Айтыс – қазақтың жаны. Ол – елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, шындықты жасырмай айтатын үлкен мінбер. Заманына қарай айтыстың да үні өзгеріп, сөзінің салмағы артып, жауапкершілігі де күшейіп келеді. Бүгінгі айтыскер тек сахнадағы өнер иесі ғана емес, қоғамдық құбылыстарға үн қататын, халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналған тұлғаға айналғандай.
Осы өнердің бел ортасында жүрген айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов – сөзі салмақты, әрбір айтқан ойына жауапкершілікпен қарайтын ақындардың бірі. Ол айтысқа жүлде алу үшін емес, елдің көкейіндегі мәселені жеткізу үшін келген жан. Нұрекең сахнадағы байсалды болмысы, орнымен айтылған әзіл-қалжыңы, қоғамға қатысты батыл ойлары арқылы көрерменнің сеніміне ие болып келеді.
Біз бұл сұхбатта ақынмен айтыстың бүгінгі тынысы, жас ақындардың қалыптасуы, әзіл мен шындықтың арақатынасы, қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелер және шығармашылық жолдағы ізденіс туралы кеңінен әңгімелестік.

– Көпшілік сізді айтыскер ақын ретінде таниды. Ал, сахна сыртындағы Нұрлан Есенқұлов қандай адам?
– Ақын Жұлдыз Қожабекова «Әр адамның ішінде бір суреткер бар» деп айтқан еді. Сол секілді сахнада да, сахна сыртында да адамның болмысы көрініп тұрады. Мен сахнаға шыққанда да салмақты, байсалды қалыпты ұстанамын. Әрине, қалжың да айтылады, бірақ, көбіне баяу мақаммен, салмақты оймен жыр жеткізуге тырысамын. Сахна сыртында да дәл солаймын. Ұшқалақтық жоқ, сабырлы мінезді ұстанамын, ешкімге қиянат жасамауға тырысамын.
– Өнер адамының ең алғашқы сыншысы – халық. Осы уақытқа дейін жаныңызға қатты батқан сын болды ма?
– Халық болған соң түрлі пікір айтылады. Алғашында, жастықтың буымен, кейбір сындарды ауыр қабылдаған кездер болды. Әлеуметтік желідегі пікірлерді оқып, жүрек ауыртып, бас қатырған шақтар да өтті. Уақыт өте келе өмір көрдік, оқыдық, ой түйдік. Абайдың өзін, Біржан салды да кезінде халық сынаған ғой. Солардың қасында біз кімбіз?
Егер сын орынды болса, одан сабақ алу керек. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейді. Сондықтан дұрыс сыннан нәтиже шығаруға тырысамын. Кейде сын сіздің шешіміңізді немесе мақсатыңызды өзгерткен кездер де болады. Бірақ, «Нұрлан қанша айтысқа қатысса да, биік шыңға шыға алмайды, жүлдегерлер қатарынан көрінбейді» деген сөздерді естігенмін. Оны бетіме де айтқан адамдар болды. Ренжіген жоқпын, керісінше, ол мені қамшылады. Көбірек ізденуге, талпынуға себеп болды. Аллаға шүкір, бүгінде жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрміз.
– Иә, 20 жыл айтыс сахнасында жүріп, бас жүлдені 2023 жылы алғаш рет алдыңыз. Бұған дейін жүлдеге лайық бола тұра ала алмай қалғаныңызға мінезіңіз әсер етті деп ойламайсыз ба?
– Кейде өзім де, бәлкім, бір сәттерде асаулық жетіспеген шығар деп ойлаймын. Барынша салмақты, жуас, түсіністік танытамын деп жүргенде сол мінезімді пайдаланып кеткен кездер де болды. Бірақ, «адам асыққанмен, Алла асықпайды» дейді ғой. Сабыр сақтап жүріп, 2023 жылы алғашқы бас жүлдеге жеттім.
Сол жылы бірнеше бас жүлденің иесі атанып, алғашқы темір тұлпарымды міндім. «Сабыр түбі – сары алтын» деген сөздің мәні осы болса керек. Бірақ, айтыс сахнасында жүріп, ең басты жетістік – көтерген мәселелеріңіздің нақты нәтижесінің болуы. Бір айтыста жол мәселесін көтеріп, «жолға бөлінген ақшаны жемеңіздер» деп айтқаным бар. Ол сөзім TikTok-та тарап кетті. Алматыда тұратын Ерлан деген бауырым сол видеоны өз ауласындағы көп жылдан бері жөнделмеген жолдың үстіне салып, әкімшілікті белгілеп жіберген екен. Екі күннен кейін келіп, жолды жасап кетіпті. Кейін айтыста халықтың өзі «сіздің сөздеріңіз бізге нақты көмек болып жатыр» деп айтты. Ақын үшін ең үлкен жетістік – осы.
