Редакция таңдауы

ӘДІЛ БӘСЕКЕ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 2025 жылы бәсекелестік ортаны қорғау мен дамыту бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарды. Нарықтағы әділдік пен тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлікке жасалатын кедергілерді жою департамент қызметінің басты мұраты екені белгілі.

Департаменттің жалпы қызметі екі негізгі бағытқа негізделеді. Бірі – бәсекелестікті қорғау, екіншісі – бәсекелестікті дамыту. Әдеттегідей, 2025 жылы департаментте әр бағыт бойынша нақты шаралар қабылданып, нарықтағы өзекті мәселелер заң аясында шешімін тапты.

Бәсекелестікті қорғау және алдын алу бағыты аясында Департаментке келіп түскен арыз-шағымдар мен тауар нарықтарына жүргізілген талдаулардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабына сәйкес 6 хабарлама шығарылып, бұл шаралар нарықтағы әділетсіз әрекеттерге тосқауыл қоюға мүмкіндік берді. Соның ішінде, «Autocenter Ontustik» ЖШС-ның әрекеті ерекше назарға ілікті. Департамент басшысы Ернар Қосбаевтың айтуынша дилерлік автосалон орталығы жаңа, жүрілмеген автокөліктерді сату барысында тұтынушыларға қосымша жабдықтар мен қызметтерді мәжбүрлі түрде таңып, талапты орындамаған жағдайда көлік сатудан бас тартқаны анықталды. Жүргізілген талдау нәтижесінде автосалонның үстемдік үлесі белгіленіп, заңбұзушылықтарды жою және алдағы уақытта болдырмау туралы хабарлама жолданған. Нәтижесінде, орын алған заңсыз әрекеттер толықтай тоқтатылды.

– Тағы бір маңызды мәселе – сұйытылған мұнай газының тапшылығы болды. Бұл бағытта Шымкент қаласы әкімдігінің энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына хабарлама шығарылды. Басқарманың газды бөлу кезінде газ таратушы ұйымдарға теңдей мүмкіндік бермей, сұранысты толық қамтамасыз етпеуі салдарынан нарық субъектілерінің құқықтары шектеліп, негізсіз тапшылық орын алған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қала аумағында газ тапшылығы жойылып, нарықтағы тең қолжетімділік қалпына келтірілді. Қоғамда резонанс тудырған мәселе заңды түрде өз шешімін тапты, – дейді өткен жылдың есебін берген департамент басшысы.

Департамент Абай аудандық прокуратурасының ұсынысы негізінде «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның қызметіне талдау жүргізіп, 13 997 кәсіпкерлік субъектісіне, оның ішінде 32 инвесторға заңнамада көзделмеген қосымша міндеттемелер жүктелгені анықталды. Монополист компания нарық субъектілерін өзіне тиімсіз шарттарға күштеп көндіру арқылы олардың заңды құқықтарын шектеген. Департамент тарапынан монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерін жою және мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы хабарлама жолданып, нәтижесінде компанияның заңсыз әрекеттері толықтай тоқтатылған.

– 2025 жылы Департамент бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері бойынша 7 тергеп-тексеру жүргізді. Соның ең маңыздысының бірі – «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на қатысты іс болды. Тергеп-тексеру барысында Қоғамның Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 4 және 10 тармақшаларын бұза отырып, үстем жағдайын пайдаланып, тиісті тауар нарығына кіруге шектеу қойғаны анықталды. Атап айтқанда, Қоғам мен «Казсбытгрупп» ЖШС арасында жасалған шартқа сәйкес, Шымкент қаласындағы индустриалдық аймақтарды энергиямен жабдықтау барысында Қоғам Серіктестіктің жалпы табысының 50 пайыздан астамын өз пайдасына алып отырған. Аталған заңбұзушылық үшін «Shymkent» ӘКК» АҚ-на Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабының 3-1 бөлігі бойынша 14 660 886 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде өндірілді. Жалпы алғанда, 2025 жылы Шымкент қаласы бойынша бәсекелестікті қорғау саласында қабылданған шаралар нарықтағы әділдік пен ашықтықты арттыруға, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталды. Заң үстемдігі мен адал бәсеке қағидаттары – экономиканың орнықты дамуының берік негізі екенін Департамент нақты істерімен дәлелдеді, – дейді Ернар Тұрдалыұлы.

Сондай-ақ, 2025 жылы департамент «Шымкент әуежайы» АҚ-на қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 1 тармағын бұзу белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізген. Аталған тексеру авиаотынды сату нарығында монополиялық жоғары баға белгілеу әрекеттеріне байланысты қолға алынған. Талдау нәтижесінде әуежай тарапынан авиаотынды сату қызметінде монополиялық жоғары баға белгілеу арқылы негізсіз пайда табу белгілері анықталды. Бұл әрекеттер бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарына қайшы келетіні белгілі болды. Осыған байланысты, іс материалдары құқықтық баға беру және тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін Шымкент қаласының экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданған.

Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша департамент тарапынан бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері үшін 52 825 135 теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде 36 111 048 теңге мемлекет бюджетіне толық көлемде өндірілді. Қазіргі уақытта 1 іс (КТГА) соттың қарауында тұр.

Заңбұзушылықтардың алдын алу және оның салдарын жою мақсатында Департаментпен 9 нұсқама шығарылды. Бұл нұсқамалардың барлығы уақтылы әрі толық көлемде орындалды. Аталған көрсеткіш монополияға қарсы орган талаптарының орындалу деңгейінің жоғары екенін аңғартады.

2025 жылы департаментке 449 өтініш тіркеліп, қаралымға алынды. Оның ішінде, 176 өтініш құзыреттілігіне сәйкес өзге мемлекеттік органдарға жолданды. 266 өтініш департамент тарапынан қаралды. Шамамен 100 өтініш оң шешімін тапты. 57 өтініш бойынша қолайлы әкімшілік акт қабылданса, қалған өтініштерге заң талаптарына сәйкес түсіндірме жауаптар берілді. Бұл көрсеткіштер азаматтар мен кәсіпкерлер тарапынан бәсекелестік мәселесіне деген сенімнің артқанын көрсетеді.

Бүгінгі таңда бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылу белгілерін жою, алдын алу және болдырмау бағытында монополияға қарсы орган тарапынан айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы кеңестер мен талқылаулардың тиімділігі жоғары.

– Осы орайда, Шымкент қаласының тұрғындарына, кәсіпкерлерге және белсенді азаматтарға үндеу жасағым келеді. Егер кәсіпкерлік қызметті дамыту барысында кедергілерге, негізсіз шектеулерге немесе әділетсіз талаптарға тап болсаңыздар, бұл мәселелерді монополияға қарсы орган жанындағы Кеңесте көтеріп, заң аясында шешу мүмкіндігі бар, – дейді Ернар Тұрдалыұлы.

Қорытындылай келе, 2025 жылы Шымкент қаласында бәсекелестікті қорғау саласында атқарылған жұмыстар нарықтағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге, кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқығын қорғауға және экономиканың тұрақты дамуына бағытталды. Заң үстемдігі сақталған жерде – сенім бар, ал сенім бар жерде – даму бар.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win