Әдептілік – адам бойындағы жағымды қасиет, оның қоғамда қабылданған әдеп талаптарын мінсіз орындауы. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметке жұмсайды, елге қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенім білдіреді.
Әдеп – қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар. Адамның сөз мәнері, іс-қимылы, әрекеті, жүріс-тұрысы, өзін ұстай білуі – оның мәдениетті, әдепті екенін көрсетеді. Адам басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны – сабыр, жолдасы – кәсіп, қорғаушысы – мінез, бәрін тәртіпке келтіретін – әдептілік.
Көпшілік орындарда дауыс шығарып күлу, жасы үлкендерге, мүгедектерге, балалы немесе жүкті аналарға орын ұсынбау, ұялы телефонмен дауыстап сөйлесу және тағы да жағымсыз қылықтар адамның әдепсіздігін көрсетеді. Кез келген ортада эмоциясын тежей білу немесе шыдамды болу арқылы әдептілікке қол жеткізуге болады.
Жұмыстағы мінез-құлық этикасы, бұл – әріптестер, бәсекелестер арасындағы шынайы және тура қарым-қатынас, ұжымдық жұмыстың ұстанымдары. Ұжым, оның әрбір мүшесі жеткен жетістікке қарағанда әлдеқайда зор табысқа жете алады. Жұмыс орнында қолайсыз, шиеленіскен жағдай тудыратын іс-әрекетке, ескертпе немесе басқа да мінез-құлыққа жол берілмеуі керек. Жұмыс орнында азаматтар өз туысқанымен отбасындағы рөліне қарай емес, қызметіне қарай қатынас жасауға тиіс. Адам мәдениеті жоғары болған сайын, оның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы сыпайы бола түседі. Қызметтік әдеп нормасын сақтамау сыбайлас жемқорлыққа, әр түрлі құқықбұзушылықтар мен теріс пайдаланушылыққа жағдай туғызады, сондай-ақ, тәртіптік шара қолдануға алып келеді.
Мемлекеттік қызметтегі әрбір азамат мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастырып, Әдеп кодексінің талаптарын сақтауды үнемі назарда ұстауға тиіс. Біз әрқашанда бір-бірімізге жылы сөз айтып, өзіміз де сондай жақсы сөздер естіп жүрейік. Адам әрдайым бет сұлулығымен емес, ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен, парасаттылығымен, мәдениеттілігімен әдемі.
Қ.ЕРТУОВ,
Ауыл шаруашылығы министрлігі
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік
инспекция комитетінің Шымкент қаласы бойынша
аумақтық инспекциясының әдеп жөніндегі уәкілі