Ел Конституциясының қабылданғанына биыл 30 жыл. Осы уақыт ішінде бұл құжат адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мызғымас тетігіне айналды. Өйткені, демократиялы қоғамда құқық үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілік ел дамуының басты қағидасына айналуға тиіс. Қоғамда әділдікті орнықтыру мен әрбір азаматтың құқығын қамтамасыз етудің өзекті бағыты, сотталған әйелдердің ахуалы, қылмыстық-атқару жүйесінің түйткілдері мен оны ізгілендіру тетіктері жайлы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан АБДЕЗОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Соңғы Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам үшін аса өзекті мәселелерді көтерді. Әсіресе, әйелдер колониясындағы жағдайға тоқталуы көпшілікті ойландырды. Осы алқалы басқосудың маңызын қалай бағалар едіңіз?
– Биыл 14 наурызда Бурабайда өткен IV Ұлттық Құрылтайда елдің ертеңі үшін істелуге тиіс біраз мәселе айтылды. Сондықтан бұл жолғы басқосу айрықша мәнге ие жиын болды. Президентіміз бірнеше бағытқа назар аударды. Ең алдымен әлеуметтік тұрақтылық мәселесін көтеріп, ҚҚС мөлшерін қайта қарау қажеттігін айтты. Бұл әлеуметтік мемлекет ретінде бюджет міндеттемелерін орындаудың бір тетігі екені сөзсіз. Алайда артық шығындарды қысқартып, көмекті тек шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттау талабы қойылды. Сондай-ақ қоғамдық басқару саласында ауыл, аудан, облыс әкімдерін, депутаттарды тікелей сайлау тәжірибесінің кеңейіп келе жатқаны айтылды. Мұның өзі еліміздегі демократиялық дәстүрдің жаңа белесі. Ал уақыт белдеуіне қатысты Президент біртұтас уақыт таңбасын қабылдау қажет екенін айтып, бұл тақырыпты түбегейлі жабуды ұсынды.
Әйелдер колонияларындағы жағдайға қатысты айтқан ойлары да көпшіліктің көкейінен шықты. Президент түзеу мекемелерінде жазалау емес, түзету қағидатын басшылыққа алу керектігін қадап айтты. Сотталған әйелдердің еңбек, тұрмыс, медициналық жағдайлары, ана болу құқығы сақталуға тиіс екенін ерекше атап өтті. Өйткені, әділетті қоғамның негізі адам құқығын қорғауда жатыр. Осыған байланысты жауапты органдарға құқық қорғау мен әлеуметтік бейімдеу тетіктерін күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бұл мәселе Құрылтайдың басты тақырыптарының бірі болған әлеуметтік әділеттілік пен адам құқықтарын қорғау аясында көтерілгенін білесіздер.
– Сіз жуырда Шымкенттегі әйелдер колониясына барып, жағдайды көзіңізбен көрдіңіз. Темір тордың арғы жағындағы жандардың ахуалы қалай?
– Иә, біз жақында Шымкенттегі ҚАЖД-нің №78 әйелдер колониясына барып, сотталғандардың тұрмыс жағдайымен, тамақтану сапасымен, медициналық қызметпен таныстық. Бұл мекеме, өкінішке қарай, халықаралық талаптарға сай келмейді. Атап айтқанда, БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған «Бангкок ережелері» мен «Нельсон Мандела ережелері» деңгейіндегі стандарттар орындалмай отыр. Себебі сотталғандар жазасын әбден тозған ғимараттарда өтеп жатыр. Мекеме 1967 жылдан бері жұмыс істейді, қабырғалары мен мұнаралары апаттық жағдайда тұр. Санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмаған, қарапайым жеке бас гигиенасы мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқтың қасы. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, бұл ғимарат санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға мүлде сай емес.
Дегенмен қазір мекемеге қатысты нақты шаралар қолға алынып жатыр. Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп №78 мекемені қала аумағынан шығарып, жаңа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесін салу үшін жер телімі ұсынылды. Қазір құрылыс компаниясы жобаны әзірлеуге кірісті. Себебі бұл уақыт талабынан туындап отырғанын көріп отырмыз. Әрине, мекеме ішінде күн тәртібі заңға сәйкес белгіленген. Дегенмен тұрмыс сапасы, медициналық қызметтің қолжетімділігі, психологиялық қолдау мәселелерінде әлі де айтарлықтай жетілдіру қажет. Кейбір ғимараттардың санитарлық ахуалы сын көтермейді, медициналық пунктте дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті емес. Мұның бәрі шұғыл шешімді қажет ететін мәселе екені рас.
