Редакция таңдауы

ӘЛ-ФАРАБИДЕ ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында соңғы бір жыл ішінде инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың тұрмысын жақсарту және қаланың көркемдігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша аудандағы негізгі көрсеткіштер тұрақты түрде өсіп, халыққа қолайлы орта қалыптасуда. Әл-Фараби ауданы аумағында 17 шағын аудан және бір елді мекен бар, ол аумақта 931 көппәтерлі тұрғын үй мен 16 663 жеке сектордағы үй орналасқан. Жалпы халық саны 266 806 адамды құрайды. Аудан аумағында 390 көше мен 257 әлеуметтік нысан бар, бұл ауданның мегаполис үшін ең үлкен әрі орталық ауданы екендігін көрсетеді. Сондықтан да аудан әкімдігіне маңызды әрі ауқымды міндеттер жүктеледі.

Қала көркін айшықтандыра түсетін ғимараттар мен ол жердегі тазалық және инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету – баршаға жүктелген ортақ міндет. Ал, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің мәліметінше бұл бағыттағы жұмыстар бір жолға қойылған.

Әл-Фараби ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ауданның инфрақұрылымдық қамтылуы жоғары деңгейде. Бүгінгі таңда барлық тұрғындар ауыз сумен, электр жарығымен және табиғи газбен толық қамтылған. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың негізгі өмір сүру қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуде және аудандағы сапалы өмір деңгейін көтеруде маңызды рөл атқарады.

Инфрақұрылымдық жүйелерді жаңарту мен дамыту тек техникалық талаптарға сай жүргізіліп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және қолайлы орта жасау мақсатында жоспарланған. Тұрғындардың демалысы мен спортқа қолжетімділігін арттыру бағытында да маңызды жобалар жасалған.

Жалпы, білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.

Осы мақсатта ауданда біршама ілкімді істер атқарылған. Мәселен, 2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 32 балалар ойын алаңшасы және 2 кешенді спорт алаңшасы ашылған. Бұл алаңшалар тек ойын-сауық үшін ғана емес, балалардың денсаулығын нығайту және жастардың спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында салынған. Бұдан басқа, аталған жоба шеңберінде аудан бойынша 56 ауланы абаттандыру келесі жылдың  жоспарына енгізілген, ал қалған 47 аула 2027-2028 жылдарға бағытталған. Ауданда бірнеше спорт алаңшалары  коммуналдық мекемелер мен демеушілердің қолдауының нәтижесінде жөндеуден өткен. Бұл жұмыстар тұрғындарға қолайлы орта жасауға, аула мен спорт алаңшаларын қауіпсіз етуге бағытталған. Әрбір жаңа орнатылған спорт алаңшасы мен ойын алаңшасы тек материалдық жаңарту емес, сонымен бірге, аудан тұрғындарының әлеуметтік өмірін жақсарту үшін жасалған маңызды қадам болып табылады. Осылайша, инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік бастамалар бір-бірімен байланысып жүзеге асырылуда.

Аудан әкімі Маратбек Мықтыбековтің назарынан жарықтандыру жұмыстары да тыс қалған жоқ. Ол 2025 жылы 133 көшеге жарықшамдар орнату бойынша тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша жұмыстар атқарды. Нәтижесінде негізгі көшелерде жарықшамдар толық орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қозғалыстың ыңғайлылығы қамтамасыз етілді. Қосымша 36 қысқа тұйық көшені жарықтандыру бойынша да жұмыстар жүргізіліп, жыл соңына дейін толық аяқталуы жоспарланған. Аулаларды жарықтандыру бойынша жоспарланған 112 көппәтерлі тұрғын үй ауласының 87-сінде жарықшам бағаналары орнатылып, бұл көрсеткіш 77 пайызды құрады. Қалған ауладағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады, бұл аудандағы инфрақұрылымдық толықтырудың жүйелі және кезең-кезеңімен жүргізілетінін көрсетеді.

Ауыз сумен, электрмен, табиғи газбен қамтудың 100 пайыздық көрсеткіші, жарықтандыру және жаңа ойын алаңшаларының орнатылуы аудан тұрғындарының жайлы өмір сүруіне ықпал етіп қана қоймай, олардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік белсенділігін арттырады.

Аудан аумағындағы көшелер мен аулаларды жөндеу жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2025 жылы жалпы 41 көшеге жаңа асфальт төселіп, 76 көшенің асфальт қабаты жаңартуға енгізілген. Бүгінгі таңда жоспарланған 117 көшенің 112-сінде жұмыстар толық аяқталған, ал қалған бес көшеде дайындық кезеңі жүргізілуде. Жол жөндеу жұмыстарының жүйелі жүргізілуі тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетіп, көлік ағынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, асфальт салу мен жөндеу жұмыстарымен қатар, аудан аумағындағы аяқжолдар мен жаяу жүргіншілер жолдары да жаңартылуда. 2025 жылы 17 көшеге аудан әкімінің аппараты тарапынан аяқжол салу жұмыстары аяқталса, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 20 көшеге 11,5 шақырым жаңа аяқжол төсеу жоспарланған. Аталған бағыттағы жұмыстардың 16 көшесінде толық аяқталған, бұл тұрғындарға қауіпсіз әрі ыңғайлы жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстары тек көлік қозғалысына ғана емес, ауданның көрінісіне де оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар, әр аулада ирригациялық арықтар орнатылып, көшелердің су басу проблемасы шешілген. Мәселен, аулаларға ирригациялық арықтар орнату бойынша 19 көппәтерлі тұрғын үй ауласында 1 630 метр арық салынды, ал қосымша 13 көшеде толық көлемде жұмыс аяқталыпты.