– Шабытты қайдан аласыз?
– Айтыс көрген кезде шабыт оянады. Бәйгені көрген тұлпардың тұяғы қызып, шапқысы келіп тұратыны сияқты, айтыс көргенде өзің де шабыттанып кетесің. Сонымен қатар кітап оқығанда да ой келеді, жаңа тақырыптар туындайды.
Қазіргі айтыста салмақты дүниелер айтылмайды деген пікір бар. Мен оған қарсы келемін. Жастардың айтысқа деген қызығушылығы, олардың тыңғылықты дайындалып келгенін көрермен сезеді. Өзім оқушылар, студенттер айтысын, жастар арасындағы «Күміс домбыра» айтыстарын тамашалап жүремін. Кейінгі буынның айтысына көңілім толады. Өткір мәселелер көтеріп, жақсы қалжыңдап, деңгейлі айтыстар жасап жүр. Айтыс өнерінің қарқынды дамып келе жатқанын көріп жүрмін.

– Бұрындары «Армысың, халқым!» деп амандассаң, зал ду қол шапалақтайтын. Ал, қазір халықтың қошеметіне жету жастар үшін оңай емес деген едіңіз. Бүгінгі жас ақындар қалай шыңдалып жатыр?
– Қазір жастардың халыққа мойындалуы үлкен еңбекпен келеді. Бірақ мүмкіндік жоқ деп айта алмаймыз. Өнер мектептері, айтыс үйірмелері бар. Мен өзім де өнер мектебінің түлегімін. Біздің буыннан бастап ақындарды дайындау жүйелі түрде қолға алынды деп ойлаймын.
Бұл – жоқтан бар жасау емес, бойындағы бар талантты шыңдау. Саңылау көрсе, соны шуаққа айналдыру – ұстаздың еңбегі. Біз Әбдіхалық Әбдірайымұлы, Сәбит Сері секілді ұстаздардың тәлімін алдық.
2000 жылы Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Ақындар, жыршы-термешілер» мектебі ашылды. Сол жерде Сәбит ұстазымыз, Кәрім апайларымыз сабақ берді. Қазір әр өңірдің өз айтыс мектебі бар. Қаратау мектебі жақсы жұмыс істеп жатыр. Өзіміз түлеп ұшқан Батырбек Өтепов атындағы өнер мектебі-интернатынан да талай дарынды бала шығып жатыр.
– Айтыс стилі де уақыт өте өзгерді ғой. Негізгі бағытты жоғалтып алмадық па?
– Иә. Бір кездері Бекарыс, Меліс, Мұхамеджан ағаларымыз айтысқа үлкен реформа әкелді, күрделендірді. Халық соған үйреніп қалды. Қарапайым қара өлең өтпей қалатын кездер болды. Қазір тыңдарман күрделі ойды, дайындықты күтеді. Бірақ, бәрібір айтыс шынайылығымен өтеді. Кейде ауызекі қара өлеңнің өзі орнымен айтылса, өтеді. Ақынның басты мақсаты – халықтың сөзін сөйлеу. Ақын – билік пен халықтың арасындағы алтын көпір.
Бұрын хандар ақындарды шақырып, «мені мақта, мені датта, ел не дейді?» деп тыңдаған. Бұл – қазақтың тектілігі. Қазір де сол дәстүр жалғасып келеді. Мысалы, билікте жүрген ағаларымыз айтыскер ақынның сөзін ел алдында атап өткен кезі болды. Бұл – ақын сөзіне деген құрметтің белгісі.
– Қазір кейбір айтыскерлер депутат болып жатыр. Ақын-депутаттан не күтесіз?
– Ақынның қайраткер болуы – үлкен артықшылық. Тек сахнада айтып қана қоймай, саясаттың ортасына барып, халықтың сөзін сол жерде шешсе – бұл үлкен қызмет. Қазір Аманжол Әлтаев ағамыз, Ринат Зайытов бауырымыз елдің мәселесін ашық айтып жүр.
Жуырда Ұлытауда өткен фестивальде Аманжол ағамыз туған жері Қаражалға қазынадан қаржы бөлдіріп, үлкен мектеп салынуына себепкер болды. Міне, ақын-депутаттың нақты пайдасы.
– Айтыста әзіл-қалжыңның шекарасы бар ма?
– Әрине, айтыста әзілдің де, қалжыңның да өз шекарасы болуы керек. Өйткені айтыс – жай ғана сөз қағыстыру емес, ол халықтың алдында өтетін үлкен өнер. Көрермен бір жағынан көкейіндегі әлеуметтік, қоғамдық мәселелердің қозғалуын күтсе, екінші жағынан айтыстың сәні болған әзілі мен қағытпа қалжыңын аңсап отырады.
Бірақ сол әзіл қарсыласыңды кемсітуге, намысына тиюге немесе көрерменнің көңіліне қаяу түсіруге апармауы керек. Нағыз ақынның шеберлігі де осында – сөздің уытын сақтай отырып, шектен шықпау, қарсыласты ренжітпей, көрерменді күлдіре білу.
Бұл ретте айтыстың көркем шығуына сахнадағы үйлесім де үлкен әсер етеді. Жүрсін ағамыз мені көбіне қыздармен жұптастырады. Мөлдір Айтбай, Жұлдыз Қожабекова, Жансая Мусина секілді ақын қыздармен сөз қағыстырғанда әзіл де жарасады, ой да еркін айтылады. Ондай айтыстарда бір-бірімізді төмендету емес, керісінше, қалжың арқылы көрерменнің көңілін көтеріп, айтыстың ажарын ашуға тырысамыз. Сол кезде айтыс көркем, тартымды болып шығады, ал көрермен өзіне керегін алып қайтады.
– Қоғамдағы өзгерістерді бірінші болып айтыскер сезеді дейді. Қазір Сізді толғандыратын тақырып қандай?
– Иә, айтыскер – халықтың ішінде жүретін, елдің тынысын, заманның тамыр соғысын бірінші болып сезетін адам. Қазіргі таңда мені қатты алаңдататын мәселенің бірі – жастардың құмар ойынға, түрлі бәс тігуге, жеңіл табысқа әуестігі.
Бұл – көзге бірден көріне бермейтін, бірақ іштен жейтін үлкен әлеуметтік дерт. Ертең елдің тізгінін ұстайтын, бір отбасының тірегі болатын азаматтар бүгін сол әдеттің жетегінде кетіп жатса, ертеңгі күнге алаңдамай тұра алмайсың.
Менің ойымша, бұл мәселені тек тыйым салумен немесе жазалаумен ғана шешу қиын. Жастарға ең алдымен бағыт керек, сенім керек, ертеңіне деген мақсат керек. Айтыс – соларға сөзбен әсер ететін мінбер. Сол себепті сахнаға шыққанда бұл тақырыпты айналып өтпей, ашық айтып, ой салуға тырысамын.
Мүмкін, біреуіне сабақ болар, біреуіне тоқтау салар деген үміт бар. Егер бір жас болса да ойланса, өз жолын түзесе, ақын ретінде миссиямның бір бөлігін орындадым деп есептеймін. Жастар – елдің ертеңі. Олардың сүрінуі – тұтас қоғамның әлсіреуі. Сондықтан айтыс арқылы, сөз арқылы, жүрекке жететін жолмен бұл мәселені көтеру мен үшін маңызды.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Арман көп. Айтыстарымды жинақтап, кітап шығарғым келеді. Арыс ауданынан бастап, Шымкент, Түркістан, Ордабасыда шығармашылық кеш өткізсем деймін. Ән жазу, сөз жазу бар. Келер жылы қырық жасқа толамын, сол жасқа орай үлкен шығармашылық кеш өткізсем деген ой бар.
– Айтыста қарсыласты жеңу қиын ба, әлде өмірде өзіңді жеңу ме?
– Өзіңді жеңу қиын. «Өзін жеңген – бүтін батыр» дейді ғой.
– Өзіңізге қатты талап қоясыз ба?
– Иә. Бірақ өзімді мақтамаймын. Алған жүлдені де Алланың нәсібі деп білемін. Егер өзімізге қойған талапты толық орындасақ, әлдеқашан бірнеше кітаптың, бірнеше әннің авторы болып кетер едік…
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
