Шымкент жастар театры тағы бір рет көрермендерін қуантты. Татар драматургы Туфан Миннуллиннің «Ах, Диляфруз, Диляфруз!» музыкалық комедиясын сахналады. Қойылымда жастар арасындағы шынайы махаббаттың әрдайым жеңіп шығатыны айқындалып, сахна күлкі мен әуенге толы болды.
Диляфруз – сұлу да еңбекқор бойжеткен. Оның жүрегіне жол тапқысы келетін төрт жігіт – төрт түрлі ұлттың өкілі. Әрқайсысы өз мәдениетін, өз мінезін көрсетіп, Диляфрузға деген сезімдерін ашып жеткізуге тырысады. Ал Диляфруз болса, ешкімге бірден жүрегін ашпай, ғашығының есімін құпия сақтап жүреді.
Қойылымның басынан аяғына дейін көрермендер комедиялық сахналардан ләззат алып, әр кейіпкердің жүректегі сезімдерін шынайы жеткізгенін тамашалады. Басты рөлдегі актриса Диляфруздың нәзік те салмақты бейнесін шебер сомдады. Оның қылықтары мен ішкі арпалысы шынайы әсер қалдырды.
– Бұл қойылым маған керемет әсер етті. Әзіл-қалжың арқылы шынайы сезімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Диляфруздың таңдауы кімге түсетініне дейін демімді ішіме тартып отырдым, – дейді көрермен Ботагөз Қазыбай.
Қоюшы режиссер – Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов сахналық қойылымның әр деталіне мән беріп, кейіпкерлердің табиғатын ашып берсе, қоюшы суретші Қалтөре Жұмақұловтың жасаған сахналық безендіруі де өз алдына бір әлем болды. Әсем, көркем, кейіпкерлердің мінезіне сай келетіндей.
Музыкалық комедия көрермендерді бір сәтке де жалықтырмай, махаббат пен достықтың мәңгілік құндылықтарын тағы бір мәрте еске салды. Көрермендер қойылым соңында ұзақ қол соғып, актерлерге шексіз ризашылығын білдірді.
Шымкент жастары бұл қойылым арқылы өздерінің шығармашылық қарымын тағы да дәлелдей білді. «Ах, Диляфруз, Диляфруз!» – жүрекке жылы, күлкіге толы кеш сыйлады.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