Аулалардағы асфальт қабатын жөндеу де назардан тыс қалмаған. Жоспарланған 3 000 тонна асфальт төсенішінен қазіргі таңда 2 531 тоннасы 172 аулаға төселіп, ойылған жерлер қалпына келтірілген көрінеді. Бұл ауқымды жұмыстар тұрғын үйлердің айналасын көріктендіріп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауда маңызды рөл атқарады. Аяқжолдар салу және жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмаған. 17 көшеге жаңа аяқжолдар салынса, 20 көшеде 11,5 шақырымдық жүргінші жолдары жоспарланған. Бүгінгі күні 16 көшеде 10,5 шақырым аяқжол пайдалануға берілген. Осы шаралар топырақ пен жолдардың тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталыпты. Тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жақсарту бағытында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жалпы 21 көппәтерлі үйдің қасбеті жарықтандырылып, тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи жарықшамдар орнатылған. Сонымен қатар, 12 үйдің сыртқы қабырғаларына мурал суреттері салынып, ауданды көркемдеу жұмыстары толық аяқталған көрінеді. Мұндай муралдар тек қоғамды мәдени тұрғыдан байытуға мүмкіндік береді. Жалпы жұмсалған сомма – 17,5 млн теңгені құраған.

Бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру мақсатында аудандағы басты көшелерде орналасқан 9 көппәтерлі үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатырлар мен қасбеттер жаңартылған. Бұл шаралар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың патриоттық сезімін оятуға да ықпал етеді. Аудан аумағындағы саябақтар, гүлзарлар, демалыс аймақтары мен скверлер де жоспарға сай салынып келеді. 27 демалыс нысанының ішінен 5 жаңа сквер демеушілер мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы салынды. Атап айтқанда, Әл-Фараби алаңы (ОҚ медицина академиясы ғимаратының алды), А.Жангелдин №3 үй («ГраМад» дүкенінің алды), А.Молдағұлова №4а-6-6а-8а үйдің ауласы, А.Жангелдин №24а үйдің ауласы, А.Жангелдин №28 үйдің арты. Сонымен қатар, аудан аумағындағы 8 нысанда жаңа субұрқақтар салынып, толықтай пайдалануға берілді. Олар, «Спутник» гүлзары, А.Асқаров аллеясы, Ә.Жангелдин көшесі «Айгүл» аялдамасы, «Атлант» сауда үйінің алдындағы аллея, Орталық саябағы, А.Диваев көшесіндегі аллея, «Кең-баба» саябағының алды, Көл аумағы (Музыкалық, от шашу және лазерлік шоу). Субұрқақтар мен скверлер тұрғындардың серуендеуі мен демалысына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, қала көрінісін көріктендіруге де үлес қосуда.

Тұрғындар үшін басты мәселелердің бірі қысқы маусымға дайындық жұмыстарының жүйелі түрде атқарылуы. Бұл мәселе бойынша ауданда толықтай шешімін тапқан. Аудан аумағында жалпы 931 көппәтерлі тұрғын үй орналасқан, оның ішінде 861 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

Қала әкімі Ғ. Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда орталық жылу жүйесіне қосылған 861 (100%) тұрғын үй толықтай сығымдау жұмыстарынан өткізілді және 2025 жылғы 1 қарашадан бастап жылу берілген. Бұл шаралар тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етумен қатар, қысқы кезеңдегі энергетикалық ресурстардың тиімді пайдаланылуына мүмкіндік береді. 2025 жылы «Тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан «Тұрғын үй қорын» жаңғырту (модернизация) және реновация жұмыстары да маңызды орын алады. 2025 жылы аудан аумағында 20 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жүргізілді. Сонымен қатар, 2029 жылға дейін тозығы жеткен 28 тұрғын үй бұзылып, 235 меншік иесіне жаңа пәтерлер беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда реновация бағдарламасы аясында Елшібек батыр көшесі №91, №93, Төле би көшесі №37 және Т. Әлімқұлов көшесі №34 мекен-жайларында құрылыс жұмыстары басталған. Қалалық инфрақұрылымды жаңғырту аясында базарларды модернизациялау жұмыстары да жүргізілуде. Мәселен, «Орталық Қырғы» базарының 85 пайызы жаңғыртудан өткен. Оның ішінде ішкі әрлеу, шатыр орнату және заңсыз сауда орындарының орнына жаңа павильондар салу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, «Назым апа» және «Көктем» базарларында демонтаждау жұмыстары жүргізіліп, санитарлық жағдай жақсарды, заңсыз сауда азайған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудан аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстары «Таза Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы 53 рет сенбілік өткізіліп, 5 000-ға жуық адам және 190 техника жұмылдырылған. Жыл нәтижесі бойынша  аудан аумағынан 784,02 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 13 басты көшеге 275 қоқыс жәшігі орнатылып, қаланың келбетін таза ұстауға мүмкіндік жасалған.

Қорытындылай келе, Әл-Фараби ауданы 2025 жылы инфрақұрылымды жетілдіру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, тұрғын үйлер мен базарларды жаңғырту, сондай-ақ, санитарлық тазалық пен экологиялық ахуалды жақсарту бағытында айтарлықтай ілгерілеу жұмыстарын жасады. Жүргізілген жұмыстар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, қала келбетін көркем әрі заманауи стандарттарға сай етуге, қоғамдық белсенділікті көтеруге бағытталған. Алдағы жылдары жоспарланған реновация және абаттандыру жобалары ауданның дамуын одан әрі жеделдетіп, тұрғындарға ыңғайлы, қауіпсіз қала қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win