Редакция таңдауы

Адам құқы – басты құндылық

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Адам құқықтарының қағидалары ұлттық деңгейде Конституцияда (ҚР Конституциясы, 10-39 баптар) және заң актілерінде (мысалы, Азаматтық Кодексте, Қылмыстық Кодексте, жарлықтарда, арнаулы заңдарда) қарастырылады. Халықаралық деңгейде адам құқықтарын қорғау, ең алдымен, адам құқықтары жөніндегі халықаралық билльде негізделген: оған Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы (10.12.48), Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакті (12.12.66), Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті (19.12.66), Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің факультативтік хаттамалары енеді.

Адам құқықтарының жекелеген аспектілері халықаралық конвенцияларда көрініс тапқан. Олар адамның нақты құқықтарын немесе іргелі құқықтарын қорғауға: нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жоюға, адамды кепілдікте ұстауға қарсы күресуге, азаптауға тыйым салуға, апартеидтік қылмыстардың жолын кесіп, ол үшін жаза белгілеуге, т.б. бағытталған.

Енді азаптаудан босату құқығына келсек, азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалар – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты – азаптаудың алдын алу бойынша жұмыстың белсенді қатысушысы және көп жағдайда заңнамалық актілерге азаптаулардың алдын алу бөлігінде түзетулер енгізудің бастамашысы.

Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалар бойынша арыз шағымдарды қарайды. Бұл ретте, 2025 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілімен (әрі қарай-өкіл) Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комтитетінің түзету мекемеде (әрі қарай – түзету мекеме) жазасын өтеуші сотталған А. азамат, осы түзету мекеме қызметкерлерімен оны ұрып соққыға жықты деген уәждері бойынша жазған арызы қаралды.

Өкіл, аталған арызды қарау барысында, аталған түзету мекемеге барып сотталған азамат А.-ны жеке қабылдады. Жеке қабылдау кезінде, сотталушы А. 27.03.2025 жылы түзету мекемедегі жедел уәкілдердің қызмет бөлмесінде жедел уәкілдер ұрып соққыға алғанын, осыған байланысты заңды шешім қабылдауға ықпал етуін сұранып жазбаша қосымша арыз келтірді.

Арызды қарау барысында, 27.03.2025 жылы сотталушы А.-ны ұрып-соққан күні түзету мекемесінің әкімшілігіндегі жедел уәкілдердің қызмет бөлмесіндегі бейнебақылау камерасы белгісіз себептермен өшірілуі тұрғаны анықталды.

Жоғарыдағы фактілер, бейнебақылау аясынан тыс алаңда орын алғаны, жұмыс істемей тұрған бөлмеде сотталушының жедел уәкілдер ұрып-соқты деген уәжбен жазылған арыз-шағымның туындауы, тікелей түзету мекемесі бастығының бақылауынан тыс қалғанын байқататынын негізге алып, ҚР ІІМ ҚАЖК Түркістан және Шымкент қаласы бойынша департаментіне 25.04.2025 жылы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы Конституциялық заңның 16-бабына сәйкес ұсыныс келтірді.

Келтірілген Ұсыныс негізінде, бес жауапты қызметкерге, оның ішінде түзету мекеменің бастығына қатысты тәртіптік шаралар қолданылды. Қазіргі уақытта арызданушының бұзылған құқы қалпына келтірілді. Арыз толық көлемде қанағаттандырылды және арыз иесіне психологиялық көмек көрсету мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілдігі сотталғандардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу, мекемелерде заңдылық пен адамгершілік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жұмыстарын жалғастыра береді. Осы оқиға – құқықтық бақылау тетіктерінің мейлінше күшейтілуі қажет екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Өкілдік тарапынан бұл бағытта қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту, бейнебақылау жүйелерінің жұмысын тұрақты мониторингілеу және сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша нақты жоспарлар қабылданды.

Қоғамдық сенім мен жүйелі бақылау – құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізі. Бұл оқиға – еліміздегі түзеу мекемелерінде азаматтардың құқықтарының бұзылуы әлі де болса өзекті мәселе екенін көрсетеді. Сонымен қатар, мұндай фактілердің ашық қаралуы, жедел әрекет ету және кінәлілердің жауапқа тартылуы – елімізде заң үстемдігі мен әділдіктің сақталуына деген нақты қадамдар жасалып жатқанын білдіреді.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Шымкент қаласы бойынша өкілдігі алдағы уақытта да осындай заң бұзушылықтарға жол бермеу үшін жүйелі түрде қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізуді, прокуратура және ішкі істер органдарымен тығыз ынтымақтастықта болуды жалғастырады.

Сотталған азаматтардың да құқын ескеріп, оларды қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Ашықтық, әділеттілік және адамгершілік қағидаттарын ұстану арқылы ғана біз құқықтық мемлекет құра аламыз.

 

Н.АБДЕЗОВ,
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары
жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі

Соңғы жаңалықтар