– Мемлекет басшысы «Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты – сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету» дегенін білесіз. Жалпы, «түзету» дегеннің ауқымы қандай?
– Президентіміздің бұл пікірін толық қолдаймын. «Түзету» ұғымының ішінде бірнеше маңызды ұғым бар. Ең алдымен, бұл қылмыс жасаған адамды қоғамнан мүлде тысқары қалдырмай, қайтадан ортаға бейімдеуге бағытталған процесс. Мұнда бірнеше міндет қатар жүзеге асады. Біріншіден, қайта тәрбиелеу – сотталған адамның адамгершілік қасиеттерін дамыту, заңға, еңбекке, қоғамға деген оң көзқарас қалыптастыру. Екіншіден, қоғамға бейімдеу – жаза мерзімі аяқталған соң, азаматтың қайтадан толыққанды өмір сүре алуы үшін оны әлеуметтік ортаға бейімдеу. Үшіншіден, құқық бұзушылықтың алдын алу – түзету арқылы сотталғанның қайта қылмыс жасамауына жағдай жасау. Төртіншіден, еңбек пен тәртіп арқылы тәрбиелеу – жаза өтеу барысында еңбекке тарту, тәртіпке баулу арқылы оң өзгерістерге қол жеткізу.
Осы айтылғандай, бұл жұмысқа еңбекпен тәрбиелеу, білім беру, кәсіби даярлық, психологиялық және әлеуметтік қолдау, қоғамдық пайдалы іс-шараларға тарту, жеке тәрбие жұмыстары кіреді. Қазақстанда сотталғандарды түзету Қылмыстық-атқару кодексі мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. Мұнда ең бастысы, адамның құқығын сақтауға назар аударылғаны маңызды болып отыр. Себебі жаза азаптау немесе қорлау емес, қайтадан өмірге бейімдеу жолы болуы керек.
– Жөн ғой. Десе де соңғы уақытта әйелдер колониясындағы жазасын өтеушілердің жағдайы туралы жиі айтылып жүр. Ондағы тәртіп қаншалықты қатаң бақыланады?
– Бұл бағытта арнайы заңдық негіздер бар. Сотталғандардың барлығына бірдей талап қойылады. Әрбір сотталған мекемеге келген күннен бастап өз міндеттерімен таныстырылады. Тәрбиелік мәні бар алдын алу сұхбаттары жүйелі түрде өткізіледі. Сонымен қатар, сотталғандардың мінез-құлқы қатаң бақылауда ұсталып, нақты қадағалау жүргізіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бес жыл бұрынғы Жолдауында пенитенциарлық мекемелерді толықтай бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты бүгінде әйелдер колонияларында да заманауи бейнебақылау жүйелері орнатылған. Осының өзі қауіпсіздікпен қатар, заңдылықты сақтаудың кепіліне айналып келеді.
Бұдан бөлек, қылмыстық-атқару мекемелерінде сотталғандар үш мезгіл тағаммен қамтамасыз етіледі. Таңғы, түскі және кешкі ас күн тәртібіне сай белгіленген уақытта беріледі. Асханада жалпыға ортақ жағдай жасалған, ал камерада ұсталатындардың тамақтары бөлек жеткізіледі. Үш жылдан бері Шымкент пен Түркістан облысындағы ҚАЖ мекемелерінде тамақтандыру қызметін «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ұйымдастырады. Биылғы келісімшарт көлемі 109 263 000 теңге. Тағы бір айта кетерім, азық-түлік сапасы талапқа сай, күнделікті жеткізушілер қажетті көлемде жеткізіп тұрады екен. Нормада көрсетілген тағамдардан бөлек, дәрігердің нұсқауымен науқастарға қосымша диеталық тағам беріледі. Мысалы, бір сотталған әйелдің бір күндік тамағына жұмсалатын қаражат көлемі 1670,36, ал диеталық норма 2155,59 теңге.
Киім-кешекпен қамтамасыз ету жағы да заңда нақты белгіленген. Сотталған әйелдер мен кәмелетке толмаған қыздар мекемеге келген күннен бастап жасыл түсті арнайы нысанды киіммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ толық көлемде төсек-жабдықтар және қажетті киім-кешек беріледі. Биыл әйелдердің киіміне 7 239 923 теңге, төсек-жабдықтарына 1 408 638 теңге бөлініп, келісімшарттар жасалды. Қысқасы, нормаға сәйкес қамтамасыз ету міндетті түрде орындалады. Әр сотталған әйел бекітілген тәртіпке сай белгіленген үлгідегі нысанды киімді сақтап жүруге міндетті.
– Біздің қоғамда сотталған адамға қатысты жалпы көзқарас қалыптасқан. Сотталғандарды еңбекке баулу мен қоғамға бейімдеу қалай жүзеге асып жатыр?
– Соңғы жылдары бұл жұмыс жан-жақты жүргізіліп жатыр. Бүгінде жалпы мекемеде 207 сотталған жаза мерзімін өтеп отыр. Соның ішінде 101 сотталған жұмыспен қамтылған. Айталық, 25-і мекеменің шаруашылық қызметінде, 46-ы «Еңбек-Шымкент» РМК филиалының тігін цехында, бір сотталған «Еңбек-Шымкент» РМК филиалының асхана жұмысшысы, 22-і «Швейный мир КDM» ЖШС-де, 7-уі «Арын» тігін цехында жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, сотталғандардың уақытын тиімді пайдалану үшін «Жеңіл өнеркәсіп және сервис» колледжі кәсіптік білім беру сыныптары ұйымдастырылған. 2025-2026 оқу жылына «Модельер-пішуші» мамандығына 50 сотталған қабылданды.
– Құрылтайда жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар аналардың жағдайы ерекше айтылған еді. Шымкенттегі жағдай қандай?
– Бұл да өте орынды көтерілген мәселе болғанын білесіздер. Дегенмен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №78 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде жүкті және кішкентай балалары бар әйелдер ұсталмайды.
Елімізде әйелдер түрмелері үшін бөлек халықаралық стандарттар жоқ екенін де білесіздер. Алайда, әйелдерге арналған түзету мекемелері тұтқындарға, соның ішінде, әйелдерге қатысты халықаралық стандарттарға сай болуы керек. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лайықты жағдайлар мен әйелдердің құқықтарын құрметтеу,соның ішінде, тиісті тұрмыспен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім және кәсіптік білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету мәселесі бар.
Қолданыстағы заңнамада кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге бірнеше жеңілдік қарастырылған. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес, сот кәмелетке толмаған баласы бар әйелдің жағдайын жеңілдететін мән-жай ретінде қарастыруы мүмкін. Сонымен қатар, ҚК-нің 74-бабында жүкті әйелдер мен үш жасқа дейінгі баласы бар аналардың жаза өтеуі кейінге қалдырылуы ықтимал. Бұдан бөлек, пробациялық бақылау мен балама жазалар да қолданылады. Яғни, бас бостандығынан айырудың орнына шартты жаза, қоғамдық жұмыс немесе айыппұл тағайындалады. Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, баласы бар әйелдер ерекше санаттағы сотталғандар ретінде қарастырылып, жеңілдетілген режимге ауысу мүмкіндігіне ие болады.
– Президентіміз адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болатынын жеткізгенін білесіз. Осы пікірге алып-қосарыңыз бар ма?
– Кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты заңдық ұстанымдарды қайта қарау, ең алдымен, гуманизм қағидатына, отбасы институтын қорғауға және баланың мүддесін сақтауға негізделген қадам болар еді. Бұл бастама қылмыстық-атқару жүйесін адамгершілік тұрғысынан жетілдіру үшін аса қажет.
Қазіргі жағдайда бірнеше бағытқа назар аудару орынды деп санаймын. Біріншіден, жазаны барынша ізгілендіріп, үш жасқа дейінгі емес, баланың кәмелетке толуына дейін ананы түрмеге қамауды шектеу керек. Әсіресе жалғызбасты немесе бірнеше баласы бар аналарға балама жаза қолдану маңызды.
Екіншіден, үй қамақ, электрондық білезік, пробациялық бақылау сияқты альтернативті жазаларды кеңінен енгізу қажет. Үшіншіден, қылмыстық процестің өзінде ананың баламен бірге болуына мүмкіндік жасалып, ата-ана құқығы барынша қорғалуға тиіс. Төртіншіден, ананың қылмысы үшін бала зардап шекпеуі керек, сондықтан әлеуметтік көмек пен психологиялық қолдау тетіктерін күшейту міндет болып отыр. Бесіншіден, баласы бар әйелдерді қайта әлеуметтендіруге бағытталған арнайы оқыту, еңбекпен қамту және оңалту бағдарламалары тиімді нәтиже береді. Мұндай өзгерістер баланың мүддесін қорғауға, ана мен баланың арасындағы байланысты үзбеуге бағытталуға тиіс. Бұл тек заңгерлік мәселе емес, сонымен бірге әлеуметтік әрі гуманитарлық сипаттағы мәселе. Өйткені біз құқықтық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Ал заң ана мен баланы қорғауға жұмыс істесе, Конституцияда көрсетілген адам құқығы сақталып, жанашыр қоғамның шынайы келбеті көрініс табары сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Жадыра МҮСІЛІМ