Қаржылық қауіпсіздік – бүгінгі қоғамда әр азамат үшін маңызды әрі өзекті мәселенің бірі. Әсіресе, интернет пен цифрлық технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған кезеңде қаржылық алаяқтық түрлері де түрленіп отыр. Осы орайда жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды міндетке айналды.
Сәуір айынан бастап Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде бір мезетте «Қаржылық қауіпсіздік негіздері» тақырыбында ауқымды дәріс өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастарды қаржылық алаяқтардан қорғау, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру және саналы шешім қабылдауға үйретуге бағытталған.
Шымкент қаласында да бірнеше күн жастар арасында алаяқтарға алданбаудың жолдары түсіндіріліп, қаржылық сауаттылық тақырыбында дәріс өтті. Соның ішінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен қаладағы бірнеше колледж студенттері арасында түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Алғашқы күні өткен дәріске М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дархан Ахмед-Заки, Шымкент қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының, әсіресе, жастардың қаржылық сауатын арттыру, оларды алаяқтықтан сақтау үшін тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл бастаманың аясында өтіп жатқан дәрістердің жастарға нақты көмегі тиіп жатқанына сенімдіміз, – деді Дархан Жұмақанұлы.
Дәріс барысында мамандар «XXI ғасырдағы сандық тұзақтар», «Дроптар деген кімдер?», «Қаржылық пирамидаға қалай алданбауға болады?», «Онлайн несие және оның қаупі» сынды өзекті тақырыптарды қарапайым мысалдар, бейнероликтер, сұрақ-жауап ойындары және интерактивті форматтағы тренингтер арқылы түсіндірді. Сондай-ақ алған қаржылық сауаттылық туралы білімдері тексеріліп, көп ұпай жинаған студенттерге сыйлықтар табыс етілді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде 29 қаржылық пирамида анықталып, 327 алаяқтық чат бұғатталған. Бұл чаттарға қатысушылар саны 1,5 миллионнан асса, олардың көпшілігі жастар екені мәлім болды. Қазір кең тараған алаяқтық түрлеріне қаржылық пирамида, интернет алаяқтық, әлеуметтік инженерия, дроптарды пайдалану кіреді. Соның ішінде қаржылық пирамида – «жеңіл жолмен байып кетемін» деген сенімге ие азаматтарды алдау арқылы қаржысын иемдену, ал интернет алаяқтық – жалған сайттар мен қосымшалар арқылы банк карталарының деректерін ұрлау. Сонымен қатар адам психологиясын қолдану арқылы құпия мәліметтерді сұрап алатын әлеуметтік инженерияны сәтті пайдаланып отыр. Бұдан бөлек, аңғал халыққа арамза молда болып отырғандар бөтен біреудің атына банк шоттары немесе карта ашқызып, оны қылмыстық жолмен пайдалануға үйір болып кетті.
Екінші күні жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған түсіндірме жұмыстары колледж студенттері арасында жүргізілді. Оларға мамандар қаржылық алаяқтардан қорғану, қаржылық сауаттылығын арттыру және саналы шешім қабылдауға үйретуге негізделген бірнеше дәріс өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл бастаманың аясында өтіп жатқан дәрістердің жастарға нақты көмегі тиері анық. Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми деректеріне сүйенсек, Шымкент қаласында алаяқтыққа қатысты істер өзге өңірмен салыстырғанда айтарлықтай алда тұр. Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Мұхамедқасым Оспановтың айтуынша, іс-шара аясында Шымкент қаласында да белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен 6 жоғары оқу орнында және 39 арнаулы білім беру мекемесінде студенттермен түсіндіру кездесулері өткізілді. Бұл кездесулерде алаяқтар қолданатын айла-тәсілдер, қаржы пирамидаларының негізгі белгілері, сондай-ақ оларға қалай қарсы тұру керектігі жан-жақты түсіндірілді.
Жадыра МҮСІЛІМ