Шымкент қаласында еліміз бойынша баламасы жоқ жаңа үлгідегі әмбебап жедел қызмет кешендерінің алғашқысы салтанатты түрде ашылды. Еңбекші ауданындағы Елтай тұрғын алабында бой көтерген нысанның ашылуына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты. Министр өз сөзінде мұндай кешендер құру – Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы екенін атап өтті.

Бұл модель жедел қызметтердің – полицияның, төтенше жағдайлар қызметінің, өрт сөндірушілердің және медициналық жедел жәрдемнің – бір шаңырақ астында қызмет атқаруын көздейді. Интеграциялық тәсіл оқиға орнына жету уақытын қысқартып, өзара іс-қимылды күшейтеді. Елтай және Таскен шағынаудандарында пайдалануға берілген жаңа кешендер дәл осы мақсатқа бағытталған.
Жаңа модульдік бекет 3309 шаршы метр аумақта орналасқан, жалпы аумағы –7 мың шаршы метр. Кешен құрамында оқу мұнарасы, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер, техника қоймалары мен маневр алаңы бар. Бұл жерде шамамен 50 маман тәулік бойы қызмет етеді. Министр Әрінов салтанатты рәсімде:
«Бірлесіп қызмет атқаратын депо алғаш рет ашылып отыр. Бұл – бүкіл елге үлгі болатын бастама. Полиция, медицина, төтенше жағдайлар қызметі бір сапта тұрып, бір қауіпке бірге төтеп беруі – біздің басты қағидамыз. Абыройлы қызмет атқаруларыңызға тілектеспін», – деді.
Жаңа әмбебап кешен жергілікті бюджет есебінен небәрі алты айда салынды және толық заманауи стандарттарға сай жабдықталды. Ол Елтай, Маятас, Тоғыс және Айнатас тұрғын алаптарында тұратын 25 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеді.
Салтанатты шара барысында министр төтенше жағдайлар жүйесінің дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хаты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовке және бірқатар қалалық басқарма басшыларына табысталды. Сонымен бірге, салаға еңбегі сіңген бірнеше маман ТЖМ-нің 30 жылдық мерекелік медалімен наградталды.
Жергілікті қауым өкілдері кешеннің ашылуын қала қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам деп бағалады. Қазығұрт тұрғын алабы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Батырхан Әшетов:
«Бұрын төтенше жағдай бола қалса, қызметтердің келгенінше талай уақыт өтетін. Енді бәрі бір жерде. Қоңырау түзелген бойда ең алыс дегенде 7 минутта жетеді деп отыр. Бұл – халық үшін өте құптарлық бастама», – деп өз ризашылығын білдірді.
Министр мен әкім лентаны қиып, кешеннің жұмысын ресми түрде іске қосты. Шымкент қаласы әкімдігі жыл соңына дейін дәл осындай тағы екі модульдік кешен ашуды жоспарлап отыр. Ал, келесі жылы тағы жеті нысанның құрылысы аяқталады. Мамандардың айтуынша, бұл жоба – елдегі жедел қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық бастама.
А.САЙЛАУҰЛЫ
