
Өңірлік коммуникациялар орталығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты баспасөз-конференциясын өткізді. Брифинг барысында желтоқсан айындағы мерекелерде ұйымдастырылатын іс-шараларға да тоқталып өтті.
Алдымен, Сәрсен Абайұлы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары туралы сөз қозғады. Шымкент қаласында 2024 жылы 8810 отбасына 4 млрд 717 миллион теңге көлемінде АӘК көрсетілген. Ал осы жылдың 10 айында 5016 отбасына 2 млрд 352 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілген. Бұдан бөлек, 6 жасқа толмаған балалар үшін бір жарым АЕК есебінде ай сайынғы қосымша төлем 4642 отбасына берілген. Бұл отбасыларда 25320 бала бар, бұған 310 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Бұл көрсеткіш мегаполисте әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың саны жыл сайын азайып келе жатқанын көрсетеді. Ресми өкілдің мәлімдеуінше, шаһарда дәстүрлі түрде өтетін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі де бұл статистиканың төмендеуіне үлес қосып отыр. Мәселен, өткен аптада Көрме орталығында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілген еді. Нәтижесінде 105 тұрғын жұмысқа жолдама алды.
– Жәрмеңке барысында пробация қызметі есебінде тіркеуде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, мүгедектігі бар және берешегі бар борышкер адамдар қатысып, тиісті деңгейде жұмыс берушілермен тікелей байланысып, тұрақты бос жұмыс орындары ұсынылды. Бұл іс шараға 700-ден астам адам қатысып, оның ішінде, 86 адам тұрақты бос жұмыс орнына, 19 адам субсидияланатын жұмыс орындарына (алғашқы жұмыс орны, қоғамдық жұмыс, жастар практикасы) жолданды. Ал, 60 адам www.enbek.kz ресми порталы арқылы «Жұмыс іздеуші ретінде» тіркелуге өтініш білдірген. 56 адамға ерікті түрде қоныс аудару бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 12 адам еңбек нарығының сұранысына сәйкес кәсіптік оқытуға, 32 адам жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз грант алуға ниет білдірген, — деді Сәрсен Абайұлы.
Брифингте Шымкентте 341 жер телімі мемлекет мұқтажына алынғаны туралы да ақпарат айтылды.
– 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы тарапынан 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынды. Бұл жұмыстар қаланың Бас жоспарына сәйкес, қала әкімдігінің қаулылары негізінде жүзеге асырылуда. Соның ішінде 298 жер учаскесінің иесіне мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт негізінде қаржы төленді, ал 43 учаскеге тең бағалы жер учаскесі берілді. Қазіргі таңда мегаполиске маңызды нысандардың құрылысына қарастырылған жер телімдерін мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары атқарылуда,-деді ресми өкіл.
Жиын соңында Сәрсен Абайұлы желтоқсан айында өтетін іс-шаралар жоспарымен де таныстырды. 6 желтоқсанда оқушылар арасында «Мен елімді жырлаймын» республикалық айтысы өтсе, 9-10 желтоқсан күндері «Шымкент сазы» республикалық эстрадалық ән байқауын өткізу жоспарланып отыр. Ал, Жаңа жыл мерекесіне арналған іс-шаралар 21-желтоқсан «Астана» алаңында өтетін шырша шамын жағу рәсімінен кейін басталады.
Брифинг соңында қала әкімдігінің ресми өкілі БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, жауапты басқарма басшыларына тапсырма берді.
Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
