Редакция таңдауы

Алтын қолды хирург

Шымкент қалалық диагностикалық орталығының күндізгі хирургиялық стационарына жетекшілік ететін Тимур Саламатов – өз ісіне шын берілген білікті дәрігер, тәжірибелі маман. Қазір ол жетекшілік ететін бөлімде тағы төрт тәжірибелі дәрігер халыққа сапалы медициналық көмек көрсетіп келеді. Атап айтқанда, хирург Камал Дадаметов, тамыр хирургиясы бойынша маман Даниял Айтмамбетов, проктолог Қайрат Төлемесов және анестезиолог-реаниматолог Жомарт Бекетов – бұл ұжымның сенімді тірегі.

Жастайынан адамға көмек көрсетуді өмірлік мұрат еткен Тимур Саламатов медицина саласындағы алғашқы қадамын Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясынан бастады. 2007 жылы хирургия бойынша интернатураны да тәмамдайды. Жас маман ретінде медицинадағы еңбек жолын ол Шымкент қаласындағы Жедел жәрдем ауруханасында (қазіргі көпбейінді аурухана) бастады. Сол кездегі бас дәрігер Мәди Бегалиевтің шақыруымен Тимур Саламатов күрделі әрі қарбалас жұмыс кестесімен ерекшеленетін бұл ауруханада травматолог-ортопед болып еңбек етті. Алған білімімен шектелмей, үнемі ізденісте жүретін жас дәрігер Алматы қаласына жол тартып, хирургия саласындағы біліктілігін тереңдетуге кіріседі. Бұл бағытта да оған қолдау білдірген – сол кезеңдегі Мәди Бегалиев болатын. Төрт айлық оқудан кейін Тимур Саламатов туған қаласына қайта оралып, ақ халатты абыройлы қызметін жалғастырды. Жедел жәрдем ауруханасындағы екі жылдық жауапты да күрделі еңбек тәжірибесі оның кәсіби шеберлігін шыңдап, нағыз майталман маман ретінде қалыптасуына әсер етті. Күн сайын сан түрлі жағдаймен бетпе-бет келіп, адам өміріне араша болу – жігер мен білікті талап ететін қиын міндет. Бұл кезең Тимур Саламатов үшін нағыз өмір мектебі болды. Көп ұзамай тағдыр оны жаңа белеске жетелейді. Тимур әскери міндетін өтеу мақсатында Ақтау қаласына аттанып, екі жыл бойы теңіз жаяу әскерінің медициналық бөлімінде әскери дәрігер-хирург ретінде қызмет атқарады. Бұл жылдарды ол ерекше ықыласпен еске алады. «Мен үшін бұл кезең жан-жақты шыңдалу мектебі болды. Жауапкершілік, тәртіп, достық – бәрі де сол жерде берік қалыптасты», – дейді ол.

Бүгінде Тимур Саламатовтың есімі Шымкент қаласы тұрғындарына жақсы таныс. Әсіресе, ота жасатуға мәжбүр болған талай жан оның кәсібилігіне сеніп, аман-есен дертінен айығып шыққан. Қалаға оралған соң, Тимур Саламатов еңбек жолын қаладағы амбулаторлық хирургия, травматология және гинекология орталығында (қалалық ЦАХТиГ) жалғастырды. Мұндағы хирургия бөлімінде ол табан аудармай жеті жыл бойы қызмет атқарып, нағыз кәсіби шыңдалудың мектебінен өтті. Уақыт өте келе ол тек тәжірибе жинақтап қоймай, әріптестері арасында сыйлы, ал науқастар үшін сенімді маманға айналды. Осы жылдары Тимур Саламатов орталықтың операциялық блогына жетекшілік етіп, ең күрделі оталардың сәтті өтуіне жауапты болды. Ұжымдық жұмысты үйлестіріп, жоғары технологияларды меңгере отырып, ол әмбебап хирург ретінде қалыптасты. Бүгінде оның қолында хирургия, травматология, урология, тамыр хирургиясы мен проктология бағыттары бойынша ресми сертификаттар бар. Хирургиялық бөлімнің белді мүшесі бола жүріп, ол операциялық блоктың меңгерушісі қызметіне дейін көтерілді. Оның тікелей бақылауымен күрделі, жоғары деңгейдегі оталар сәтті орындалды. Осы жылдары Тимур әмбебап хирург ретінде қалыптасып, қазіргі таңда хирургия, травматология, урология, тамыр хирургиясы және проктология бойынша бірнеше ресми сертификаттары бар. Орталықта оның кәсіби қалыптасуына ықпал еткен ұстаздары – өз саласының хас шеберлері еді. Белгілі проктолог Пердебай Ахинов, үздік травматолог Талғат Айтбаев, жоғары санатты уролог Ержан Кебекбаев пен тамыр хирургі Даниял Айтбенбетов сынды білікті мамандардан тәлім алды. Ал орталықтың бас дәрігері, қалаға танымал хирург Серік Мыңбаевтың жетекшілігімен ол нағыз хирургия мектебінен өтті. Тимур Саламатов үшін әрбір науқас – жай ғана күнделікті жағдай емес, бұл – өмір, үміт, және адам тағдыры. «Менің қолымнан өткен әр адам – менің есімде. Олар мен үшін тек ауру емес, олар – хикая, адамзаттың нәзік үміті, ал мен сол үміттің соңғы мүмкіндігі болуым мүмкін. Кейде науқас дәрігерге тек аурудан арылу үшін емес, қайта өзін-өзі табу үшін келеді. Бұл – менің тәжірибемде жиі кездесетін шындық. Ауруды жасыруға болмайды, оны емдеу керек, – дейді білікті дәрігер.

Тимур Саламатов қызметінің көпсалалылығына, күнделікті жұмыс қарқынының жоғары болуына қарамастан, ешқашан үйренуден жалықпаған. Ол дәрігер үнемі дамуы керек деп есептейді. Өйткені әр шешімнің артында адам тағдыры тұр. Сондықтан ол үшін әрбір ерекше клиникалық жағдай – қиындық емес, керісінше, кәсіби өсуге жол.

Шымкент қалалық диагностикалық орталығы Тимурды Алматы қаласына бастапқы ангиохирургиялық мамандануға жіберді. Бұл кезең оның кәсіби дамуының жаңа сатысы болды. Бірнеше ай бойы күрделі теория мен клиникалық тәжірибеге толы оқу, үздік мамандармен иық тіресе жұмыс істеу оны мүлде басқа деңгейге шығарды. Ангиохирургия – адам ағзасындағы ең нәзік құрылымдармен жұмыс істеуді қажет ететін, дәлдік, байсалдылық пен төзімділікті талап ететін сала. Тимур бұл жолдан абыроймен өтті. Қайта оралғанда ол бұрынғыдай емес, жаңа ойлау жүйесі мен стратегиялық көзқарасы қалыптасқан, клиникалық шешім қабылдау қабілеті жоғары, ерекше дағдыларға ие қан тамырлары хирургі ретінде оралды.

– Ота жасау бөлмесіне кірген сәтте мен ерекше тыныштықты сезінемін. Бұл – тек техникалық емес, рухани жайлылық. Себебі, сен жалғыз емессің, қасыңда сенімді команда бар. Тіпті, біздің күнделікті жұмысымызда қолданылатын аппараттар да осы команданың мүшелері секілді. Мысалы, 2017 жылдан бері қолданыстағы америкалық Closure RFG радиожиілікті коагуляциялау құрылғысы. Бұл аппарат тіндерге барынша дәл, ұқыпты әсер етуге мүмкіндік береді, қан жоғалтуды азайтып, науқастың оңалу уақытын қысқартады. Жарықтандыруда 2018 жылы орнатылған Германиялық Sim.LED шамы көмектеседі, көзді шаршатпайды, әр бөлшекті айқын көруге мүмкіндік береді. Біз үшін лапароскопиялық оталарда бейнені анық көрсету – аса маңызды. Бұл ретте 2018 жылы жеткізілген Жапониялық бейнеэндоскопиялық кешен – таптырмас көмекші. Ол арқылы хирург ішкі ағзаның ішінде жүргендей жұмыс істей алады. Сондай-ақ THUNDERBEAT электрохирургиялық құрылғысы – жылдам әрі дәл жұмыс істеуге арналған. Жапон техникасы нағыз шеберлікке қызмет етеді. Біздің белорусьтық В-40 сорғышымыз бен Ресейден 2007 жылы алынған ескі, бірақ сенімді хирургиялық сорғышымыз – күнделікті еңбектің айнымас серігі. 2019 жылы алынған KARL STORZ неміс жүйесі – урология мен гинекология саласындағы аз инвазивті оталарға жол ашты. Ал 2014 жылы отандық өндірістен шыққан СОУ-200 хирургиялық үстелі – қарапайым, бірақ ыңғайлы. Проктологияда біз ресейлік портативті «Ангио-1 Прокто» құрылғысын қолданамыз – бұл құрылғы арқылы геморройды тігіп байлау әдісімен емдеу жеңіл, әрі оңалуы жылдам. Ал менің 2016 жылғы неміс өндірісіндегі бинокулярлы үлкейткішім – күнделікті сенімді серігім. Ол арқылы ұсақ тамырларды, жүйке талшықтарын анық көріп, миллиметрге де қателеспеуге болады. Бұл құрылғылар – музыканттың аспаптарындай. Әрқайсысы өз үнінде «ойнайды», бірақ бірге үйлесім таба отырып, хирургиядағы нағыз симфонияны жасайды, – дейді Тимур Саламатов.

Шымкент медицинасы бүгінде жай ғылым емес, өңірдің мақтанышы, прогрестің шынайы символына айналды. Бұл  күн сайын ақ халат киіп, өзгенің дертіне дауа іздеген жанкешті мамандардың еңбегінің нәтижесі. Бүгінде біздің Шымкентте білікті дәрігерлердің қатары артқан. Олар – қиын сәтте сүйеніш бола білетін, біліммен, адалдықпен, өз ісіне деген махаббатпен өзгелердің өмірін жарық ете алатын тұлғалар. Олардың қолдары ғажайыпты жасайды, жүректері өзгелер үшін соғады, жанарлары үмітке толы.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар