
Қазақстан соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға ерекше басымдық беріп, оны экономиканың стратегиялық тірегіне айналдыруды көздеп отыр. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін түбегейлі реформалау, жер ресурстарын тиімді басқару, инновациялық технологияларды енгізу, экспорттық әлеуетті арттыру секілді мәселелер нақты мақсат ретінде қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған. Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек» деп, бұл саланың маңызы мен алдағы нақты міндеттерге тоқталған болатын.
Бұл бағыттағы мемлекеттік саясат бүгінгі таңда ірі жобалар арқылы көрініс тауып, ауыл шаруашылығы саласының жаңа дәуірге аяқ басқанын айқын көрсетуде. Осы реформалардың нақты нәтижесін көрсететін бастамалардың бірі – Шымкент қаласында іске қосылған «Alsera KZ» жылыжай кешені.
Өңірдің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бұл кешен алғашқы қызанақ өнімін ұсынып отыр. Озық технологиямен жабдықталған жылыжайда климаттық бақылаудан бастап суару мен қоректендіруге дейінгі барлық процесс автоматтандырылған, жасанды интеллект элементтері енгізілген. Жоба елдегі агросектордың даму бағыты қандай болуға тиіс екенін көрсетіп, Жолдауда айтылған міндеттердің нақты жүзеге аса бастағанын дәлелдейді.
Биыл елімізде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бөлінген қаражат көлемі 1 триллион теңгеге жетті. Бұл — бұрын-соңды болмаған рекорд. Шаруаларға арналған субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған қаржы көлемі де жыл сайын артып келеді. Алайда, Мемлекет басшысы Жолдауда қаржыландырудың көп болуы саланың тиімді дамуына кепіл бола алмайтынын атап өтті. Ең бастысы — бөлінген ресурстардың нақты нәтиже беруі, ғылыми негізделген жобаларға бағытталуы және толық бақылауға алынуы. Қазақстанда агросекторға бөлінген қаражаттың жоспары мен нәтижесі арасындағы алшақтық әлі де сақталып отыр. Кейбір өңірлер субсидияларды тиімді пайдалануға қабілетті болса, кейбірінде жағдай бұлыңғыр. Сондықтан Үкімет алдында саланы бір жүйеге келтіретін, өнімділікті арттыратын жаңа бағдарлама әзірлеу міндеті тұр.
Осы тұрғыдан алғанда «Alsera KZ» жылыжай кешені — аграрлық секторды жаңғыртудың үлгісі. Жобаның құны 650 млн АҚШ долларын құрайды. Жалпы аумағы 650 гектарды қамтитын алып кешеннің алғашқы кезеңі 208 гектардан басталып, жыл соңына дейін қосымша 40 гектар іске қосылады. Жылдық өндірістік қуаты 155 мың тонна өнімге жетеді деп күтілуде. Ал, алғашқы өнім 14 гектар аумақтан жиналды. Бұл бір ғана жылыжайда өндірілетін өнім көлемінің қаншалықты мол екенін көрсетеді. Жоба толық қуатына шыққанда 5 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл жобаны ауыл шаруашылығы саласында шетелдік инвестиция тартудың үздік мысалы ретінде бағалады. Оның айтуынша, инвесторлар Қазақстан экономикасының тұрақтылығына сенім артып, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге мүдделі. Міне, дәл осы ынтымақтастық саланың болашағын айқындайды. Түркияның «Alarko Holding» компаниясы салған бұл кешен Түркия мен Қазақстан арасындағы экономикалық әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Түрік тарапы жылыжай технологиясында халықаралық деңгейде тәжірибелі, ал, Қазақстан табиғи ресурстары мен нарықтық мүмкіндіктері арқылы бұл серіктестікті тиімді жүзеге асыра алады.
Ірі жылыжай кешенінің ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов те сөз алып, бұл кешеннің қала экономикасындағы мәні мен маңызы туралы айтты.
– Бүгін біз еліміздегі ең ауқымды жобалардың бірі – «Alsera KZ» заманауи жылыжай кешенін салтанатты түрде таныстырып отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт
Кемелұлы Тоқаевтың өсімдік шаруашылығында суды үнемдейтін озық технологияларды кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында бұл жобаның маңызы ерекше. Бұл – ТМД кеңістігіндегі ең ірі жылыжай жобаларының бірі ғана емес, өңір ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеретін стратегиялық бастама. Жоба өнімді жыл бойы үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықты көкөніспен тұрақты қамтамасыз етумен қатар, қаламыздың экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады. Жылыжай кешенінің жалпы құны 650 млн АҚШ долларын құрайды. Аумағы I кезеңде – 208 гектар, II кезеңде – 441 гектар. Жоба толық қуатында жұмыс істегенде жылына 155 мың тоннаға жуық көкөніс өндіріліп, 5000-ға дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен бірге, жоба аясында халықаралық стандартқа сай заманауи зертханамен жабдықталған мамандандырылған академия ашу жоспарлануда. Онда ауыл шаруашылығы саласына қажетті білікті кадрлар дайындалады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қысқа мерзім ішінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, егілген дақылдар алғашқы өнімін беруге дайын. Осыған ұқсас, қаламызда инвестция көлемі 120 млн АҚШ долларын құрайтын, аумағы 150 гектар «Fabe Agro» толық автоматтандырылған заманауи жылыжай кешенін іске асыру жоспарлануда. Әкімдік мұндай ірі жобаларды толық қолдап, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Бұл бастамалар өңір тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға және экономикалық өсімге оң әсер етеді деп сенемін, – деді Айдын Мейрамбекұлы.
Президент Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу тақырыбына ерекше мән берілді. Қазіргі таңда Қазақстан экспортқа көбіне шикізат күйіндегі өнімдерін шығарады. Бұл ел экономикасының мүмкіндігін толық ашпайды. Осындай жылыжай кешендері өнімді өсірумен қатар, оны сұрыптау, қаптау, сақтау, қайта өңдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп, қосылған құн тізбегін кеңейтеді. Мәселен, қызанақтан томат пастасы, шырын, кептірілген көкөніс және жартылай дайын өнімдер жасауға болады. Бұл ішкі нарыққа тиімді әсер ететіні сөзсіз, ал, сыртқы нарықта экспорттық әлеуетті арттырады.
Президент атап өткен тағы бір маңызды бағыт — аймақтық агрохабтар құру. Әр өңірдің табиғи мүмкіндігі мен шаруашылық бағыттары әртүрлі. Сол себепті өнім өндіруден бастап, оны өңдеп, сатылымға шығаратын толық тізбекті бір орталықтан басқару тиімді. Шымкенттегі «Alsera KZ» кешені осындай хабтық модельдің алғашқы қадамы бола алады. Түркістан облысы мен Шымкент еліміздің ең ірі көкөніс өндіретін аймақтары екені белгілі. Бірақ, өнімді сақтау, өңдеу, ұзақ мерзімге жеткізу бағытында әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Құрылысы аяқталғаннан кейін «Alsera KZ» осы олқылықтарды толтыруға септігін тигізеді.
Қазіргі ауыл шаруашылығының басты талаптарының бірі — цифрландыру. Егін егу, тыңайтқыш беру, суландыру, зиянкестермен күресу — бәрін технология көмегімен бақылау өнімділікті айтарлықтай арттыра алады. «Alsera KZ» кешені климаттық бақылау, жарық режимін реттеу, өсімдіктерді қоректендіру үдерістерін автоматтандырған. Бұл су мен энергияны үнемдеуге, өнім сапасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Жолдауда айтылған космомониторинг жүйесі де жерді тиімді басқаруға бағытталған маңызды құрал. Спутниктік бақылау топырақтың жағдайын анықтап, бос жатқан жерлерді дәл табуға мүмкіндік береді. Бұл — субсидия берудегі әділдікке және жерді игеру мәселесін реттеуге себеп болатын фактор.
Қазақстандағы ең ауыр мәселелердің бірі — жер қатынастары. 2022 жылдан бері 13,5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бірақ оның жартысына жуығы әлі айналымға енгізілген жоқ. Бұл, әрине, жер ресурстарын басқарудағы кемшіліктердің анық көрінісі. Президент әкімдерге қайтарылған барлық жерді алдағы жылдың ортасына дейін толық игеруге тапсырма берді. Мұның ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мен жайылым тапшылығын шешуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Жерді электронды форматта, ашық конкурстар арқылы бөлу — сыбайлас жемқорлықты болдырмауға арналған маңызды қадам.
Ауыл шаруашылығы ғылымының жағдайы да Жолдау барысында сынға алынды. Ғылыми жобалардың коммерциялануы 17 пайыздан аспай отыр. Бұл — ғылымның өндірістен алшақ екенінің айғағы. Аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнологиялық хабқа айналдыру — салаға жаңа серпін беретін реформа. Бұл хабтарда студенттер тәжірибеден өтіп, жаңа ғылыми әзірлемелер өндіріс орындарында сынақтан өткізіледі. «Alsera KZ» жобасы жанынан салынатын агроакадемиялық орталық осы бағыттағы алғашқы ауқымды бастамалардың бірі болмақ. Мұнда жас мамандар заманауи жылыжай технологияларын тәжірибеде меңгеріп, ғылым мен бизнестің арасындағы алшақтықты қысқарта алады.
Азық-түлік қауіпсіздігі — Қазақстан үшін стратегиялық міндет. Ішкі нарықтағы кейбір өнімдер әлі де импортқа тәуелді. Бұл жағдайды өзгерту үшін ішкі өндірістің көлемін арттыру, логистиканы жақсарту, өңдеу кәсіпорындарын көбейту қажет. Президент Үкіметке аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Онда халықаралық стандарттар, ветеринарлық талаптар, өнімді сыртқы нарыққа шығару жолдары жан-жақты қамтылуы тиіс. Шымкенттегі «Alsera KZ» кешені болашақта экспортқа бағытталған көкөніс өнімдерін тұрақты түрде шығара алатын әлеуетке ие.
Адуынды агрореформалар Қазақстанды жаңа экономикалық деңгейге шығаратыны анық. Бұл жолда теориялық жоспардан гөрі нақты іске асырылып жатқан ірі жобалардың маңызы зор. «Alsera KZ» жылыжай кешені — ауыл шаруашылығын жаңғырту жолындағы осындай нақты қадамдардың бірі. Жоба өңір халқын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеді, экспорттық әлеуетін арттырады, шетелдік инвестицияны тартады, ғылыми және технологиялық жаңалықтарды енгізуге мүмкіндік береді. Қазақстан аграрлық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыра отырып, ауыл шаруашылығын жаңа белеске көтеріп келеді. Ал Шымкентте ашылған осындай заманауи кешендер бұл үлкен жолдағы маңызды белестердің бірі екені сөзсіз.
Тағабай ҚАСЫМОВ
