Бұл өмірде өлді деуге қимайтын адамдар болады. Соның бірі, бірегейі –«Алтын скальпель» халықаралық сыйлығының лауреаты, ТМД елдерінің хирургтар Ассоциациясының құрметті мүшесі, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Мәди Қожаұлы Бегалиев ағамыз. Ол туралы жаратқаннан хирург болып туылған деген сөз айтылады.

Мәди Бегалиев — Шымкент медицина тарихында алғашқылардың бірі болып науқастын бүйрегін ауыстырған хирург. Мәди Бегалиев — Шымкентте алғашқылардың бірі болып ауру бауырға ота жасаған алтын қандауырлы дәрігер.
Ол дүниеден өткенде жаназасына Шымкенттен бөлек сырт облыстардан қарақұрым адам жиналып азалады. Сонда оны жақсы білетін медицина ардагерлерінің аузынан «Мәди он мыңға жуық адамдарға ота жасады. Барлығы дерлік сәтті өтті. Міне, біз қандай адамды жоғалтып отырмыз, ағайындар» деген пікірлер айтылды.
Бір мысал айтайық. Шымкенттік Мәдина Тасқұлова деген азаматшаның бауыры көптен ауырады екен. Әр түрлі дәрі-дәрмек ішіп, жазыла қоймаған соң медициналық тексеруден өтеді. Бауыр циррозы. Мәди Бегалиев ота жасайды.
– Мәди қайтыс болды дегенді естігенде ботадай боздап жыладым, – дейді ол. – Өте ауыр болды. Өйткені, маған Алладан кейін өмір сыйлаған осы алтын қолды хирург Мәди Қожаұлы еді. Артында үш перзенті қалған екен. Амандығын тілеп дұғама қосып отырамын. Бұл бір адамның тілегі ғана. Осындай жақсы тілеуге Мәди Қожаұлы ота жасаған, бүгінде аман-сау тірлік кешіп жатқан мыңдаған адамдардың алғысын қосыңыз.
Біз Ауған соғысының ардагерлеріміз. Біреулер бүгінде әділетсіз соғыс, КСРО мен АҚШ-ның теке тіресі, қазаққа еш пайдасы жоқ, мағынасыз соғыс еді деп маңызын кеміткісі келеді. Біз он сегіздегі түбіт мұрт жас бозбалалар едік. Отанымыз — Кеңестер Одағы еді. Атақты Бауыржан Момышұлы да осы Отаны үшін соғысқа кірді. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деді. Біз де осы сеніммен отқа түстік.
Мыңдаған қазақстандық боздақтар майдан даласында қаза тапты, жараланды. Елге аман оралғандардың көбі жараланған, мүгедек болған, контузия алған жауынгерлер еді. Оларға айырықша мейірім, медициналық жәрдем керек еді. Мәди Бегалиев ұзақ жылдар бойы Шымкент қалалық жедел-медициналық көмек көрсету аурруханасының бас дәрігері болып жұмыс істеді. Соғыс зардабы деңсаулыққа қатты әсер етті. Сондықтан, жүздеген жауынгерлер Мәди Қожаұлының алдынан өтті. Атақты хирург, білікті басшының жақсы қасиеті қарапайымдылығында еді. Ешқашан жоқ демейтін. Жақсылығын бәріміз көрдік.
Былтыр көктемге салым дүниеден өткен Ауған соғысы ардагерлерін еске алу мақсатында күрес түрлерінен республикалық турнир өткіздік. Сол жарысқа Алтай мен Атырау аралығынан ауған соғысы ардагерлері жиналды.
Сол басқосудың бірінде талайын ажал тырнағынан аман алып қалған Мәди Қожаұлы Бегалиев туралы сөз болды. Талдықорғандық, ауған соғысының ардагері, бүгінде еліміздің баянды келешегі үшін еңбек етіп жүрген Шормақ Ильясов Мәди Бегалиевтің жарқын бейнесін еске қалдыру мақсатында Шымкент қаласының бір көшесіне есімін беру туралы бастама көтерді. Бұл ұсынысты бәрі бірауыздан қолдады.
Мықты хирург болу үшін маман қандай болу керек?
Кезінде сұхбат алған бір тілші Мәди Қожаұлына осындай сауал қойған екен.
«Денсаулық сақтау саласындағы қырық жылға жуық тәжірибемнен түсінгенім, ең әуелі білім керек. Екіншіден, дәрігер адамға мейірімді болуы тиіс. Ал науқас адамға деген мейірімділігі екі есе артық болуы керек. Себебі ол қиналғандықтан дәрігердің көмегін сұрап келіп отыр. Оған көңіл бөліп, жылы сөз айту қажет. Науқас адамға дөрекі сөйлеудің өзі жағдайды қиындатып, аурудың асқынуына апарып соғуы мүмкін. Яғни, психолог бола білу керек. Тіпті кішігірім операция жасау қажет болса да дәрігер науқас адамның сеніміне кіруі қажет.
Біздің ауруханамызға Мәскеу, Балтық жағалауы елдері, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерден профессорлар арнайы келіп, семинарлар өткізді. Бірақ, шетелден мамандарды шақырудағы себеп – медицина саласындағы соңғы жаңалықтар мен технологиялармен танысу ғана. Мен талай елде болып қайттым, содан байқағаным — біліктілігі жағынан біздің дәрігерлеріміз шетелдік әріптестерінен кем емес. Өзге елдерге тәжірибе алмасу үшін мамандарды жіберіп тұрудың пайдасы мол. Менің ойымша, оған әжептәуір тәжірибе жинақтаған дәрігерлерді ғана қатыстыруымыз қажет. Оқуды енді бітірген жастарды шетелге жібергеннен ұтарымыз шамалы. Ол онда дұрыстап ештеңе үйрене алмайды. Шетелге бару үшін өзімізде кемі он шақты жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау қажет. Біздің ауруханада көптеген студенттер іс-тәжірибеден өтеді. Қолымыздан келгенше жас мамандарды үйретіп, тәжірибе бөлісеміз. Өз кезегінде жастар да білім алуға, тәжірибе жинақтауға ұмтылуы тиіс. Жалпы, мен үшін студенттің қай оқу орнын бітіргені аса маңызды емес». Білікті хирург осылай деген екен.
Адам тағдыры ойыншық емес. Бойында дерті бар адам ақ халатты абзал жандардан дауа іздейді. Ал, оған дәрігердің біліктілігі жеткіліксіз. Сондықтан, Мәди Бегалиев өзі басшылық ететін аурухананың материалдық-техникалық базасын барынша жаңа қондырғылармен жабдықтаған еді. Шәкірттер тәрбиеледі. Науқастар Алматы, Астана асқан жоқ. Алтын қандаурлы дәрігеріне сенді. Мәди Қожаұлы бастаған хирургтар күніге қырыққа дейін ота жасап жүріпті. Бұрындары бауыры ауырған науқас шетелге шығуға тырысатын.
Ал, оған көп ақша керек. Қажетті қаржыны жинай алмаса ауруы асқынып дүниеден өтуі де мүмкін.
Мәди Қожаұлы осының бәрін ой елегінен өткізіп бауыр алмастыруды Шымкентте-ақ қолға алудың бастамашысы болды. Өзі ота жасады, шәкірттеріне үйретті Шымкенттегі сәтті жасалатын бауыр, бүйрек отасы көрші мемлекеттерге де жетіп, ол жақтан да науқастар келіп жатты.
Бір қызығы, бауыр, бүйрегін ауыстырғысы келетіндер медицинасы өте мықты дамыған деп саналатын Германия клиникаларына баруға тырысады. Ал, сол Германиядан Мәди Бегалиевке бүйрегін ауыстыруға бір азамат іздеп келкен. Бұл Оңтүстік Қазақстан медицина тарихында шетел азаматына жасалған тұңғыш ота екен. Бәрі сәтті болған. Негізі, сол Германияда осы отаның құны 60-70 мың доллар аралығында екен. Ал, Шымкентте науқас 4,5 млн.теңге төлеген. Бегалиевтың даңқын естіген Румыния, Болгариядан да науқастар хабарласып, кезекке тұрған.
Мұның бәрін неге айттық?! Алыс және шет елдерінен науқастар іздеп келіп, дертіне шипа тауып кететін осы Мәди Бегалиевті біз қалай бағалап жүрміз? Есімін мәңгі есте қалдыратындай қандай шаралар қолға алдық? Сондықтан да Ауған соғысы ардагерлері Шымкент қаласының бір көшесін алтын қолды дәрігердің есімімен атау жөнінде бастама көтерді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары әрі қалалық онамастика кеңесінің төрағасы Сәрсен Құранбекті жұрт еңбекті бағалай білетін зиялылар қатарынан біледі.
Қалада атауы әлденеше рет қайталанатын көшелер көп. «Барсыған көл» дегенде көше бар екен. Осындай көшелердің біріне мыңдаған науқастарға ота жасап, өлім тырнағынан арашылап қалған Мәди Қожаұлының атына берсек, қала халқы бірауыздан қолдаған болар еді.
Ғалымжан МАЙХАНОВ,
Шымкент қалалық Ауғанстан және жергілікті
соғыс ардагерлері одағының төрағасы
