Редакция таңдауы

«Аман бол, түгел алаш жұрт»

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген мәтелді естігенде әжептеуір уақыт аралығындағы тіршілік көз алдыңда көлбеңдейді. Елу жыл емес, тіпті, осыдан төрт жыл бұрынғы тыныс-тіршілігіміз басқалау еді деп топшылаймын. Төрт жыл бұрын Түркістан төрінде халық ақыны Әселхан Қалыбекова апамыздың жетпіс жылдық мерейтойын карантиннің себебімен 71 жаста дүркіретіп өткізген болатынбыз.

Жер жаһанды тітіркеткен тәж тажалының кедергісімен апамыздың 70 жылдық тойы өз уақытында тойланбады. Ол кезеңде той тойламақ тұрмақ бір үйдің адамдарының екінші үйге қонақ болып баруының өзі қауіпті жағдай болатын. Көшеге шықсақ бір-бір қалта дәрі-дәрмек көтерген көңілсіз жұртты көріп одан сайын еңсең түсіп, бұл кезеңнен қалай өтеміз, қашан өтеміз деген жауапсыз сұрақтың жетегімен біраз жерлерді шарлап қайтатынбыз. Әлемді дүр сілкіндірген тәж тажал қазақ жұртшылығын да әбігерге салды. Сол кезеңде қаншама жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз оралмас сапарға аттанып кетті. Ауру әй-шайға қаратқан жоқ. Жастайынан ат жалын тартып мініп, асау атты бас білдіріп, балалы болған уақытта да ел намысы үшін қыз қууға қатысқан Әселхан апамыз бас-аяғы бес-алты күннің ішінде иті жоқ ауылға жүрді де кетті.

Ай бұрын Ұлытауды аралап, ұзатылған қызына ақ бата берген айбынды апамыз өң мен түстің арасында өзі жырға қосқан жұртымен қош айтысуға мұршасы келмей кете барды. Иә кете барды, барша айтысты сүйген, Әселханын сүйген ел аңтарылды да қалды. Өзі өсірген шәкірттері, ақын ұлдары мен қыздары, шәкірттерінің шәкірттері, немере шәкірттері ақпейіл апасынан, айтыстың аруанасынан айрылып қала берді… Содан бері де біраз айлар алыстап, жылдар жылжыпты. Өтпестей болған бұлтты күндер де өтті, бұлт артынан күн шықты, бірақ жай өтіп кетпеді, біраз асылдарымызды алып өтті. Халықтың ақыны Әселхан Әлшеріқызы Қалыбекова апамыз тірі болғанда биыл 75 жасын тойлар еді-ау деген өкініш өзекті өртейді, сағыныш дерті жүректі сыздатады.

Әселханын қалың қазақ айтыс арқылы таныды, көк сандық арқылы көрді, тіпті Фариза Оңғарсынова апамыз: «мен айтысты Әселхан арқылы жақсы көріп кеттім»,-деп ағынан жарылды. Тек Фариза апамыз ғана емес, шын мәнісінде қаншама адам айтысқа Әселхан апамыздың айтыстарын көру арқылы бет бұрды.

Өтеді өмір үйіріп соққан құйындай,
Тәубені білмей тобырға еру қиын жай.
Жүрекпен сезіп, Алланы ұққан пендеге,
Сахарда тұрып, Таһажуд оқу бұйырғай, –

деп жүрегінен жыр төккен апамыз соңына өшпес мұра, өлмес өлең қалдырып кетті. Апамыздың әр айтысы бір көркем шығарма, әр кітабы шөліңді басатын бөлек-бөлек сарқылмас бұлақ сынды. Кітаптарының ішіндегі төл шәкірті, тұңғыш шәкірті Маржан Есжанова әпкеміз екеуміз үшін «Сахарда тұрдым сені іздеп» кітабы ерекше ыстық. Бұл кітапты көрсек апамыздың өзін көргендей, сөзін естігендей боламыз.

2015 жылы апамыз 65 жасқа толар тұста Маржан әпкем екеумізге: «Алпыс бес жасыма үлкендеу бір кітап шығарсам деймін, бірақ сендердің көмектерің керек. Жинақтау, компьютерге теру, қарап шығу, қатесін түзеу» сияқты жұмыстардың бәрін өздерің жасайсыңдар. Сендерге сенемін, сендерге тапсырамын», – деп тапсырма берді. Ол кезде Әселхан апамызға сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов Шымкент қаласындағы «Теріскей» мөлтекауданынан екі бөлмелі үй берді. Маржан әпкем сол мөлтекауданда орналасқан Батырбек Өтеп атындағы «Өнер» мектеп-интернатының директоры. Менің үйім де сол ауданда орналасқан. Жиналатын жылы ұямыз – Әселхан апамыздың ақ жайлауы. Жасаған жұмыстарымызды ортаға саламыз, кейде дауыстап оқып береміз, бұрқыраған қағаздар, шұрқыраған ақындар арқа-жарқа болып тарасамыз.

Әселхан апамыздың Шәуілдірдегі үйінен де, қаладағы үйінен де қаздай тізілген кітаптарды көретінбіз. Апамның күнделікті жұмыс стөлінде Шәкәрімнің, Абайдың, Фаризаның кітаптары жататын. Күнделікті ас мәзірінде аскөкті үзбеймін деп асты талғап жейтін талғампаз жандар сияқты апамыз да кітапты талғап оқитын. Классиктердің көркем шығармалары, жаңадан жарық көрген тарихи кітаптар, мерзімді басылымдар, апамыз ешқайсысын назардан тыс қалдырмайтын. Үздіксіз оқу, үздіксіз ізденіс үстінде жүретінін көзбен көрдік.

Айтысты Әселхан апамыз арқылы жақсы көріп кеткен Фариза апамыз айтты деген тағы біз сөз еске түсіп тұр. Апамыздың өзі айтқандай, жастайынан жетім балаға тұрмысқа шықты, тұрмыс тауқіметін бірге тартты. Дер кезінде жоғары оқу орнын оқи алмады. Айтысқа қатысып, жүлдегер болып жұртқа таныла тастаған тұста «Әселханды оқыту керек, оқуға түсіру керек» деген де әңгіме болған көрінеді. Сонда Фариза апамыз: «Әселхан жоғары оқу орнында оқыса айтысты тастап, ғалым болып кетеді» деп қорыққан екен. Бұл біздің ауызекі естіген әңгімеміз. Бұдан шығатын қорытынды: Әселхан апамыз қай салаға назар аударса, сол саланың түбіне түсіп, үдесінен шығатын ерекше қабілет иесі болғандығы.

Халық ақынының қай айтысын алып қарасаңыз да, қай өлеңіне үңілсеңіз де халықтың қамы, елдің мұңы болды. «Сахарда тұрдым сені іздеп» кітабы «Алла берген бұл өлең» деген 71 тармақтан өлеңмен басталады. Бұл көлемді шығарма апамыздың қысқаша өмірбаяны іспетті. Жетпіс бір тармақ бір ұйқаспен өріліп, бір адамның өмірін өрнектеп тұр.

Алла берген бұл өлең,
Жан серігім, жәрдемім.
Ергөбектей бабамның,

Ем-дом қылдым өрнегін, – деп басталатын өлең ақынның ақындық табиғатын да, ішкі толғаныстарын да, өмір деген сапарды шиырлап бара жатқан ақынның ақтық сөзін де жеткізіп тұрған сияқты. Осы өлеңді өз аузынан талай-талай естіген біз апамыз бізбен, елімен қоштасып тұр деп ойлаған жоқпыз.

Бір Құдайды еске алып,
Жайнамаз бен тәспі алып,
Құбыламды жөндедім.
Мейірімді Алланың,

Қанағат қалдым бергенін.
Маздаған жырдан ұғынар,
Махаббатымды ел менің.
Еліме ешбір өкпем жоқ,
Көңілдері көктем боп,

Төлге толсын маңыраған,
Көкорай жасыл белдерің.
Аман бол, түгел Алаш жұрт,
Аяқтап мен де барамын,
Айналып дүние шеңберін.

Хандық дәуір әдебиетіндегі жыраулардың бойында да, бертін келе ХIX ғасырдағы ақындардың бойында да көріпкелдік, болашақты болжайтын әулиелік сипаттар ұшырасатын. Әселхан апамыздың жырларында да осындай көріпкелдік қасиеттер байқалады.

Жартылай сыпырылып иықта ішік,
Емі жоқ қу жаныңның күйіп, пісіп.
Асса деп бір өлеңнен бір өлеңім,
Жатса деп жамандықты қиып түсіп.

Сәттерде сен сыйлаған қуанышты,
Аспанға аққу көңіл бір-ақ ұшты.
Досымның кейбіреуін жырақтатып,
Жүресің жақындатып тым алысты.

Тағдырым жасай берсін іштарлығын,
Бітпейді өзің барда құштарлығым.
Қайғысыз көркеуделеу пенделіктен,
Ақынның артық көрем мысқал мұңын.

Көнермін қиыныңа, тезіңе мың,
Мені де қалап келген өзің едің.
Сен барда бақыттырақ екенімді,
Ақындық жүрегіммен сезінемін.

Бұл ақпа ақынның жазба өлеңдері. Кейде айтыс ақындарын көркемдікке қатысы жоқ, табан астында өлең шырудың техникасын ғана меңгеріп алған арзанқол ақын, көрінген жерде арнау арнай беретін сарай ақындары деп сөге жамандайтын сәттеріміз де жоқ емес. Тіпті мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз да, көркем өлеңнің қасиетін жан жүрегіне сіңіріп алған жазба ақындарымыз да осындай пікірлердің ар жақ бергі жағынан алыстай алмай жүргеніне талай мәрте көз жеткіздік.

Әселхан апамыз тек Оңтүстік өңіріндегі, шырайлы Шымкент аймағындағы ғана емес, қолына домбыра ұстаған барша айтыс ақындарының ардақты анасы болды. Айтыс сахнасына жылт етіп шыққан әрбір жас ақынның тілеуін тілеп, жұлдызы жарқырауына қолдан келген жәрдемін тигізді. Апамызда ақындарды алалау жоқ болатын. Үлкен-кіші демейді, айтыс ақындары отырған ортада таң атқанша тапжылмай отырып, соларға өнегелі әңгімесін айтып, аналық ақ батасын беруден жалықпайтын. Қазылар алқасының құрамында Әселхан апамның төбесі көрінсе, айтысқа түскен ақындардың да көңілі тоқ болатын. Өйткені, айтыстың отымен кіріп, күлімен шыққан апамыз төрелік еткен бәйгенің әділ өтетініне кәміл сенетін. Соңынан ерген ақын шәкірттеріне өлең үйретіп қана қоймай, өмір жолындағы сынақтардан да сүрінбей өтуге баулитын. Шама шарқынша сөз жәрдемін тигізетін, жас ақындардың оқуға түсіп кетуіне, дұрыс отбасы болуына өз анасындай алаңдайтын.

Қазақ дейтін қабырғалы елдің ақындық қасиеті қанымен бойына тараған халық ақыны Әселхан Қалыбекова қазақ дейтін ұлт барда ұмытылмайды. Жалпақ жұртты жанталастырып жатқан жаһандану дәуірінен аман алып шығатын жалғыз жол – рухани байлығымыз, ұлттық құндылығымыз, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ата дәстүріміз, бабалар жолы. Жоғалуға жақын қалған айтыс өнерінің қайта тірілуіне өлшеусіз үлес қосқан халық ақыны Әселхан Қалыбекова қазақ дейтін халықпен мәңгі бірге жасай беретін даусыз дарын. Алғашқы шәкірті, төл шәкірті Маржан Есжанова әпкеміз Арыстан ақын Бекарыс Шойбековтің ұсынысымен, барша ақындардың қолдауымен апамыздан кейінгі «ақындардың апасы-анасы» деген мәртебелі атақты абыроймен алып келе жатқан аманатқа адал жан. Апамыздың туған күнінде де, қайтқан күнінде де бас қосатын ортақ үйіміз – Берік жездеміз бен Маржан әпкеміздің құтты шаңырағы. Биыл да сол дәстүріміз – дәстүр. Қазақ барда айтыс бар, айтыс барда – халық ақыны Әселхан Қалыбекова апамыз бар. Жаныңыз жәннатта болсын, АСЫЛ АПА!

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА, шәкірті,
айтыскер ақын,
филология ғылымдарының
кандидаты, Әл-Фараби атындағы қалалық
ғылыми-әмбебап
кітапхананың басшысы

Соңғы жаңалықтар