Редакция таңдауы

ӘДЕБИ БАЙҚАУ ӨТКІЗІЛМЕК

Amanat партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда ұлт руханиятын көтеру, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселелері жан-жақты қаралды.

Жиында кеңес төрағасы, белгілі қаламгер Момбек Әбдіәкімұлы алдымен жас ақындар мен жазушыларға арналған әдеби байқаудың ережелерін талқылауды ұсынды. Байқау жас қаламгерлерді қолдау, жаңа есімдерді елге таныту және әдебиетке тың серпін беру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Amanat партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов байқау ережесімен егжей-тегжейлі таныстырды. Байқауға түсетін шығармалар «поэзия», «проза» және «балаларға арналған шығарма» жанрлары бойынша іріктелетінін хабарлады. Байқауға 18-45 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Ең басты шарт –шығармалар бұрын еш жерде жарияланбаған болуы тиіс. Шығармалар 2025 жылдың 16 маусымынан бастап 16 тамызына дейінгі аралықта қабылданады.

Кеңес отырысына қатысушылар байқау ережелері мен оны ұйымдастырудың тәртібі туралы өз ойларын ортаға салып, жастар шығармашылығына қолдау білдіру қажеттігін атап өтті.

Мұнан кейін Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Ундасинова мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы мен оның қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Басқармаға қарасты Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы да тіл үйренем деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында орталық 49 оқу тобында 578 адамды тіл курстарынан өткізді.

Мөлдір Ундасинова қаладағы театрлардың қазіргі ахуалына да тоқталып өтті. 2025 жылы қаладағы 7 театрда 31 жаңа премьера сахналанады деп жоспарланған. Оған бюджеттен 249 млн 277 мың теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін 16 жаңа спектакль сахналанып, оны 95 963 көрермен тамашалады. Олардың ішінде Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды Шынарым», Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана», Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» секілді шығармаларының желісі бойынша қойылған терең мағыналы әрі мазмұнды қойылымдар бар.

Жиын барысында кеңес төрағасы Момбек Әбдіәкімұлы төрағалық қызметке Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Талғат Балтабаевты ұсынды. Кеңес мүшелерінің қолдауымен Т.Балтабаев Miras аймақтық кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Дилара БИМЕНОВА

Соңғы жаңалықтар