Қазақ қызына тән ұяңдық пен жинақылық бүгінгі сән әлемінің басты ерекшелігіне айналған. Бұған Шымкент қаласында өткен мұсылман әйелдерінің сән байқауы дәлел болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен ұйымдастырған «Әсем киім – әйел ажары» атты республикалық байқаудың іріктеу кезеңі биыл да жалғасын тауып, түрлі салада жүрген қыз-келіншектер ұлттық әрі шариғатқа сай образдарын ортаға салды.
Шараны ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша әйел-қыздар секторы ұйымдастырды. Бұл жолғы сән көрсетілімінен сахналық жылтырдан гөрі, шынайы өмірге икемделген, күнделікті тұрмысқа, кеңсеге, тіпті спортқа да арналған киім үлгілері көзге түсті. Ең бастысы, барлығы шариғат талабына сай, әрі қазақы болмыстан алыстамаған.
– Байқаудың көздегені – сән қуып, шариғат шеңберінен шығып кетпеу. Керісінше, ислам талаптары мен ұлттық нақышты үйлестіре отырып, мұсылман қыз-келіншектердің киіну мәдениетін жаңа деңгейге көтеру, – дейді әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан Асылханқызы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар әр облыста өтіп, ең үздік топтамалар Алматыда өтетін республикалық кезеңге жолдама алады.
Сайыста төрт түрлі бағыт қамтылды: кеңсеге арналған киім, күнделікті образ, спорттық үлгілер және кешкілік көйлектер. Жарысқа қатысушылар саны көп болмаса да, әрқайсысының ниеті мен ұсынған идеясы – терең. Соның бірі – 21 жастағы жас дизайнер Гүлнұр Бектұрғанова.
– Осы салада жүргеніме 5 жыл болды. Киімді сән үшін емес, идея үшін тігем. Қазақ қызының болмысын ашып, орамал тағатын арулардың да әдемі, заманауи, жинақы киіне алатынын көрсеткім келеді. Бүгін Nurly Collection топтасын әкелдім. Оның ішінде кеңселік, күнделікті, кешкі және спорттық бағыттағы киімдер бар. Олардың бәріне қазақы оюларды, кимешек пен камзол элементтерін, көз тартар әшекейлерді қолдандым. Яғни хиджабтағы қыз қазақылықтан алыс емес екенін көрсеткім келді, – дейді дизайнер.
Шын мәнінде, бұл байқау тек сән сайысы ғана емес. Бұл – ұлттық болмысты заманауи әйелдің күнделікті өмірімен астастыру әрекеті.
Ал енді осы байқауда іріктелген жеңімпаз дизайнер республикалық кезеңде өз өңірінің намысын қорғамақ. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, «Әсем киім – әйел ажары» байқауы алдағы уақытта мұсылман әйелдерге арналған отандық киім үлгілерінің көбеюіне ықпал етіп, жас дизайнерлерге жол ашады.
Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