Редакция таңдауы

Әлеуметтік сала депутат назарында

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Динара Наумова  жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сапар аясында халықпен тікелей кездесіп, нақты проблемаларды тыңдады.

Халық қалаулысы алдымен №78 әйелдер колониясына барды. Бұл мекемеде жазасын өтеп жатқан әйелдердің жағдайымен танысып, қайта әлеуметтену бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап шықты. Депутат сотталған әйелдердің еңбекке тартылуы, психологиялық қолдау мен қайта әлеуметтену мүмкіндіктерін назарға алды. Мұндай санаттағы азаматшалар үшін заңнамалық, әлеуметтік қолдаулардың қаншалықты жеткілікті екені туралы мекеме қызметкерлерінің пікірін тыңдады.

Бұдан кейін депутат «Өркен» қайырымдылық қорына арнайы бас сұқты. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы орналасқан. Орталықтың жұмысы, қызмет сапасы, лицензиялау талаптары – қазіргі таңда еліміз бойынша көтеріліп отырған мәселелердің бірі. Осыған орай, депутат орталық негізін қалаушымен, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті.

– Сіздер білесіздер, қазіргі таңда Мәжіліс депутаттары өңірлерді жиі аралап, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелермен танысып жатыр. Шымкентке сапар барысында біз оңалту орталығының жұмысымен танысып, лицензиялау кезіндегі кедергілер туралы нақты ақпарат алдық. Бұл проблема тек бір өңірге ғана тән емес, ел көлемінде бар мәселе. Сондықтан біз бұны жүйелі түрде шешуді көздеп отырмыз. Бұған дейін Мәжілісте онлайн дөңгелек үстел өткізіп, орталық басшысын, министрлік өкілдерін, жергілікті атқарушы органдарды тыңдаған едік. Енді мәселені жергілікті деңгейде талқылап, шешу жолдарын бірлесіп іздейтін боламыз, – деді депутат Динара Наумова.

Сапар барысында Мәжіліс депутаты «Көмек» орталығына да барды. Бұл мекеме – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға арнаулы көмек көрсететін орталық. Мұнда әйелдер мен балаларға уақытша паналау, психологиялық және құқықтық кеңес беру, әлеуметтік қолдау қызметтері ұсынылады. Депутат орталықтағы әйелдердің жеке оқиғаларымен танысып, қызмет сапасына қатысты ұсыныстарды жазып алды. Сонымен қатар, зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстардың жеткіліктілігіне байланысты мамандардың пікірін тыңдады.

— Бұл сапар барысында біз көптеген өзекті мәселелермен бетпе-бет кездестік. Лицензиялау жүйесінің қиындықтары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары, оңалту орталықтарының жай-күйі – мұның бәрі шынайы өмірдің көрінісі. Сондықтан біз қыркүйек айында Мәжіліс жұмысы қайта басталғанда, осы мәселелерді терең талқылап, нақты заңнамалық ұсыныстар енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл тек депутаттардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жұмысы болуы керек, – деді Динара Наумова.

Мәжіліс депутатының жұмыс сапары қоғамдық ұйымдар мен тұрғындар арасында үлкен қолдау тапты. Жергілікті билік өкілдерімен және мәслихат депутаттарымен бірлескен кездесулер де нәтижелі өтті.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар