек төсек-орындарының жетіспеушілігіне байланысты Фосфоршылар ауруханасында жедел хирургия бөлімі алғаш рет ашылды. Бұл іске Сағи Бекбауұлының қосқан үлесі зор еді. Бұл бастама қаланың жедел хирургия саласындағы тапшылықты шешіп, мыңдаған науқастың дер кезінде ем алуына мүмкіндік берді.
– Ол кезде науқастар саны көбейіп, шұғыл көмек қажет адамдарға орын жетіспей жатты. Сол уақытта жаңа бөлімше ашу қажеттілігі туындады. Осы бастаманы жүзеге асыру – менің өмірімдегі ең үлкен кәсіби жетістігім деп санаймын. Хирургия – менің тағдырым. Әр операция – өмір мен өлімнің арасындағы жауапты сәт. Сол сәттерде дәрігердің жүрегі де, ақылы да бірге жұмыс істеуі керек, — дейді ол.
37 жылдан астам тәжірибесі бар дәрігер – «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Алтын дәрігер» медальдарының иегері. Мыңдаған адамның өміріне араша болып, талай шәкірт тәрбиеледі. Жұбайы Махаббат Омарханқызы да дәрігер-терапевт, «Күміс алқа» иегері. Бүгінде зейнеткер. Сағи ағаның отбасында дәрігерлер әулеті өсіп келеді. Ұлы Байдібек Сағиұлы, әке жолын жалғап, бүгінде хирургия саласы бойынша резидентурада оқып жүр, әрі ауруханада тәжірибеден өтуде.
– Covid-19 кезінде ұлым санитар болып жұмыс істеді. Сол кезде нағыз дәрігердің жауапкершілігін өз көзімен көрді. Қазір осы бөлімде қосымша жұмыс істеп жүр. Енді сол баламның отаны өз қолымен жасап тұрғанын көру – мен үшін ең үлкен мақтаныш, – дейді Сағи аға.
Инсульттан кейін де үміт бар
Адам өмірінде табан астында бәрін өзгертіп жіберетін кей сәттер болады. Бір мезетте сөйлей алмай, қозғала алмай, өзіңді танымай қалу… Инсульт — дәл сондай қас-қағым сәтте соғатын қауіп. Бірақ, қазір мұндай дерттің алдында дәрменсіздік емес, үміт бар. Сол үміттің мекені – аурухананың инсульт орталығы.
Бұл орталықтың іргесі 2021 жылдың 15 наурызында, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №809 бұйрығына сәйкес қаланған. Мақсаты – неврологиялық аурулармен ауыратын науқастарға жедел әрі сапалы көмек көрсету. Бүгінде орталық – заманауи медицина жетістіктерін толық енгізген, жаңа үлгідегі 30 төсектік бөлімше. Оның ішінде 24 төсек – ерте оңалтуға, 6 төсек – жансақтау бөліміне арналған. Инсульт орталығы аурухананың бас корпусының бірінші қабатында орналасқан. Мұнда бәрі – уақыт пен өмір арасындағы жарысқа бейімделген.
Компьютерлік томография, ангиограф, УЗДГ, цифрлы рентген, Philips Azurion 7 В20/15 ангиографиялық аппараты – барлығы да науқас жағдайын жедел анықтап, бірнеше минут ішінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл – медицинадағы ең маңызды қағида «уақыт = өмір».
– Орталық дәрігерлері тәулік бойы еңбек етеді. Олар – мидың нәзік жүйесіне араласып, адамға өмірдің екінші мүмкіндігін сыйлайтын жандар. Мұнда инсульттің екі негізгі түрі – геморрагиялық және ишемиялық инсульттер емделеді. Әрбір жағдай жеке тәсілді талап етеді. Ишемиялық инсульт кезінде стент-ретривермен тромбты алып тастау, тромбэктомия, стенттеу сияқты жоғары технологиялық операциялар жасалады. Ал геморрагиялық инсульт кезінде гематоманы эндоскопиялық немесе ашық әдіспен алу, қан айналымын қалпына келтіру, жергілікті фибринолиз тәсілдері қолданылады. Бұл – тек техникалық жетістік емес, адам санасына, сөйлеуіне, қозғалысына қайта жол ашу. Себебі инсульттің салдары – тек денеге емес, жан дүниеге де соққы, – дейді инсульт оратлығының меңгерушісі Руслан Тастанбеков.
Кешенді оңалту – өмірге қайта оралу жолы
Инсульттан кейінгі алғашқы үш ай – шешуші кезең. Сондықтан орталықта ерте оңалту бөлімі ерекше рөл атқарады. Мұнда логопед, ЕДШ нұсқаушысы, реабилитолог және психиатрдан тұратын мультидисциплинарлық топ жұмыс істейді. Олар тек денені ғана емес, адамның ішкі сенімін де қалпына келтіреді. Әрбір жаттығу, әрбір қимыл – қайта өмірге қадам. Ал дәрігерлер үшін әрбір қимыл – өз еңбегінің нәтижесі.
Бүгінде дәрігерлердің жиі айтатыны – «ауру жасарып келеді». Бұрын инсульт тек 60–70 жастағы адамдарда кездессе, қазір 30–40 жас аралығындағы жастар арасында да жиі тіркелуде.
Күнделікті күйзеліс, жүйкенің тозуы, гаджетке тәуелділік, ұйқының аздығы мен қозғалыстың азаюы – бәрі біртіндеп жүйке жүйесін әлсіретіп, қан тамырларын жұқартады. Сондықтан дәрігерлер жастарға өмір қарқынын баяулатуды, денсаулығына көңіл бөлуді ескертеді. «Ең қымбат нәрсе – уақытың емес, денсаулығың» дейді олар.
Бұл орталықта еңбек ететін мамандар – тек дәрігер емес, нағыз өмір сақшылары. Олар заманауи техникамен жұмыс істеу үшін шетелдік орталықтарда білімін жетілдіріп келген. Тәжірибенің, технологияның және жүректің үйлесімі – осы орталықтың басты ерекшелігі. Мұнда ақ халат кию – міндет емес, ант. Әрбір дәрігердің көзінен кәсібіне деген құрмет пен адам өміріне деген жауапкершілікті көруге болады.
Инсульт орталығы – заманауи медицинаның ғана емес, үміттің символы. Бұл жерде дәрігер мен техника, тәжірибе мен адамгершілік, білім мен мейірім түйіседі. Күн сайын мұнда бір адамның көзі ашылып, бір адамның қолы қайта қимылдап, бір адамның үні қайта естіледі.
Бәлкім, бұл жай ғана аурухана болып көрінер. Бірақ оның қабырғасында өмір үшін күрестің ең шынайы сахнасы жүріп жатады. Ал сол сахнада басты кейіпкерлер – ақ халатты абзал жандар. Шымкент қаласындағы №2 қалалық аурухана өмір мен өлімнің арасындағы нәзік сәттерді жеңіп шығатын кәсіби ұжым. Мұнда технология да бар, мейірім де бар, жанқиярлық та бар. «Адам өмірі — басты құндылық» — бұл бөлімшенің де, онда ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан дәрігерлердің де өмірлік ұраны.
Аурухананың тұрақты дамуы мен ұжымның ынтымағы үшін аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позиловтың қолдауы зор. Бақытжан мырза әрдайым: «Не қажет болса, соны алып берейік, тек халық үшін адал қызмет етіңдер» дейді. Осындай басшылық қолдауы – біздің басты күшіміз, – дейді дәрігерлер.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА