Емізу – бұл нәрестені ана сүтімен тамақтандырудың табиғи процесі, ол оның денсаулығы мен дамуында ерекше маңызға ие. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) емізуді нәрестелерді қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етудің маңызды әдісі деп таниды.
Ана сүтін емген балалар арасында сәбилердің кенеттен шетінеп кету синдромының даму қаупі төмен болады. Ана сүті – емізулі баланың дене бітімі мен ой-санасының толыққанды дамуына ықпал ететін, бала мен анасының да денсаулығына оңтайлы әсер ететін теңдесі жоқ қорек.
Емізудің келесідей артықшылықтары бар:
1. Бала денсаулығы үшін:
– Инфекциялық аурулардың, аллергияның, семіздіктің және қант диабетінің қаупін азайтады;
– Иммундық жүйенің дамуын жақсартады;
– Кенеттен болатын нәресте өлімінің ықтималдығын төмендетеді.
2. Ана денсаулығы үшін:
– Босанғаннан кейінгі кезеңдегі асқынулардың қаупін азайтады;
– Босанғаннан кейін жатырдың жиырылуына ықпал етеді;
– Сүт безі мен аналық без обырының даму ықтималдығын төмендетеді.
3. Психоэмоционалдық артықшылықтары:
– Ана мен нәресте арасындағы тығыз байланысты қалыптастырады;
– Балаға тыныштандыру әсерін беріп, ұйқысын жақсартады.
Сәби қалыпты даму үшін емізудің негізгі қағидаларын сақтаған жөн:
1. Алғашқы алты ай бойы тек ана сүтімен тамақтандыру, қосымша тағамдар мен сұйықтықтар бермеген абзал;
2. Қосымша тағам беретін кезеңге жеткен соң да екі жасқа дейін емізуді жалғастыру керек. Қажеттілікке қарай ары қарай да емізуге болады;
3. Сәби туған сәттен бастап емізген жөн;
4. Қатаң кесте ұстанбай, бала аштық сезінгенде, сұранысына қарай емізу керек;
5. Емізу кезінде ана сүтінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету қажет.
Жас ана баланы дұрыс әрі тұрақты емізуі үшін отбасы мен қоғамның қолдауы маңызды. Жүктілік кезінде баланы емізу жайлы медицина қызметкерлерінің арнайы оқу бағдарламаларына қатысып, мол мағлұмат алуға тиіс. Сондай-ақ, жас аналарға қоғамдық орындарда, медициналық мекемелерде баланы емізу үшін қолайлы жағдай жасаған абзал.
Емізу – бұл тек сәбиді тамақтандыру ғана емес, сонымен қатар ана мен бала денсаулығының кепілі.
Шолпан САМБЕТОВА,
Шымкент қалалық №6 емханасы
Баланы дамыту кабинетінің мейіргері