Редакция таңдауы

АКАДЕМИКТІ ЕСКЕ АЛДЫ

Өткен жылы Шымкент қаласының көрнекті жерінен қазақтың белгілі ғалымы, педагогика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Төлеген Тәжібаевтың ескерткіш-бюсті ашылған болатын. Өткен ғасырдың басында дүние есігін ашып, кеңестік дәуірдің барлық қиын кезеңдерін басынан кешіріп, артында өлмес ғылыми мұра қалдырып кеткен қазақтың көрнекті қайраткерінің есімі ұмытылмақ емес.

Биыл қоғам қайраткерінің туғанына 115 жыл толып отыр. Бүгінде ұлағатты ұстаз, дипломат, ірі қоғам қайраткері, академик Төлеген Тәжібаевтың қалдырған мұрасын зерттеу, тұлғаға құрмет көрсету іс-шаралары жалғасын тауып келеді. Мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірден өткен күнінде қала тұрғындары еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері академиктің ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек белгілі ғалымның өнегелі өмір жолын дәріптеп, лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік парызымыз екенін атап өтті.

Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек ғалымның қазақ еліне сіңірген еңбектеріне тоқталып, алып тұлғаның атқарған қызметі мен өмір жолын, азаматтық әрі адамгершілік асыл қасиеті туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар