Салық жүйесі ел экономикасының тұрақтылығы мен кәсіпкерлік ортаның ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды құрал екені түсінікті. Келер жылдан бастап қабылданатын жаңа Салық кодексі осы салық саясатын әділ, нақты және түсінікті етуге бағытталған ауқымды реформаларды қамтып отыр. Бұл өзгерістер тиімді жүзеге асса, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап, мемлекеттік кірістерді тиімді жинауға мүмкіндік бермек.

Еліміз келер жылдан бастап салық жүйесін жаңғырту бойынша ауқымды өзгерістер кезеңіне өтеді. Яғни жаңа Салық кодексі ел экономикасының даму қарқынына, кәсіпкерлік ортаның ашықтығына және мемлекеттік кірістердің тиімді жиналуына тікелей әсер ететін түбегейлі құжат ретінде қабылданбақ.
Қаржы министрлігі әзірлеген бұл реформа салық саясатын әділ, нақты және түсінікті етуге бағытталған. Негізгі өзгерістердің қатарында дифференциацияланған салық мөлшерлемесі, табыс салығының прогрессивті моделі, ҚҚС реформасы, арнайы салық режимдерін оңтайландыру, цифрлық жүйе жұмысын реттеуге толық көшу және есептілік нысандарын 30 пайызға қысқарту бар.
Жаңа реформаның мазмұны елдегі салық салу принципінің түбегейлі өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бұрын бірыңғай мөлшерлемелер қолданылып келген секторлар енді нақты қызмет түріне қарай сараланып, мемлекет пен бизнес арасындағы салықтық міндеттемелер әділ бөлінбек. Осы арқылы экономиканың жаңа сегменттері, соның ішінде, цифрлық активтер, майнинг, ұзақмерзімді келісімшарттар, туынды қаржы құралдары секілді бағыттар да заңдық тұрғыдан толық реттеледі. Сонымен бірге, әлеуметтік әлсіз топтарға, фермерлік шаруашылықтарға, шағын бизнес өкілдеріне арналған бірқатар жеңілдік қарастырылып отыр.
Жаңа кодексте корпоративтік табыс салығы ерекше назарға алынған. Бұдан былай корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 пайыз күйінде қалса да, нақты салаларға арналған дифференцияланған мөлшерлемелер енгізілді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен су жануарлары және су өсімдіктерін жасанды түрде өсіру, көбейту саласы үшін мөлшерлеме 3 пайыз көлемінде белгіленді. Ауыл шаруашылығы кооперативтері 6 пайыз төлейді. Келесі жылы әлеуметтік сала ұйымдары 5 пайыз мөлшерлемемен жұмыс істеп, 2027 жылдан бастап бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін өседі делініп отыр. Мұндай тәсіл әлеуметтік және стратегиялық маңызды бағыттарды қолдауға, ал жоғары табыс әкелетін секторлардан түсетін салықты әділ бөлуге мүмкіндік бермек.
Табысты бөлуде тазалық керек
Бұдан бөлек, бұрын корпоративтік табыс салығынан босатылған мемлекеттік колледждер енді осы салықты төлейтін ұйымдар қатарына енгізіледі. Бұл өзгеріс білім беру саласындағы субъектілердің қаржылық тәртібін бірыңғай жүйеге сәйкестендіруге бағытталған. Кодекс табыс түрлерін нақтылай отырып цифрлық активтердің айырбас құнынан түсетін табыс, цифрлық майнингтен, криптобиржалардан түсетін кіріс сияқты жаңа экономикалық құбылыстарды да салық салу объектісіне қосты. Ұзақмерзімді келісімшарттар, туынды қаржы құралдары және недропайдалану саласындағы табыстар жеке баптармен реттелетін болады.
Қосылған құн салығына қатысты реформа да кең ауқымды. Жаңа жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Бұл өзгеріс бюджет тұрақтылығын сақтауға және салық базасын кеңейтуге бағытталған. ҚҚС есебіне тіркелу шегі 10 мың АЕК болып белгіленді. Медициналық қызметтер үшін төмендетілген мөлшерлеме енгізіліп, дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдердің бірқатар түрі 5 пайыз көлемінде салық алады. Ал оның арғы жылдан бастап бұл мөлшерлеме 10 пайызға дейін ұлғайтылады. Сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілер мен қызметтер ҚҚС-тан толық босатылмақ.
Құрылыс және тұрғын үй нарығында да маңызды өзгерістер бар. Бұдан былай, тұрғын үйді сату немесе жалға беру ҚҚС-тан босатылмайды. Мұның себебі, тұрғын үйге берілген жеңілдіктердің ұзақ жылдар бойы экономикалық негізін дәлелдей алмауынан туындап отыр. Тұрғын үй құрылысындағы аралас нысандарды есептеудегі күрделі тәртіп те жойылады. Дегенмен, жаңа жылға дейін құрылысы басталған немесе пайдалануға берілген тұрғын үйлерді сату ҚҚС-тан уақытша босатылады. Сол сияқты келер жылға дейін жасалған ұзақмерзімді жалға беру келісімшарттары да ҚҚС салынбайды.
