Редакция таңдауы

ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ДЕПУТАТ НАЗАРЫНДА

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков Шымкент қаласына арнайы іс-сапармен келді. Он күнге жоспарланған жұмыс сапары аясында халық қалаулысы партияның сайлауалды бағдарламасы шеңберінде іске асып жатқан жобалармен танысып, қала тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді.

Күрделі мәселелер Үкіметке  жолданады

– Тұрғындармен кездесулер барысында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – тұрғын үй құжаттарының заңдастырылуы. Әсіресе, Ынтымақ-2, әуежай маңындағы шағын аудандарда заңсыз салынған үйлер мен құжатсыз нысандар көп кездеседі. Бұл жағдай көптеген азаматтардың алаяқтарға алданып қалуымен де байланысты. Тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, бұл мәселені жергілікті атқарушы билікпен, әкімдікпен бірлесіп, заң аясында шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Кейбір түйткілдер жергілікті деңгейде шешілсе, енді бірқатар күрделі мәселелер Үкіметке депутаттық сауал арқылы жолданады. Жалпы, ел ішіндегі түйінді мәселелерді халықпен тікелей жүздесіп, көзбен көру – халық қалаулысы ретінде менің басты міндетім, – деді депутат.

Сапар барысында Данабек Исабеков «Ізетті зейнеткер» орталығына да арнайы барып, ондағы ардагерлердің жай-күйімен танысты.

– Ата-әжелеріміздің көңіл-күйі көтеріңкі, қызмет сапасына риза екені байқалады. Бұл – атқарылған істің оң нәтижесі. Дегенмен, бұл орталықта да кейбір мәселелер бар. Мысалы, ауласын көгалдандыру, субұрқақты іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, орталық басшысы қосымша жабдық – бильярд үстелі және тағы басқа құрал-жабдықтар қажет екенін айтты. Бұл орталыққа бюджет есебінен қаражат бөлінеді. Алайда, демеушілер мен кәсіпкерлерді тарту арқылы да қолдау көрсетіліп келеді. Өзім де қажетті дүниелерді назарға алып, қолдан келгенше көмектесемін, – деді орталықтың ахуалына оң баға берген халық қалаулысы.

Айта кетейік, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Ізетті зейнеткер» КММ 2023 жылдың 1 қарашасынан бастап зейнеткерлерге арнап медициналық-әлеуметтік қызмет көрсетуде. Орталықтың инфрақұрылымы 3 699,9 шаршы метр аумақты қамтиды. Абай ауданындағы Бозарық шағын ауданында орналасқан орталық 120 орынға есептелген. Мұнда зейнет жасындағы азаматтарға қысқа мерзімді емделу және демалу мүмкіндігі қарастырылған. Жолдамалар Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы беріледі.

– Орталықта зейнеткерлерге ыңғайлы жағдайлар жасалған. Төрт мезгіл ыстық тамақ, медициналық тексеру және ем-дом шаралары, физиотерапия, сумен және шөппен емдеу, массаж, дене шынықтыру, мәдени және сауықтыру бағдарламалары, концерттер, үстел ойындары, музыка терапиясы және жеке тазалық пен тұрмыстық қажеттіліктер толық қамтамасыз етіледі. Зейнеткерлерді қабылдау және бөлмелерге орналастыру кезінде олардың жасы мен денсаулығы ескеріледі. Салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Таңертеңгілік емдік дене шынықтыру, фитнес құралдары, физиотерапия мен сумен емдеу сынды қызметтер ұсынылады. Арнайы кабинеттерде массаж, ингаляция, электрофорез, парафин, тұзды шахта және инфрақызыл сауна секілді ем-дом түрлері қолжетімді. Сонымен қатар, демалушыларға дәрілік шөп тұнбалары мен магнитті терапия ұсынылады. Кітапхана бөлімшесімен бірлескен іс-шаралар мен мәдени бағдарламалар тұрақты өткізіліп тұрады. Демалушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескеріліп, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған, – дейді басқарма басшысы Жанат Өтебаева.

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясындағы кездесулер мен нысандарды аралау барысында бірқатар әлеуметтік маңызды мәселелерді көңіліне түйгенін айтты.  Әсіресе, зейнеткерлерге арналған қызметтердің сапасына назар аударып, «Ізетті зейнеткер» орталығындағы ахуалмен жақын таныса келе, қариялар көңілінен шыққан бұл орталықтың жұмысын жетілдіру үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамту жайы да назардан тыс қалдырмай, депутат тек сын айту емес, нақты қолдау көрсетуге де дайын екенін аңғартты. Қала тұрғындарының көтерген мәселелерін заң шеңберінде шешу жолдарын қарастырып, бірқатарын орталық және үкімет деңгейінде көтеруге уәде етті.

Халықпен жүздесу

Сондай-ақ, депутат «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Қабылдауға AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары Бекайдар Төлегенов пен Ербол Байқонысов, қала әкімдігінің басқарма өкілдері, аудан әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Қабылдау барысында тұрғындар инфрақұрылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, құқық қорғау және жер мәселелеріне қатысты сұрақтарын көтерді. Әсіресе, сотталған балаларға қатысты көмек сұрап келген ата-аналардың жанайқайы назар аудартты.

Ата-аналардың айтуынша, балалары есірткі тасымалдау ісімен айналысқаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған. Олар «Рақымшылық туралы» заң аясында кешірім сұраған.

Бұл мәселеге қатысты депутат Данабек Исабек сот шешіміне араласуға болмайтынын, барлық мәселенің заң шеңберінде қарастырылатынын ескертті.

– Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Соттың шешіміне ешкім араласа алмайды. Ал «Рақымшылық туралы» заңда нақты тәртіп пен талаптар бар,- деді халық қалаулысы.

Кездесуде мектеп мәселесі де көтерілді. Қабылдауда №7 IT мектеп-лицейінің күрделі жөндеуге мұқтаж екені айтылды. 1963 жылы салынған 1200 орындық мектептің ғимараты ескіріп, жөндеуді қажет етеді. Алайда мемлекеттік сараптама қорытындысы берілмегендіктен, жөндеу жұмыстары басталмаған.

— Мектепке соңғы жылдары күрделі жөндеу жүргізілмеді. Ғимарат ескіріп тұр. Сараптама қорытындысын да ала алмай отырмыз, – деді мектептің шаруашылық меңгерушісі Абзал Чуманов.

Бұл мәселеге қатысты сала мамандары мектепті жөндегеннен гөрі жаңадан салған тиімді болатынын алға тартты. Өз кезегінде депутат ғимараттың жайымен таныс екенін айтып, бұл мәселе қала басшылығымен бірлесе отырып шешілетінін жеткізді.

— Бұл мектепке арнайы барып, жағдайын көрдім. Егер күрделі жөндеуге кететін қаржыға жаңа мектеп салуға мүмкіндік болса, онда неге жаңа заманауи ғимарат салмасқа, — деді ол.

Қабылдауға келген азаматтарға заң шеңберінде нақты жауаптар берілді. Көтерілген мәселелер тиісті органдарға жолданып, кейбірі сол жерде нақты шешімін тапты. Тұрғындар халық қалаулысының ашық әрі іскерлік форматта өткен қабылдауы үшін ризашылығын білдірді.

Қызыл сызық – қызу талқылау

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабек Шымкент қаласындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабына арнайы барып, жергілікті халықпен кездесті. Жүздесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ашық айтып, депутатқа үміт артып отырғандарын жеткізді.

Тұрғындар көтерген басты мәселе – елді мекеннің орталық көшесінде орналасқан тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың 2023 жылы қабылданған бас жоспарға бойынша «қызыл сызыққа» түсуі. Соның салдарынан тұрғындар көптен бері күткен газ жүйесіне қосылу мүмкіндігінен айырылып отыр.

– 2023 жылы бекітілген қаланың бас жоспарына сәйкес ұзындығы 3 шақырым болатын көшенің бойындағы жер учаскелері қызыл сызықтың бойына түсіп отыр. Осы мәселені шеше алмай келе жатқанымызға біраз уақыт болды. Сіздің көмек көрсетуіңізді сұраймыз, – деді Қайнарбұлақ тұрғыны Ақмарал Өмірзақова.

Тұрғындардың айтуынша, аталған аймақтағы үйлерге айыппұл салына бастаған. Бұл жағдай қала әкімінің назарына ілігіп, қала басшысы айыппұл салу шараларын уақытша тоқтату жөнінде тапсырма берген. Көтерілген мәселені мұқият тыңдаған депутат бұл мәселенің назардан тыс қалмайтынын айтты.

– Бұл – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзекті мәселе. Біз оны жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қарап, нақты шешім қабылдауға күш саламыз. Әрбір азаматтың мүддесі ескерусіз қалмауы тиіс. Бұл бағытта нақты жұмыс атқарылады, – деп атап өтті.

Сонымен қатар, кездесуде халық өзге де маңызды түйткілдерді ортаға салды. Атап айтқанда, жаңа емхананың қажеттілігі, демалыс орындарындағы тәртіп, қаңғыбас иттердің тұрғындарға қауіп төндіруі секілді мәселелер де депутат назарынан тыс қалмады.

 

Шаһарға жаңа  балалар ауруханасы керек

Сапар аясында депутаттар Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасына арнайы барып, емдеу мекемесінің бүгінгі жай-күйімен және қызметімен танысты.

1980 жылы негізі қаланған №1 қалалық клиникалық аурухана бүгінде 530 төсек-орынға лайықталып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мекемеде 1200-ден астам медициналық қызметкер еңбек етуде. 2007 жылы ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Халық қалаулылары аурухананың материалдық-техникалық базасын аралап, жұмыс барысымен танысты. Бұдан соң медицина қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылып, онда елдегі денсаулық сақтау саласындағы заңнамалық өзгерістер мен партияның алдағы жоспарлары таныстырылды.

Аурухана бас дәрігері Қайрат Жақыпов өз сөзінде бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. Соның ішінде, ауруханаға бөлінетін жылдық қаржы көлемінің жеткіліксіздігі (6,2 млрд теңге) – Алматы мен Астана секілді ірі қалалармен салыстырғанда төмен деңгейде және қаладағы жалғыз балалар ауруханасының жүктемесі өте жоғары екені, Шымкентке жаңа балалар ауруханасын салу қажеттілігі, медицина қызметкерлерінің мәртебесін заңмен бекіту – соңғы уақытта науқастар тарапынан дәрігерлерге күш көрсету деректері тіркеліп отырғанын жеткізді.

Кездесу соңында депутаттар аталған барлық ұсыныстар арнайы хаттамаға енгізілетінін, ал көтерілген мәселелер Мәжіліс қабырғасында тиісті министрліктерге жеткізіліп, шешілуіне ықпал жасалатынын мәлімдеді. Бұл – халық пен билік арасындағы сенімді байланысты нығайтып, ел мүддесі жолында нақты істерге бастайтын маңызды қадам деп сенейік.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар