Редакция таңдауы

Әкемтеатр Шымкенттік көрерменге эстетикалық ләззат сыйлады

Шымкент қаласының тұрғындары төрт күн бойы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген театр қойылымдарын өз сахнасында тамашалауға мүмкіндік алды. Өйткені, қазақ өнерінің қара шаңырағы, ұлт руханиятының алтын бесігі – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 16-19 мамыр аралығында шымкенттік көрермендерге өз репертуарындағы үздік қойылымдарын тарту етті.

Гастрольдік сапардың алдында Шымкент қалалық орыс драма театрында арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Жиынға театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, сондай-ақ, белгілі театр әртістері Бекжан Тұрыс, Жандарбек Садырбаев және Жалғас Толғанбай қатысты. Театр майталмандары ұжымның шығармашылық ізденістері, гастрольдік сапардың маңызы және алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Биыл Әкем-театры үшін ерекше жыл. Өнер ордасы келер жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Осы атаулы күн қарсаңында театр ұжымы еліміздің әр өңірін аралап, көрермендермен жүздесіп, ұлттық драматургияның інжу-маржандарын сахналап жатыр.

Шымкенттік көрермендер назарына ұсынылған спектакльдер қатарында бұл жолы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» драмасы, Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясы, Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасы, «Сезім хаттары» лиро-эстетикалық поэтикалық кеші, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қасіретнамасы бар.

Театр директоры Еркін Жуасбек гастрольдік сапардың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазір театр ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл сәтті пайдаланған шығармашылық ұжым Қазақстан өңірлеріне және алыс-жақын шетелдерге сапарлап, халықпен қауышып, үздік қойылымдарын паш етіп жатыр екен.

Өнер ордасының гастрольдік сапары – ел ішіндегі мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, ұлттық театр өнерінің өміршеңдігін, көркемдік деңгейін көрсететін маңызды шара. Ал, шымкенттік көрермендер үшін бұл күндер рухани жаңғыру мен эстетикалық ләззатқа толы мереке болғаны анық.

Бұл театрдың гастрольдік сапарлары – тек спектакль көрсету ғана емес, ұлттық өнерімізді, тіліміз бен ділімізді шетелге танытудың үлкен миссиясы десек болады.

«Қазір театр ұжымы заманауи қойылымдармен де, ұлттық классикамен де шекара асып, рухани дипломатияның көшбасына айналды. Бұл – мақтаныш пен жауапкершілік. Себебі әрбір қойылым – сахнадағы өнер ғана емес, ол – тұтас ұлттың рухани келбеті», – дейді театр басшысы.

Ж.ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар