Редакция таңдауы

ӘДІЛЕТ ПЕН МӘДЕНИЕТТІЛІК – ӨРКЕНИЕТКЕ ҰМТЫЛҒАН ҰЛТТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫ

Әділеттілік – кез келген өркениетті қоғамның іргетасы. Ол адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қоғамдағы теңсіздік пен зорлық-зомбылықты азайтуға көмектеседі. Әділеттілік болмаса, мемлекеттің де, жеке адамның да дамуы мүмкін емес, себебі Платон айтқандай, «Әділеттілік – бұл адамның жанындағы барлық бөліктердің үйлесімі». Бұл – тек құқықтық ұғым емес, сонымен қатар моральдық және философиялық категория.

​Американдық азаматтық құқық қорғаушысы Мартин Лютер Кингтің «Кез келген жердегі әділетсіздік – барлық жердегі әділеттілікке қауіп төндіреді» деген сөзі әділеттілік принципінің әмбебаптығын көрсетеді. Әділдік – бұл жеке тұлғаның ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін қажетті фактор. Егер қоғамда әділдік орнаса, адамдар өздерін еркін сезініп, мемлекетке деген сенімі артады.

​Әділдіктің ел дамуына әсері өте зор. АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон «Әділеттілік – үкіметтің бірінші мақсаты» деп айтқан. Бұл сөз билік үшін әділдікті қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді. Әділ қоғамда экономикалық өсімге, әлеуметтік прогреске және саяси тұрақтылыққа қол жеткізу оңайға түседі. Әділеттілік жоқ жерде жемқорлық, теңсіздік және заңсыздық үстемдік құрады. Сондықтан, еліміздің гүлденуі мен дамуы үшін әрбір азамат пен мемлекеттік орган әділеттілік қағидаттарын ұстануы тиіс. Әділеттілік жолында табандылық таныту – елдің болашағына салынған ең маңызды инвестиция.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт

Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің дамуына, халқымыздың болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселелерге тоқталып, екі бағытты ерекше атап өтті. Оның бірі – заң мен әділеттің үстемдігі, екіншісі – мәдениетімізді көтеріп, өркениетті, озық ойлы ұлтқа айналу. Бұл – жүрекке жақын, көңілге қонымды сөздер ғана емес, елдің ертеңін айқындайтын тарихи бағдар. Президент «Заң мен тәртіп болмаса, елдің еңсесі көтерілмейді, әділдік үстем болмаса, халықтың сенімі беки қоймайды» деп атап көрсетті. Бұл сөздің астарында тұтас қоғамға ортақ міндет жатыр.

Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, дамыған елдердің барлығы алдымен заңның үстемдігін орнықтырған. Мәселен, Сингапур қысқа мерзім ішінде алдыңғы қатарлы мемлекетке айналды. Оның құпиясы – табиғи ресурста емес, ең алдымен, қатаң заңға сүйенген тәртіп пен әділетке негізделген қоғамдық жүйеде жатыр. Әрбір азамат заңды құрметтесе, қоғамда сенім мен тұрақтылық орнығатынының айқын мысалы – осы.

Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, заңды құрметтеу – мемлекетті құрметтеу, ал, тәртіпке бағыну – өзіңді де, өзгелерді де құрметтеу. Заңның үстемдігі – әділеттің салтанаты, ал, әділет салтанат құрса, халық пен биліктің арасы жақындайды. Президент айтқандай, әрбір азамат өз ортасында кез келген заңсыздыққа қарсы тұра білсе, қоғамда сенім бекиді, әділет орнығады, береке артады.

Дегенмен, біздің қоғамда әлі де сан алуан қате түсініктер, жаңсақ көзқарастар белең алып тұр. Көп жағдайда азаматтар заңға бағынуды әлсіздіктің, дәрменсіздіктің белгісі деп қабылдайды. Керісінше, ережені бұзуды, тәртіпті айналып өтуді, заңды елемеуді – өзінше «пысықтық», «тапқырлық» деп бағалап, соны мәртебе көреді. Әсіресе, тұрмыстық деңгейде, ұсақ құқық бұзушылықтарды көп адам ойланбай жасай береді. Мысалы, жол ережесін бұзып, полицияға ұстатпай кетсе, өзін «айласын асырған» адам санайды. Ал, мұндайды кейбірі, тіпті, мақтаныш етіп, өзгелерге әңгіме қылады. Бұл – түбірімен қате көзқарас.

Шын мәнінде, заңды айналып өту ешқандай да ерлік емес. Ол – тек әлсіз мәдениеттің, азаматтық жауапкершіліктің жоқтығының белгісі. Өйткені, заң мен тәртіп – қоғамдағы ортақ келісім, бәріміздің қауіпсіздігіміздің кепілі. Жол ережесін бұзған бір адамның әрекеті жазымға әкелуі мүмкін, қоғамдық орында әдепсіздік көрсеткен бір кісінің ісі бүкіл ортаға кері әсер етеді. Ұсақ-түйек көрінетін құқықбұзушылықтардың жиынтығы түбінде үлкен мәселелерге ұрындырады. Сондықтан әрбір азамат «заңға бағыну – әлсіздік емес, керісінше өркениеттің, парасаттың белгісі» екенін түсінуі қажет. Мәдениеті жоғары елдер заңға құрметті ең басты құндылық ретінде ұстанады. Еуропа елдерінде немесе Жапонияда азаматтардың жолды кез келген жерден кесіп өтпеуі, қоғамдық тәртіпті бұзбауы – олардың қорыққанының емес, ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Біз де осы деңгейге ұмтылуға тиіспіз.

Жолдауда қозғалған тағы бір маңызды мәселе – жол апаттарының азаймай тұрғаны. Өкінішке қарай, жылда мыңдаған адам жол үстінде зардап шегуде. Бұл тек статистика емес, бұл – әрбір отбасының қасіреті. Президент осыған алаңдап, жол қозғалысы мәдениетін көтеру қажеттігін қадап айтты. Шын мәнінде, жолдағы тәртіп те – заңға бағынудың бір көрінісі. Әрбір жүргізуші жол ережесін сақтаса, әрбір жаяу жүргінші тәртіпке мойынсұнса, талай жазатайым оқиғалардың алдын алуға болар еді.

Жол – үлкен сынақ алаңы. Жол үстінде әрбіріміз тек өзіміз үшін емес, өзгелердің өмірі үшін де жауаптымыз. Сол себепті көлікті мас күйде басқармау, жылдамдықты шектен асырмау, жолда бір-бірімізге құрметпен қарау – азаматтық мәдениеттің көрсеткіші. Жолдағы тәртіп түзелмей, қоғамдағы тәртіп орнықпайды.

​Өкінішке қарай, осы аптаның басында айналдырған 3 күннің ішінде елде болған ірі көлік апаттарының салдарынан 25 адам қаза тапқан. Маңғыстау, Жетісу және Қарағанды облыстарында орын алған апаттардың бәріне жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы, қарсы бағытқа шығу мен қауіпті маневр жасауы себеп болған. Қайғылы жағдайлардан кейін ІІМ министрлігі азаматтарды жол ережесін сақтауға, жолда барынша сақ болуға шақырды.

Шымкент қалалық полиция департаментінің деректері бойынша, биылғы жылдың алғашқы жартысында 217 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бұл апаттардан 291 адам зардап шегіп, 30 адам қаза болыпты. Бұл – жай ғана жол апаттары емес, орны толмас адам шығыны екенін түсінуіміз керек. Қалада жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің саны да айтарлықтай көп. Мәселен, қала көшелеріне орнатылған жылдамдықты өлшейтін камералар арқылы күніне 500-ге жуық ереже бұзу дерегі тіркеледі екен. Дегенмен, алғашқыда бұл көрсеткіш күніне 3500-ге жеткенін ескерсек, бұл салада оң динамика байқалады. Бұл статистикалық деректер жолдағы тәртіпсіздік тек көлік жүргізушілерінің ғана емес, барлық жол қозғалысы қатысушыларының жауапкершілігінде екенін көрсетеді.

Президент Жолдауда мәдениетімізді көтеру мәселесін де айрықша қозғады. Бұл – ұлттың болмысын айқындайтын, рухын асқақтататын қазына. Байлық – жер астындағы қазбада ғана емес, халықтың бойындағы ізгілік пен парасатта жатады. Әдептілік пен сыпайылық – ұлттың айнасы, мәдениет – елдің мәртебесі. Осы тұрғыдан алғанда, мәдениет тек театр мен кітапханаға барумен шектелмейді, ол – күнделікті өмірдегі қарым-қатынасымыздан, бір-бірімізге көрсеткен сыйластықтан, қоғамдық орындардағы әдептен басталады.

Дамыған мемлекеттердің тәжірибесі тағы да ой салмай қоймайды. Жапония халқының мәдениеті бүкіл әлемге үлгі: қоғамдық көліктегі тыныштық, көшедегі тазалық, үлкенге құрмет, кішіге ізет – олардың өркениетке жетуінің негізгі тіректерінің бірі. Қазір бізде де дәл осындай құндылықтарға ұмтылыс бар. Халқымыздың озық ойға, жаңа өркениетке деген құштарлығы анық байқалады. Халықтың арасында ізгілікті, парасатты істер аз емес. Мысалы, жастардың еріктілік қозғалысқа белсене қатысуы, ауылдық жерлерде мәдениет үйлерінің қайта жандануы, ұлттық өнерді дәріптеуге деген құлшыныс – мұның бәрі мәдениетіміздің дамуға бет алғанының дәлелі.

Қоғамдық сана жаңарған сайын, заңға құрмет пен мәдениетке адалдық арта түседі. Әділет пен мәдениет – елді биікке жетелейтін қос қанат. Бір жағында – заңның мызғымас тәртібі, екінші жағында – мәдениеттің биік өрісі тұрғанда, халқымыздың еңсесі тіктеліп, мемлекетіміздің іргесі бекиді. Болашағы жарқын ел болу үшін бізге осы екі құндылықты қатар дамыту қажет.

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win