Шымкент қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 2025–2026 оқу жылына құжат қабылдау науқаны басталғаны мәлім етілді. Академияның Шымкент қалалық филиалының аға оқытушысы Жамиля Сариева білім беру бағдарламалары мен биыл енгізілген жаңа талаптар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Оқу орнында қазір 9 магистратура және 3 докторантура бағдарламасы жүзеге асырылады. Соның ішінде «Мемлекеттік басқару», «Мемлекеттік саясат», «Өңірлік даму», «Адами ресурстарды басқару», «Экономика», «Халықаралық қатынастар», сондай-ақ биыл алғаш рет іске қосылған «Цифрлық мемлекеттік басқару» бағдарламасы бар. Жаңа бағдарлама – цифрлық трансформация саласында қызмет ететін мамандарды даярлауға бағытталған бір жылдық жоба.
Магистратура бағдарламалары өңірлік оқыту қағидатымен жүргізіледі. Бұл жүйе мемлекеттік қызметшілерге жұмыстан қол үзбей білім алуға мүмкіндік береді екен. Тәлімгерлер екі апта академияда оқып, кейін өз өңірінде оқуын қашықтан жалғастырады.
Докторантура бағдарламаларына түсушілерге қойылатын талаптар қатарына ғылыми-зерттеу жұмысы жоспарын дайындау және шетел тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат ұсыну кіреді. Ағылшын тілі сертификаты «Мемлекеттік басқару», «Халықаралық қатынастар» және докторантура бағдарламалары үшін ғана міндетті. Бұл талаптар халықаралық бағыттағы лауазымдарға лайық кадрларды дайындау қажеттілігіне байланысты енгізілген.
Сондай-ақ академия биыл магистратураға 120, ал докторантураға 12 мемлекеттік білім грантын бөлген. Бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қызметке бағынышты ұйымдардың өкілдері үшін ақылы оқу мүмкіндігі қарастырылған. Іріктеу процесі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 28 маусым мен 1 шілде аралығындағы онлайн эссе, екінші кезең – 8–23 шілде аралығындағы офлайн сұхбат. Барлық ақпарат үміткерлердің жеке кабинеті арқылы онлайн беріледі. Ал қабылдау нәтижелері 25-шілдеде жарияланса, оқу 1-қыркүйекте басталады.
Академияда білім беру үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Оқу үдерісіне тек профессор-оқытушылар құрамы ғана емес, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік қызмет ардагерлері, квазимемлекеттік сектор өкілдері де қатысады. Білім алушылар шетелдік тағылымдамалар мен ғылыми жобаларға қатыса алатыны да құлағдар етілді.
Жамиля Сариеваның айтуынша, академия – білім ордасынан бөлек, мемлекеттік басқару тәжірибесін дамытуға арналған кәсіби алаң болып отыр. Оның басты міндеті – кәсіби және тұлғалық деңгейі жоғары мемлекеттік қызметшілерді дайындауға негізделген.
Былтырғы оқу жылында академияда 120 адам мемлекеттік грант иегері атанса, 33 адам ақылы негізде қабылданған. Докторантура бағдарламасымен 12 үміткер оқып жатыр, оның екеуі – ақылы негізде. Ал Шымкент қаласынан былыр 25-ке жуық үміткер құжат тапсырғанымен, бірде-бірі оқуға түсе алмаған. Сондай-ақ академия өкілі, оқуға қабылданған мемлекеттік қызметшілерге стипендия төленетінін жеткізді. Ол бұрынғыдай қызметкердің соңғы жұмыс орнындағы жалақы көлеміне сәйкес есептеледі. Бұл ереже биыл да өзгеріссіз қалып отыр. Ал оқу барысында талапқа сай нәтиже көрсетпеген немесе себепсіз сабақты босатқан жағдайда гранттан айырылу қаупі бар. Дегенмен, Шымкент қаласында мұндай жағдай тіркелмеген. Тек 2023 жылы мемлекеттік басқару бағдарламасына қабылданған Бақтияр Өнербаев қала әкімінің шақыруымен басқарма басшысы қызметіне тағайындалуына байланысты өз еркімен академиялық оқуын тоқтатып, гранттан бас тартқан.
Брифинг барысында биылдан бастап қабылдау талаптарына өзгеріс енгізілгені айтылды. Мәселен, мемлекеттік қызмет өтілі бұрын 2 жылдық болса, қазір бұл 3 жылға ұзартылды. Демек бұл академияға түсетін үміткерлердің білім мен тәжірибе тұрғысынан барынша дайын болуын қамтамасыз етуге бағытталған шешім. Оқу орнында әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылмағанымен, мемлекеттік қызметшілер үйінен жатақхана ұсынылады. Ал грантпен де, ақылы түрде де білім алушыларға қойылатын талап бірдей. «Бұған қосымша ақпарат алу үшін академияның ресми www.apa.kz сайтынан және әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан хабарласып, қызықтырған сауалға жауап алуға болады» деді Жамиля Сариева.
Ж.Тұрсынәліқызы