
Әйелдер кәсіпкерлігі – қазіргі заманғы экономиканың маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әйелдердің бизнеске белсене араласуы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инновациялық идеялардың жүзеге асуына айтарлықтай үлес қосады. Қазақстан да бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді. Елде шағын және орта бизнесті дамыту – экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады, ал, сол бизнестің жартысынан астамында нәзік жандылардың үлесі бар.
«Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін» әйелдер бүгінде өз іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және табандылығымен кәсіпкерлік салада да өзіндік орнын қалыптастырды. Олар ауыл шаруашылығынан бастап ІТ-технологиялар мен өндіріс саласына дейінгі түрлі бағыттарда табысты жобалар жүзеге асырып, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Осылайша, Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау – тек экономикалық өсімді қамтамасыз етудің ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы гендерлік теңдікті нығайтудың, әйелдердің әлеуетін толық ашудың тиімді тетігіне айналып отыр.
Осы орайда Шымкент қаласында AMANAT партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Әйел аманаты» бағдарламасы аясында интерактивті тренинг өтті. Іс-шараның басты мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылығын арттыру, іскерлік қабілеттерін дамыту, сондай-ақ табысты кәсіпкерлік тәжірибелерін кеңінен насихаттау болды.
Бүгінгі таңда ел экономикасында әйелдердің рөлі ерекше. Олар тек отбасында ғана емес, бизнесте де табандылық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Осыған орай ұйымдастырылған тренингке түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіпкер әйелдер, жас бастамашылар мен бизнеске қызығушылық танытқан тұрғындар қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға кәсіпкерлікті жаңа бастаған және тәжірибелі әйелдерге арналған нақты бағдарламалар, мемлекеттік қолдау тетіктері, қаржылық сауаттылықты арттыру жолдары туралы кеңінен ақпарат берілді.
Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Halyk Bank» тарапынан ұсынылатын жеңілдетілген несие және оқыту жобалары таныстырылды.
Шарада спикер ретінде бірқатар іскер және тәжірибелі мамандар сөз сөйледі. Олардың қатарында AMANAT партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сәбира Адамбекова, Halyk Bank АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары Айдос Келдібаев, және Еңбек мобильді орталығының кәсіпкерлік бастамаларды оқыту және қолдау бөлімінің басшысы Гүлвира Даужанова болды.
Әр спикер өз тәжірибесінен мысал келтіріп, бизнесті бастау мен дамыту жолындағы кедергілерді еңсеру, қаржылық жоспарлау және мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану жайында құнды кеңестерімен бөлісті.
– Әйелдердің іскерлік әлеуетін дамыту қоғамның экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын арттырудың маңызды бөлігі. Бүгінгі тренинг өз ісін бастауға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және табысты кәсіпкер болуға ұмтылған әйелдер үшін үлкен мүмкіндік. AMANAT партиясы әрдайым әйелдердің бастамаларын қолдап, олардың бизнес саласындағы рөлін күшейтуге және әлеуетін толық ашуға бағытталған нақты істерді жүзеге асырып келеді, – деді Наргиза Керімбаева.
Тренингтің ерекшелігі – оның интерактивті форматта өтуінде. Қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, кәсіби мамандармен ашық пікір алмасты. Көптеген әйелдер өз бизнесін бастау немесе кеңейту бағытында нақты жоспарлар мен идеяларын ортаға салды. Сондай-ақ, спикерлер кәсіпкерліктегі табыстың негізгі кілті – өз ісіне деген сенім, білім және үнемі даму екенін атап өтті.
– Қазір мемлекет тарапынан әйел кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бастысы мүмкіндікті дер кезінде пайдалану. Біздің орталық түрлі тренингтер мен оқыту курстарын ұйымдастырып, әрбір әйелдің өз кәсібін бастауына көмек көрсетеді, – деді жиынға қатысқан Еңбек мобильді орталығының кәсіпкерлік бастамаларды оқыту және қолдау бөлімінің басшысы Гүлвира Даужанова.
Кездесу соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай іс-шаралар әйелдердің өз қабілеттеріне деген сенімін арттыратынын айтты. Жиналғандар үшін тренинг жаңа идеялар мен іскерлік шабыттың алаңына айналды. Бұл кездесу көптеген қатысушылардың бизнес бастауға деген ынтасын күшейтіп, болашақ табысты жобалардың негізін қалады.
Мұндай кездесулер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып, әйелдердің табысты болашағына жол ашары сөзсіз.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
