Мемлекеттік органдардың тиісті шешімдер қабылдау барысындағы жауапкершілік пен дербестігін арттыруға бағытталған, Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі бекітілген.
Тізбе Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі № 872 «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын, Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын іске асыру мақсатында қабылданған.
Тізбемен әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден нормативтік құқықтық актілердің (бұдан әрі – НҚА) 19 атауы шығарылды.
Тізбеде көрсетілген НҚА салалық сипатты қамтитынын атап өту жөн.
Яғни, актілердің ерекшелігі әділет органдарына мазмұндық бөлік бойынша ескертулер енгізуге мүмкіндік бермейді және заң сараптамасы оларды ресімдеу және оларды қабылдауға заңнамалық құзыреттіліктің болуы бөлігінде ғана жүргізіледі.
Мысалы, тиісті қағидалар, әдістемелер не басқа НҚА негізінде айқындалатын квоталарды, лимиттерді, бағаларды, тарифтерді, тарифтік мөлшерлемелерді, нормаларды, нормативтерді, өлшемдерді, оның ішінде олардың шекті не ең төменгі мәндерін бекіту (айқындау, белгілеу) туралы НҚА (тізбенің 16-тармағы).
Өз кезегінде, мемлекеттік органдар қандай да бір әдістемелерсіз және басқа құжаттарсыз дербес әзірлеген НҚА әділет органдарымен келісу рәсімінен және кейіннен мемлекеттік тіркеуден өтеді.
Мысалы, халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының мүшелеріне ақшалай көтермелеудің мөлшерін бекіту туралы және т.б.
Сондай-ақ, тізбеде көзделген кейбір НҚА бекіту мемлекеттік органның айрықша құзыреті болып табылатынын атап өткен жөн.
Мысалы, НҚА әкімшілік-аумақтық бірліктерге, құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау беру, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту туралы (тізбенің 12-тармағы).
Бұдан әрі, тізбенің 11-тармағы үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғамайтын мемлекеттік органдардың, олардың қарауындағы ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұлттық операторлардың қызметін реттейтін актілерді қамтиды.
Осы тармақ бойынша нысаналы жарнаны салуға бағытталған нысаналы жарна бойынша шығыстарды жоспарлау және бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру қағидаларын; мемлекеттік қызметшілерге қызметтік куәлік беру тәртібін; мемлекеттік қаржылық бақылау объектілерінде анықталған бұзушылықтар сыныптауышын; Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау органдарының азаматтық қызметшілері лауазымдарының тізілімін бекіту жөніндегі НҚА және т. б. мағынаны түсіну керек.
Осылайша, тізбе бірқатар ведомстволық және өңірлік НҚА қабылдау рәсімін жеңілдетуге, мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған мемлекет жүргізіп отырған саясат қағидатына сәйкес келетін заңнамалық нормаларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Әділет министрлігі тізбені қалыптастыру кезінде оларды алып тастаудың құқықтық салдары ғана емес, сонымен қатар оларды одан әрі қолданудың заңдылығын қамтамасыз етудің басқа нысандарының мүмкіндігі де ескерілгенін атап өткен жөн.
Н.МУСЛИМОВА,
Шымкент қаласының
Әділет департаментінің нормативтік құқықтық
актілерді тіркеу бөлімінің басшысы