Шымкентте отбасылық-демографиялық саясатты жүйелі түрде жүргізуге бағытталған әлеуметтік мекемелер қатары көбейіп келеді. Жақында біз солардың бірі – «Отбасын қолдау орталығының» жұмысымен танысқан едік.
Орталықтың табалдырығын аттағаннан мұнда отбасы мүшелерінің әрқайсысына, әсіресе, ана мен баланың дамуына барынша көңіл бөлінгенін аңғардық. Бүлдіршіндерге арналған ойын бөлмесімен қатар, онда аналарға тігін, шаштараз, аспаз секілді кәсіп түрлерін оқытатын арнайы үлкен залдар қарастырылған. Тіпті, төменгі қабатта тігін цехы бар. Ондағы тігін машиналарын қиындыққа тап болған аналардың кез келген уақытта пайдаланып, іс тігуді үйренуіне барлық жағдай жасалған.
Зульфия Юсупова мұнда орталық ашылған 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашқыда «Шаңырақ», «Бақытты жанұя» деп аталған орталықтың қазір атауы ғана емес, қызмет аясы кеңейіп, құзыреті де өзгерген. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін тілге тиек етіп, Үкіметке нақты тапсырмалар берген-ді. Соның негізінде еліміздің әр аймағында Отбасын қолдау орталықтары ашылды. Отбасыларды әлеуметтік-құқықтық сүйемелдеуге және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған орталықтардың жұмысы «Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заңның негізінде жүргізілетін болды.
Сонымен қатар, олар «FSM Social» ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс істей бастады. Мәселен, жаңадан босанған аналарға учаскелік дәрігерлер тексеруге барады. Сол кезде дәрігерлер ананың ғана емес, сәбидің де, жалпы сол отбасының тұрмыс-тіршілігін бақылап қайтады. Қандай да бір қажеттіктерді байқаса, дереу Отбасын қолдау орталығына хабар береді. Ал, бұл орталық мамандары көмек көрсетуге кіріседі. Сондай-ақ, мектептегі сынып жетекшілері мен полицейлер де осы жүйеге сәйкес қызмет атқарады. Мұндағы мақсат – ана мен балаға дер кезінде қолдау білдіру.
Айталық, баланың мектепке келуі азайып, сабақ үлгерімі нашарлайды. Үсті-басы кірлеп, тырнағы, шашы өсіп жүреді. Күтімінің жоқ екеніне байқаған сынып жетекшісі оны мектеп басшылығына айтады. Ал, олар бұл хабарды Отбасын қолдау орталығына жеткізеді. Сол секілді учаскелік полицейлер де өзіне тиесілі учаскелік аймақта ішкілікке салынып, бұзақылық әрекеттер жасап жүрген азаматтарды ерте анықтай алады.
Қысқасы, біз барған орталық осылайша қиындыққа душар болған отбасылардың мәселелерін шешуге көмек береді. Отбасы мүшелерінің тәжірибелі мамандардан кеңес алып қана қоймай, олардың тұрғын үйге, балабақшаға кезекке тұруына, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізуіне, кәсіптік курстардан өтуіне және тағы басқа да қызмет түрлерін бір жерден алуына мүмкіндік тудырады.
– Тұрмыс тауқыметіне тап болған отбасылардың басына түскен ауыртпалығын еңсеруде, оларға осындай қиын сәтте бағыт-бағдар көрсетіп, қолдау білдіруде мұндай орталықтардың маңызы зор деп білемін. Біздің орталық көпбалалы, тұрмыс жағдайы аз қамтамасыз етілген, зорлық-зомбылық көрген отбасы мүшелеріне құқықтық, психология, әлеуметтік көмек көрсету бойынша қажетті жұмыстарды үйлестірумен айналысады.
Олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтіруге, кәсіптік оқытуға, жұмысқа орналастыруға, жәрдемақыларының тағайындалуына, алименттің өндірілуіне, балаларды білім беру ұйымдарына орналастыруға және осы секілді тағы басқа да мәселелерде көмек береді. Сонымен қатар, барар жері, басар тауы жоқ аналарға уақытша тұратын орын табуға жәрдемдесеміз.
Осы ретте мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір келіншек төртінші баласын дүниеге әкеліп, перзентханадан шыққан күні біздің орталыққа келді. Балаларының арасы тым жақын. Ол перзентханаға кеткенде, үйдің иесі бүлдіршіндеріне қарайласып тұрыпты. Дегенмен, қаншама уақыттан бері пәтер ақысы төленбегендіктен, перзентханадан шыққан күні оған үйді босатуын өтінген екен. Сәбиін кесар тілігі арқылы босанған ананың жағдайы ауырлай бастады. Таңертеңнен кешке дейін оны орналастыратын жерді іздеумен болдық. Жұмыс уақыты да таяп келеді. Көп қан жоғалтқан болуы керек, кешқұрым әлсіреп, балаларына қарауға шамасы келмеді. Дереу жәдел жәрдем шақырып, медициналық көмек көрсетілді. Сұхбаттасу барысында оның жолдасынан зорлық-зомбылық көргені де анықталып, қаламыздағы зорлық-зомбылық орталығына балаларымен орналастырдық.
Келесі күннен бастап келіншектің құжаттарын рәсімдеп, көп балалы ана ретінде үй кезегіне тіркедік. Балаларының әкесінен алимент өндірілді. Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында да құжаттары жинақталып, тиісті орындарға тапсырылды. Орталық психологы оған басына түскен қиындықты еңсеруге, депресияға түсіп кетпеуіне көмектесті. Ол сол кезде өзінің мемлекеттің қамқорлығында екенін сезініп, ертеңіне деген үміт жібін қайта жалғай білді. Қазір көпбалалы ана орталыққа келіп, хабарын айтып тұрады. Кішкентайын балабақшаға беріп, жұмысқа орналасыпты. Үлкендері мектепке барып жүр, – дейді Зульфия Юсупова.
Отбасын қолдау орталығының мамандары жыл басынан бері Шымкент қаласында аз қамтамасыз етілген және көп балалы, қиын жағдайға тап болған 2 757 отбасыға көмек көрсетті. Психологтар 213 адамға терапиялық жеке қабылдау өткізді. Заңгерлер 113 адамға құқықтық көмек берді. Ай сайын құқық қорғау, білім, денсаулық сақтау салаларының мамандарымен бірлесе отырып, «Тәуекел тобындағы» тұрғындардың үйлерін аралайды. Бүгінгі таңда қаладағы бес ауданда 392 отбасы бақылауға алынып, олардың анықталған мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға хат жолданып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жергілікті полиция инспекторларымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 64 құқық бұзушыны анықтады.
Сонымен қатар, жыл басынан бүгінге дейін 45 іс-шара өткізіліп, оған 546 ана тартылды. Қалалық тұрғын үй басқармасымен және «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесе отырып, 1 032 анаға тұрғын үй мәселесі бойынша ақпараттық жұмыстар ұйымдастырылды. Нәтижесінде, орталық мамандарының көмегімен 560 ананың құжаттары kezekte.kz порталына тіркелді. Олардың ішінде 10 ана мемлекеттік тұрғын үйге арналған бағдарламалар арқылы баспаналы болды.
Орталықта аналардың кәсіп игеріп, табыс табуына қолдау көрсету үшін 10 бағытта кәсіби қысқа мерзімді оқу курстары өткізіліп келеді. Бүгінде осындай оқу курсына тіркелген 371 ананың 89-ы білім алды. Алайда, «Ажырасып, жағдайы болмай жүйкесі жұқарған, жақындарынан қолдау көрмеген азаматтар отбасылық мәселелеріне бөтен біреулердің араласа бастағанын қалай қабылдайды?» деген сұрақтың туындайтыны заңды.
– Әрине, алғашқыда түсінбеушіліктер туады. Олар жүрек түкпірінде жиналған мұң-мұқтажын бірден ашып жайып салғысы келмейді. «Сіздің менде не шаруаңыз бар?» деген сыңайлы сөздерді айтады. Әсіресе, зорлық-зомбылық көрген әйелдер «Естіген ел-жұрт не дейді?» деп құзырлы органдарға барудан қашқақтап жүреді. Олар өздерін қолдап, түсінетінін жандардың бар екенін сезінгенде ғана мәселе шешімін таба бастайды.
Күні кеше ғана бір отбасына барып келдік. Жас келіншек екінші рет тұрмыс құрып, бірінші некесінен туған, қазір өтпелі кезеңдегі балаларын қараусыз, бақылаусыз қалдырады. Соның салдарынан 14 жастағы қызы ішкілікке салынып, түнгі мезгілде полицияға түсіпті. Құқық қорғау органдарынан келген хабардан кейін, біз ол қыздың үйіне бардық. Анасы біраз айқай-шу шығарып, табалдырығынан аттатпады. Өзі жақында босаныпты. Аяғы ауыр кезде көлік апатына ұшырап, содан бір көзі жараланған екен. Оған дер кезінде ем қабылдамағандықтан, уақыт өте келе көз айналасына үлкен ісік пайда болған. Тәртіп сақшылары қызды жасөспірімдерге арналған оңалту орталығына орналастырды. Ал, біз оның анасына көмектестік. Дәрігерлерге көрсетіп, құжаттарын рәсімдеп, отаға дайындаудамыз. Одан бөлек, көп балалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне қойдық. Бірінші күйеуінен алимент өндіруіне де жәрдемдесіп жатырмыз. Психология көмек алғаннан кейін ол ана өзінің қызын қайтарып алуға ниет білдіріп отыр. Орталық мамандары ананың жағдайына терең бойлауға, мәселесін жан-жақты қарап, себебін нақты анықтап барып қана психологиялық кеңес береді. Өйткені, қиын жағдайдағы адамға бағытталып айтылған әрбір сөз оның кейінгі өміріне, іс-әрекетіне үлкен әсерін тигізеді.
Жалпы мүгедек болса да жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек рәсімделмеген отбасы мүшелері осындай жағдайда анықталып жатады. Сондықтан халық арасында әлі де қаржылық, заңгерлік сауаттылықтарды арттыратын іс-шараларды көбейту керек деп ойлаймын.
Отан отбасынан басталады. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін отбасы берік болуы керек. Онда әкенің де, ананың да өз орны бар. Ұрпақ тәрбиесінде ана мен әке тәрбиесі бәрінен маңызды дейміз ғой. Өкінішке қарай, қазір орталық мамандарына ажырасу, алимент өндіру, әкелікті анықтау секілді мәселелермен де жүгінетіндер көп. Ерлі-зайыптылар арасында келіспеушілік туындап, ажырасқан жағдайда балаға ана да, әке де бірдей жауапты болмайды. Көбіне балалармен отбасының асыраушысы, иесі дейтін әкелер емес, аналар ғана қалады. Жалғызбасты анаға төрт, бес баланы өсіру, тәрбиелеу, жеткізу оңай деймісіз? – дейді Зульфия Юсупова.
Түптеп келгенде, аталмыш орталық қиындыққа душар болған азаматтардың аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік тудырып қана қоймайды. Осы арқылы еліміздегі отбасын институтын нығайтуға ықпал етеді. Ал, оның өз кезегінде қоғамымызда балалардың қараусыз қалмауына, әр баланың өз отбасында қауіпсіз жағдайда өсуіне, зорлық-зомбылық әрекеттердің болмауына септігін тигізетіні сөзсіз.
Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