Айжан КЕСЕБАЕВА
заңгер, Aiel Space орталығының негізін қалаушы:
–Айжан Өмірзаққызы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып отырған «Заң және тәртіп» қағидасы қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізі екені белгілі. Десе де, заң талаптарына немқұрайлы қарау, тәртіпке бас имеу әрекеттері толастар емес. Әсіресе, әлеуметтік желіде азаматтардың жеке өмiріне қол сұғу, олардың дербес деректерін тарату әрекеттері байқалып қалатыны бар…
–Президенттің ұсынысымен жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидасы бүгінгі қоғамда өте орынды көтерілген мәселе. Ел азаматтары ел заңдарына бағынып, заң талаптарымен әрекет ететін болса қоғамда расында да тәртіп орнайды. Ал тәртіпті елдің берекесі артатыны даусыз. Мемлекеттің дамуының негізі де тәртіпке бағынудан басталады.
Өздеріңізге белгілі заң — мемлекеттің қабылдаған, барлық азамат орындауға міндетті ережелер жүйесі. Ал тәртіп — сол заңдардың бұлжытпай орындалуы және әрбір адамның мінез-құлқының қоғам талабына сай болуы.
Заң мен тәртіп болса қоғамда әділдік, бейбіт өмір мен қауіпсіздік салтанат құрады. Заң бұзылса, тәртіп сақталмаса анархия мен хаос орнайды. Әр азамат заңды құрметтеп, өз іс-әрекетіне жауапты болуы қажеттілік.
Конституциямызда әр адамның құқығы мен бостандығы нақты белгіленіп көрсетілген. Бұл құқықтарды сақтау — мемлекеттің де, азаматтардың да ортақ міндеті. Полиция мен сот органдары заңның орындалуын қамтамасыз еткенмен, әр адамның ішкі жауапкершілігі мен ар-ожданы басты қағидатқа айналуы қажет.
Мемлекет басшысы айтқандай, заңға бағыну қорыққаннан болмауы керек. Азаматтық сана мен мәдениет жоғарылаған сайын адам тәртіпті болуға, заңға бағынуға тырысады. Заңды өз еркімен түсініп, орындауға талпынғанда ғана құқықтық зайырлы мемлекет орнайды.
Күнделікті өмірдің барлық саласында тәртіп талап етіледі. Тәртіп сіз бен біздің қауіпсіз өміріміздің алғы шарты екенін мойындауымыз керек. Сонымен бірге құқық бұзушылық тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың парызына айналғаны жөн.
Ал, сіз айтып отырғандай, әлеуметтік желілердегі бей-берекет айтылатын мәселелер расында да кең етек алып барады. Жалпы, әлеуметтік желіде, масс медиада соттың шешімі шықпайынша біреуді «қылмыскер», «алаяқ», «ұры», «парақор» деп ат таңып жазу дұрыс емес. Бұл жала жабу болып саналады. Өкінішке қарай, өздерін блогер, белсенді желі қолданушы санайтын кей азаматтар осындай өрескел қателіктерге жол беретіні рас. Олар өздерінің оқырман санын арттыру немесе аудиториясынан қызу кері байланыс тудыру мақсатында негізсіз фактілерді, әлі дәлелденбеген қылмыстарды жалпақ жұртқа жариялап жіберетіні де бар.
Ең өкініштісі, көп ретте оқырман соларға сеніп қалатыны. Әсіресе, танымал блогерлер жарнамалаған өнімге, затқа, ақпаратқа алданып та жатады. Тіпті, тауардың ақшасын төлеп алып, не заты жоқ, не ақшасын кімнен қайтарып аларын білмей абдырап қалатындары да аз емес. Дәл осы жерде қылмыстық жауапкершілікті сезінбестен әлгі алданған оқырман да «Пәленше алаяқ екен…» деп жазып жібереді. Бұл да дұрыс емес. Мұндай жағдайда әрине, екінші тарап, өзінің ар-намысын қорғау үшін сотқа жүгінуіне құқығы бар. Егер оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодекстің 190 бабына сәйкес алаяқтық тармағымен күшіне енген соттың шешімі жоқ болса, жала жапқаны үшін блогерді сотқа бере алады. Жалпы алғанда бізде құқық қорғау органдарына арыз жазылмайынша жауапкершілікке тарту әрекеті басталмайды. Себебі, әлеуметтік желідегі барлық жазбаны қадағалаушы орган мамандарының қарап, бақылап отыруы мүмкін емес қой. Жазбаша шағым түскенде барып, қылмыстық іс қозғалады.
Сондықтан да әлеуметтік желі «не жазсам да өзім білемін» дейтіндей еркіндік алаңы емес. Негізсіз ақпарат үшін заң тұрғысынан жауапкершілік барын ұмытпау керек.

– Сіз «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент филиалының басшысы, Шымкент қаласының қоғамдық кеңес мүшесі ретінде бір кездері әлеуметтік желіде өте белсенді болдыңыз. Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрестегі белсенділіктеріңіз бүгінде бәсеңдеп қалғандай ма, қалай?
–Жоқ, олай емес. Заңсыздық пен қоғамдағы әділетсіздікке заңгер ретінде ғана емес, осы қоғамның бір мүшесі, елімнің азаматы ретінде әрдайым сергек қарап, жол бермеуге тырысамын. Расында да 2019-2024 жылдар аралығында республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы басшысы ретінде қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды азаматтық қоғам тарапынан жүзеге асыруда белсенді болдық.
Бірқатар жетістіктерге де қол арттық. Қоғамдық бақылау, қоғамдық мониторинг жүргізу ісімен белсене айналыстым.
Білесіз бе, сыбайлас жемқорлықпен күресте толықтай тәуелсіз болуың маңызды рөл атқарады. Десе де отбасында баланы кішкентайынан адалдыққа, әділдікке, заңды сыйлауға тәрбиелеу өте маңызды. Келешек ұрпақтың санасына біз осылай ету арқылы жарқын болашаққа негіз қалаймыз. Мектептерде құқықтық тәрбие беру, жастар арасында заңды білуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру — маңызды міндеттердің бірі. Тәртіп бар жерде ұят, намыс, адамгершілік, жауапкершілік сынды қасиеттер қалыптасады. Адам өзіне де, өзгеге де әділ болған кезде ғана қоғамда тыныштық салтанат құрады.
– Сыбайластыққа қарсы тұру иммунитеті «ағайыншыл» қазақта қалыптасуы қиын да шығар…
– Рас айтасыз, бір ағайының лауазымды басшы болса, соның есебінен екі асап қалғысы келетін, соның атын пайдаланатын менталитет, өкінішке қарай, бар. Негізі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәрбиесі үйде, шәйдің басынан басталуы керек. Қараңызшы, бала-шағамызбен бір көлікте келе жатамыз, жол полициясы тоқтатса, бірден мәселені пара беру арқылы шешуге тырысамыз. Көліктің артқы орындығында отырған ұл-қызымыз мұны көріп өседі. Баланың ойына жемқорлық, парақорлық ұғымын, «мәселені осылай шешуге болады екен ғой…» деп сіңіреміз. Немесе дастархан басында отырып «Пәленшені жұмысқа кіргізу керек еді, Түгеншеге конвертпен кіріп шығайын» деген әңгімені талқылаймыз. Бұл жәй ғана тұрмыстағы түйіткіл, болмашы нәрсе боп көрінуі мүмкін. Бірақ, солай ету арқылы парасыз мәселе шешілмейтіндігін ұрпағымыздың санасына ендіріп, улап келе жатырмыз. Сол себепті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, тәрбие үйден, талбесіктен басталуы керек. Ұл-қызымызды үйде, адалдыққа үйретейік. Қазір баланы тәрбиелеудің де қажеті жоқ. Өзің қандай боласың, балаң да сондай болады. Бала көп нәрсені білмейді деп ойлаймыз. Ол бәрін көріп өсуде. Ертең көргенін қайталайды.
Ағайыншыл, туысқа бауырмалмыз ба, онда адалдық тәрбиесін ағайынның арасында да насихаттайық. Қылмыс жасаған туыстан теріс айналып, намыстанатындай болсақ, туысқанымыздың арасында қылмысқа баратындар азаяр еді. Олар ағайынды жоғалтып аламын деп қорқар еді. Бірақ, бізде олай емес қой. Бізде, керісінше, жемқорлықпен байыған туысты құрметтеу, төрге оздырып, тойда алдымен соған сөз беру басым. Осылай ету арқылы біз қоғамда «ебін тауып екі асағандар құрметті» деген ұғымды қалыптастырып алдық. Тіпті, періште, аяғын енді ғана тәй-тәй басқан баланың тұсауын да алдымен не байлығы көпке, не лауазымды қызметтегі басшыға кестіреміз. Жағымпаздық. Кімге жағынып жүрміз? Жемқорға ма? Байыбына бармаймыз. Білсек те көз жұма қараймыз. Егер біз қоғам, әулет, отбасы болып ондай туысымыздың барынан жиіркенетін, ұялатын ментальді тұрғыдағы идеологиялық деңгейге жетсек сыбайласқан жемқорлықты да жеңер едік.
–Айжан Өмірзаққызы, жеке заңгерлік кеңсе ашыпсыз. Заңды білмейтіндер көп. Олай болса кеңсеңізге келушілер де аз емес шығар? Оларды әсіресе не мазалайды? Қандай мәселемен келеді?
–Иә, «Айжан Кесебай заңгерлік кеңсесін» аштым. Жеке заңгерлік салада қызмет атқарудамын. Кеңсемізге келіп кеңес алғысы келетіндердің көбі қаржылық пирамидаға алданғандар. Алаяқтарға алданып тапқан таянғанынан айрылып сан соғып қалғандар. Әлеуметтік желідегі сапасыз курстарға шатылып қалғандар да бар. Сонымен бірге ақпаратын әлеуметтік желіде сататын, жалпы блогерлік қызмет туралы мән-жайды білгісі келетіндер де жиі есік қағады.
Өздеріңізге белгілі Онлайн платформалар мен онлайн жарнамалар туралы заң елімізде 2023 жылы қабылданды. Осы заңның аясында өз қызметтерін заңдастыруға, заңды жұмыс істеуге көшкендер көбеюде. Оларға заңгерлік кеңес беріп, жол нұсқаймыз.
Отбасылық дау-дамайға қатысты заңгерлік кеңес сұрайтындар да баршылық. Корпаративті құқық (корпоративная права), бизнеске қатысты да заңгерлік кеңес берудемін.
–Сұхбатымызға негіз болған алғашқы сұрақтың төңірегіне қайта оралсақ. Бұл тенденция жасыратыны жоқ, соңғы кездері әсіресе блогерлер мен кәсіби біліктілігі төмен журналистер арасында жиі кездесетін олқылық. Зорлық-зомбылықты насихаттауға жататын материалдарды медиа бетінде жариялау (сурет, видео), қылмыскердің адам өлтіру әрекетін тәппіштеп баяндау… суицидке барғандардың қайда, қалай өзін өзі өлтіргенін нақтылап, анықтап жазып көрсету… өкінішке қарай әлі де кездеседі. Мұндай әрекетке тиым салынғанын білмейтін блогер, журналист бар.
–Жоғарыда айтып өткенімдей әлеуметтік желі шексіз мүмкіндік. Бірақ, шексіз еркіндік емес. Осыны дұрыс түсінбейтіндер көп. Әлеуметтік желіде басқаларға қатысты ақпаратты, жеке адамның басына қатысты мәліметті, қате, негізсіз пікірлерді жария ету заң алдында жауапқа тартылатын әрекет.
Әсіресе, кішкентай балаларға қатысты ақпаратты жалпыға жария етуге болмайды.
Бізде 2023 жылға дейін «Блогер деген кім? Әлеуметтік желі қолданушы деген кім?» деген сұраққа жауап берілген жоқ. Аражігін ажыратуды білмей келдік. 2023 жылдың шілдесінде қабылданған онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы Заңда осының бәрі де нақтылап көрсетілді. Осы жерде блогер деген сөзге, блогер инфлюенсер дегенге анықтама берілді. Ол – белгілі бір платформада өзінің өнімін сататын адам. Яғни, бұған дейін де айтып келе жатқанымдай, әлеуметтік желідегі жауапкершілікті күшейтуіміз керек. Әлеуметтік желіні БАҚ-пен теңестіруіміз қажет.
Мысалы, сіздер дәстүрлі басылым журналистері газетке, журналға шығаратын ақпараттарыңызды әбден тексеріп, сүзгіден өткізесіздер ғой. Жалған еместігін тексересіздер. Балаларға қатысты ақпаратқа мұқият боласыздар. Баланың қауіпсіздігіне зияны тиетін-тимейтінін саралайсыздар. Тура солай әлеуметтік желі қолданушысына да жауапкершілік артылуы керек. Неге? Себебі, әлеуметтік желі үлкен күш. Бір газеттің таралымы 10 мың болса, әлеуметтік желідегі жазбаны миллион адам оқиды. Бірінен-бірі көшіріп басу арқылы тіптен әлемге жылдам таралып кететіні тағы бар. Осындай жағдайда, мысалы, баланың өміріне, құқығына қауіп төндіретін ақпараттың жарияланып кетуіне жол бермеу керек. Бала туралы мәліметті әлеуметтік желіге ата-анасының, заңды қамқоршысының рұқсатынсыз жариялауға болмайды. Бұл Заңда көрсетілген.
Блогерлердің парақшасы қоғамдық санаға әсер ете алатын парақша деп бағаланып, оларды жауапкершілікке тарту шарасын күшейткен орынды. Азаматтардың жеке басына өтетін, белгілі бір компанияның іскерлік дәрежесіне нұқсан келтіретін материалдарды жариялауға сақ болу керек. Қабылданған заңда барлық міндет көрсетілген.
Бірақ соны білмейтін блогер көп, білмегенситін эксперт көп. Қарапайым халық тіптен мұндай заңнан бейхабар. Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын ұмытпаған жөн.
Десе де бұл мәселеде, яғни заңнан бұқараның бейхабар болуына, «таяқтың екі ұшы болатыны» сияқты құзырлы органдарда кінәлі. Өкінішке қарай бізде нақты арыз түсіп, қоғамда шу шықпаса тиісті органдар мәселені тексермейді. Қылмыстық іс қозғалмайды. Қылмыстық іс қозғау үшін 4 тараптық дәйек: субъектісі, объектісі, субъективті, объективті тұсы болуы керек.
–Енді не істеуіміз керек?
–Қоғамдық сананы көтеруге күш салуымыз қажет. Қоғамда заңдық сауаттылықты арттырайық. Әсіресе, әлеуметтік желіге тіркелгендердің аталған заңды білуі міндетті. Әлеуметтік желі қолданушылар «заңды контент деген не? Заңсыз контент деген не?» Осының аражігін ажырата алуы керек. Онсыз қылмысқа өзі ғана емес өзгені де итермелейді.
–Сіздің жетекшілігіңізбен шымкенттік кәсіпкер әйелдерге арналған Aiel Space – орталығы ашылғанынан хабардармыз. Бұл орталықтың мақсаты қандай?
–Кәсіпкер әйелдерге құқықтық қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың әрі қарай дамуына, кәсібінің өркендеуіне көмкетесеміз. Олар орталықта заңгердің, маркетолог маманның, пиар жасаудың шебері SMM-шінің, психологтың да кеңесін ала алады.
Шыны керек, біздің бүгінгі қоғам әйелдерге арналған орталықтар мен кеңестер, қоғамдық ұйымдардан кеңде емес. Іскер әйелдер кеңесі, ауыл әйелдерінің одағы, бизнес ледилер… тағысын-тағылардың бәрі де «әйелдерді қолдаймыз, дамытамыз» деп ұрандатады. Түрлі семинар, форумдар, жиындар өткізуге де машықтанып алғаны жасырын емес. Десе де сол көп жиыннан көшеде шұлық сатып, инстаграм арқылы көйлек-көншек ұсынып отырған қарапайым кәсіпкер әйелге анау айтты көп пайда тиіп жатыр ма? «Үйінде отырып-ақ сауда жасаған әйел дамып кетті» дей аламыз ба?
Сондықтан да Aiel Space- сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолға алынған жоба. Біздің артықшылығымыз – ісімізді нақты нәтижемен дәлелдеудеміз. Қазір, мысалы онлайн бизнес, онлайын сауда әлемдік дәрежеде дамып келе жатқан үрдіс. Бұл үрдістен қазақтың қыз-келіншектері де сырт қалмауда. Тек тауар ұсынып қана қоймай, оқу орталықтарын, қосымша білім беру қызметін ашқан, «үй тазалап, ыдыс жуып беремін», «қамыр жайып, ет асып, қонағыңа дастархан мәзірін ұсынамын» дейтіндерді де біз қазір тек әлеуметтік желі арқылы тауып, қызметін пайдаланып жүрміз. Бірақ, олардың барлығы да заңды толық біледі дей алмаймыз. Толықтырулар мен өзгерістер жиі еніп тұратын заңнан хабары жоқ кәсіпкер көп. Тіпті салық төлеу, жарнама жасаудың талаптары мен міндеттерін де білмейді. Команда құру, бизнес-жоба жасауды меңгерген дей алмаймын. Содан да болар, «ана блогер ұсталыпты», «мына блогерді соттапты» дегенді жиі еститін, оқитын болдық. Көбі заңды білмеуден опық жейді. Ал заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан онлайн сауда-саттықтың өзін заң талаптарына сай жүргізе білу керек. Біздің орталықта салық саласының маманы, бухгалтер есепші де бар. Олар кәсібін заңды жүргіземін деген қыздарға тегін кеңес береді.
–Айжан Өмірзаққызы, мән-жайды түсіндірген сұхбатыңыз үшін көп рақмет.
Сұхбаттасқан
Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ
