Редакция таңдауы

ӘЛІМХАН СЫЗДЫҚОВ – ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕР

Таяуда Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен Polyák Imre & Varga János Memorial халықаралық турнирі өтті. Аталған бәсекеге еліміздің балуандары қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олардың арасында жерлесіміз де бар.

Грек-рим күресінен еліміздің балуандары 1 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізген болатын. 130 келіде белдескен жерлесіміз Әлімхан Сыздықов беделді турнирде қола жүлдеден олжа салды. Ә.Сыздықов бірінші белдесуде Олимпиаданың күміс жүлдегері Хейки Набиді (Эстония) айқын басымдықпен жеңді. Ширек финалда UWW спортшысы Марат Кампаровқа есе жіберіп алды.  Алайда, қола жүлдеге таласта Финляндия өкілі, Еуропа чемпионаттарының жүлдегері Элиас Куосманеннен басым түсті.

Азия чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері Ә.Сыздықов – ел үміт күткен балуан. Өткен жылы Париж Олимпиадасында белдесті. Шымкенттік балуан алдағы әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына жоспарлы түрде дайындық жүргізуде. Мықтылар қатысқан рейтингілік турнирде қола жүлдегер атануы тәжірибесінің толыса түскенін көрсетсе керек. Біз жерлесімізге алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тілейміз.

Айта кетсек, 27-31 шілде аралығында Грекияның астанасы Афины қаласында U17 әлем біріншілігі өтіп жатыр. Грек-рим күресінен ұлттық құрама сапында жерлестеріміз бақ сынамақ. Жасөспірімдер арасында Азия чемпионы Досбол Шәміл (65 келі) мен Азия чемпионатының жүлдегері Әділет Тойшы (92 келі) да жүлдеге таласып көрмек.

Соңғы жаңалықтар