Редакция таңдауы

Афинадан жеткен ақжолтай хабар

Грекияның Афина қаласында күрес түрлерінен жасөспірімдер арасында (U 17) әлем чемпионаты аяқталды. Қазақ елінің жас балуандары әлемдік сайыста тарихи жүлделермен қуантып, жарқын жеңіске жетті. Күрестің үш түрінен де мерейіміз тасып, балуандар жүлделерді көсіп алды. Ұлттық құрама сапында шымкенттік спортшылар да көзге түсіп, елге жүлдемен оралды. 

45kg GR — Kuanyshbek Zhangazhol (KAZ)

Алдымен грек-рим күресі өкілдері жайында айтайық. Елімізге белгілі балуан, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Асхат Жаңбыров жетекшілік ететін жасөспірімдер құрамасы 5 жүлдеге – 1 алтын, 2 күміс, 2 қолаға қол жеткізді. Ең жеңіл салмақта (45 келі) Қуанышбек Жаңажолға тең келер ешкім болмады. Ол Болгария, Молдова, Иран және Қырғызстан өкілдерінің жауырынын жерге тигізді. Финалда қырғызстандық Нұркерім Құмарбековтен айласын асырды. Осылайша отандасымыз 2019 жылдан бері үзіліп қалған дәстүрді қайта жалғастырып, чемпиондық атаққа қол жеткізді.

48 келіде Нұрдәулет Құмарұлы мен 55 келіде Нұрәли Асқар финалда есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, 71 келіде Марлен Мейірбекұлы, Шымкент қаласының балуаны, жасөспірімдер арасында 3 дүркін Азия чемпионы Досбол Шамиль де қола жүлдені қоржынға салды. Жерлесіміз алғашқы белдесуінде грузиялық қарсыласынан жеңілген еді. Ал жұбаныш белдесуде Молдова, қола жүлдеге таласта Үндістан балуанынан басым түсті.

Жалпыкомандалық есепте үздік үшінші орынды қорытындыладық. Әлем чемпионатының қорытындысында Иран (125 ұпай) бірінші, Өзбекстан (118 ұпай) екінші, ал Қазақстан құрамасы 113 ұпаймен үшінші орынға орнықты.

Еркін күрестен отандық жас балуандар әлемдік сайысты 3 қола жүлдемен аяқтады. 51 келіде Данаел Әбдіқасым, 60 келіде Бекасыл Асамбек, 80 келіде Дінмұхаммед Қасымбек қола жүлде жеңіп алды. Ал Бақдәулет Ағабек (45 келі),  Ералы Әскербек (65 келі), Бейбарыс Ерғали (92 келі) қола жүлдеге таласта жеңіліп, 5-і орын алды. Осылайша, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік үшінші орынға (91 ұпай) иелік етті. Әдеттегідей, АҚШ (154 ұпай), Иран (150 ұпай) командалары жалпыесепте топ жарды.

Жасөспірім қыздар құрамасы әлем чемпионатының көптен күткен алтын медаліне ие болды. Інжу Баққожа (43 келі), Шахизада Дәулетжан (69 келі) қола жүлдеге қол жеткізді. Ал 57 келіде Мадхия Усманова әлем чемпионатында ешкімге дес бермеді. Отандасымыз Италия, Канада, Украина, Жапония және Үндістанның өкілдерін жеңіп, елге алтын жүлдені сыйлады. Жалпыкомандалық есепте бұрымдыларымыз 5-ші орынға жайғасты.

Кезінде талай халықаралық додаларда олжа салған, бүгінде грек-рим күресінен ҚР жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Асхат Жаңбыровтың еңбегін атап өткен жөн. Он жылдан аса халықаралық бәсекелерде белдескен балуан енді шәкірт тәрбиелеп жүр. Көп ұзамай бапкерлік мансабында да алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Асхат командасын алға сүйрей білетін қасиетімен ерекшеленетін. Командадағы балуандар үшін бәріне даяр екенін танытып, шырылдап бағатын. Оны кезінде талай өзіміз де байқадық. Жаңбыровтың жанкештілігі арқасында Шымкент қаласы құрамасы алғаш рет Конфедерация кубогының жеңімпазы атанды. Өзі Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, Болат Тұрлыханов кубогының қола жүлдегері болған тәжірибелі балуан. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін шәкірт баулуға кірісті. Бұл жұмысты да жанымен беріліп істейтіндігіне талай куә болдық. Залға бірінші келіп, ең соңында шығатын. А.Жаңбыров бұған дейін ҚР жасөспірімдер құрамасында жаттықтырушы болып, еңбек етті. Белгілі балуан Алмат Кебіспаевпен бірге команданы әлем, Азия чемпионаттарына дайындады. Мінекей, қазіргі уақытта аға бапкер тізгінін ұстады. Алғашқы әлем чемпионатынан зор олжамен оралып отыр.

Енді шәкірт үшін шырылдайсың. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Асхат Жаңбыровқа бапкерлік қызметте бұдан да жоғары жетістіктерге жетуіне тілектестік білдіреміз.

Жалпы, Шымкент қаласының балуандары биыл жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Жасөспірімдер арасында Азия және әлем чемпионаты, жастар арасында Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жуырда ғана дүниежүзілік Универсиада ойындарының жеңімпаз және жүлдегерлерін күтіп алып едік. Зор қошеметпен. Жеңіс жеңіске ұласып, жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Досбол Шамильді жерлестері ерекше құрметпен қарсы алды. Шымкент қаласының №15 спорт мектебінде жас дарынды күтіп алу іс-шарасы өтті. Мектеп директоры Ермек Байдуашев мектептің шәкіртін жеңісімен құттықтап, алдағы жауапты бәсекелерге сәттілік тіледі.

Т.ҚАСЫМОВ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win