Сондай-ақ импорт және ішкі нарық үшін жаңа жеңілдіктер енгізіліп, ішкі туризмге қызмет көрсететін туроператорлар, кітап басып шығару қызметтері және археологиялық жұмыстар ҚҚС-тан босатылады. Бұл мәдениет пен туризм саласын дамытуға қосымша серпін бермек. Жеке табыс салығы саласында прогрессивті модель енгізіліп, азаматтардың табыс деңгейіне қарай салық төлеуі көзделді. Бұрын табыстың көлеміне қарамастан бірдей мөлшерлеме қолданылса, енді 35 миллион теңгеге дейін табыс тапқандар 10 пайыз төлейді, ал осы сомадан асқандар артық бөліктен 15 пайыз төлейді. Жеке практика өкілдері үшін 9 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Сонымен қатар, пайдадан түсетін үлестерге берілген жыл сайынғы 30 мың АЕК көлеміндегі жеңілдік жойылды, мұның орнына 5 және 15 пайыз прогрессивті мөлшерлеме енгізілді. Әлеуметтік әділеттілік мақсатында І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтардың салықтық шегерімі 882 АЕК-тен 5000 АЕК-ке көбейтілді.
Тағы бір айта кетері, декларация толтыруды жеңілдету үшін білім беру, емделу және ипотекаға қатысты шегерімдер орнына біріздендірілген стандартты шегерім енгізілді. Мүліктің табысты есептеуде де бірқатар жаңалық бар. Мысалы бағалы қағаздарды сату кезіндегі шығын мен табысты сальдалау мүмкіндігі, тұрғын үйді және басқа да объектілерді сатудағы есепті мерзімді екі жылға дейін ұзарту, үлестік қатысу шарттары бойынша талап ету құқығын сатудағы мерзімді үш жылға дейін нақтылау кірді.
Көлік салығы да жаңартылды. Пайдалану мерзімі он жылдан асқан автокөліктер үшін 0,7, ал 20 жылдан асқандарға 0,5 коэффициент белгіленді. Фермерлер үшін артқы бөлігі ашық, жеңіл жүк тасуға ыңғайлы Toyota Hilux, Ford Ranger, Isuzu D-Max секілді пикап көлігіне салықтан босату нормасы енгізілді. Қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын көліктерге қолданылған қосымша мөлшерлемелер жойылды. Заңды тұлғалар үшін көлік салығына қолданыстағы төлем алынып тасталмақ.
Арнайы салық түбегейлі өзгереді
Жер және мүлік салығында да есептілікті қысқарту және мөлшерлемелерді нақтылау бағытында өзгерістер бар. Жер салығында пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын төлем 40 есеге дейін артып, жер ресурстарын тиімді пайдалануды ынталандыру қарастырылды. Мүлік салығындағы қазіргі есептілік те жойылып, декларация жылына бір рет тапсырылатын болды.
Арнайы салық та түбегейлі оңтайландырылып, бұрынғы бірнеше тәртіптің орнына үш негізгі режим қалдырылды. Бұларға өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған, жеңілдетілген декларация, фермерлік шаруашылықтарға арналған жұмыс ережесі кіреді. Бұл жүйе шағын және микробизнеске түсетін бюрократиялық жүктемені едәуір азайтады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар айына 300 АЕК-ке дейін табыс тауып, небәрі 4 пайыз әлеуметтік төлем төлейді, жеке табыс салығын төлемейді. Жеңілдетілген декларация режимінде жұмыс істейтіндер жылына 600 мың АЕК-ке дейін табыс таба алады.
Тіркеу және есептілік тәртібі толық цифрландырылып, салықтық нысандар саны 39-дан 27-ге қысқартылды. Уақтылы тапсырылмаған есеп нөлдік көрсеткішпен қабылданып, есептілікті кейінге қалдыру немесе кері қайтарып алу деген ұғымдар жойылды. Жаңа жылдан бастап барлық өзгеріс тек қосымша декларациялар арқылы жүзеге аспақ.
Сонымен бірге салықтық қарыздарды өндіру тетігі күшейтіліп, қарыз көлеміне қарай түрлі деңгейдегі шаралар енгізіледі. Мәселен 20 АЕК-ке дейін қарыз болған жағдайда тек хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Ал бұдан жоғары берешек бойынша шоттар бұғатталып, банк арқылы төлемдер қабылданады. Сондай-ақ 45 АЕК-тен жоғары берешекке мүлікке тыйым салу шаралары қарастырылмақ. Айталық, 27 мың АЕК-тен көп берешегі бар азаматтарға, егер қарыз үш айдан астам төленбесе, елден шығуға уақытша шектеу қойылады.
Салықтық бақылау саласында да реформалар бар. Мысалы, тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінбейді, енді тек бір ғана салықтық тексеру қалады. Шағын және орта бизнеске қойылатын тексерулердің жалпы мерзімі 180 күннен аспауға тиіс. Құжаттар веб-портал арқылы электронды форматта қабылданады. Тексеру нәтижелері де электронды нұсқада тапсырылады.
Салық заңнамасындағы реформаның негізгі мақсаты салық жүйесін әділ, ашық, заманауи талаптарға сай ету болып отыр. Бұл құжат экономикадағы айқындықты арттырып, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасамақ. Демек бұл заң азаматтардың табысына қарай әділ салық салуды қамтамасыз етеді және цифрлық бақылаудың тиімділігін күшейтеді деген сөз. Осылайша жаңартылған Салық кодексі ел экономикасын жаңа деңгейге шығарып, ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды тетігіне айналмақ.
Жадыра МҮСІЛІМ
