Әл-Фараби ауданының прокуратурасы және қала әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі іс-шарасы өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілген кезекті жәрмеңкеде кәсіпкерлер алимент бойынша берешегі бар жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсынды.

Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Сәбит Төлегеновтің айтуынша, аумаққа қарасты жеке сот орындаушыларының өндірісінде 2200 атқарушылық құжат тіркелген. Оның ішінде 450 борышкердің алимент бойынша 900 млн теңге қарыз берешегі бар. Қазіргі таңда 270 борышкер жұмыссыз ретінде тіркеуге алынған. Осыған орай, алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлермен жеке байланыс орнатылып, төлем жасауға кедергі келтіріп отырған себептер де анықталған.

Борышкерлерді жұмыспен қамту – алименттік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудегі барлық уәкілетті органдар мен қоғамның ортақ міндеті. Кезекті іс-шарада индустриалды аймақтағы кәсіпорындар – Назар текстиль, Balabi Textile және тағы басқа мекемелер бос жұмыс орындарын ұсынды. Balabi Textile өкілдерінің мәліметінше, өндіріс орнында бүгінде 13 бос жұмыс орны бар. Атап айтқанда, мейірбике, технолог көмекшісі, тоқыма станогының операторы, тағы басқа жұмысшылар қажет. Сонымен қатар, арнайы кәсіптік оқу қарастырылған. Азаматтарды 3 ай оқытып, сертификат беріледі.

Бүгінгі жәрмеңкеде борышкерлер кәсіпорындарға барып, ондағы жұмыс барысымен де танысты. Айта кетсек, борышкерлер өздеріне ұнаған жұмыс орындарына орналасуға ниет білдіруде.
«Шымкент келбеті»
