Редакция таңдауы

Ақ халатты абзал жандарға алғыс

Менің бұл жолғы жазбам – жай ғана хат емес, жүректен шыққан шынайы алғыс. Ақ халатты абзал жандарға, нақтырақ айтсам, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының №2 балалар бөлімшесінде еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен мейірбикелерге деген аналық ризашылығымды жеткізгім келеді.

Мамыр айының басында екі бірдей немеремнің дене қызуы көтеріліп, денсаулығы күрт нашарлап кетті. Жедел жәрдем шақырып, балаларды аталған ауруханаға жеткіздік. Әрбір ата-ана мен әже үшін дәл сол сәттегідей ауыр жағдай жоқ шығар. Бірақ аурухана табалдырығынан аттаған сәттен бастап жанымыз тынышталып, үмітіміз ояна бастады.

Қабылдау бөлімінен бастап, дәрігерлердің жылдам, әрі нақты әрекеті, жылы сөздері, сабырлы көзқарастары бізді бірден сендірді. Әсіресе, бөлім меңгерушісі Ақмарал Садықова мен ұжымының үйлесімді жұмысы ерекше назарымды аудартты. Әр дәрігер өз ісінің шебері екенін дәлелдеді. Жанәділ Жылқыбай, Кенжегүл Әділбекова, Нұргүл Саттарова сынды білікті педиатрлар баланың жағдайын әр сәт қадағалап, шынайы жанашырлықпен қарады.

Мейірбикелердің де ықыласы бөлек. Уақытпен санаспай, науқас балалардың жанында жүрген жандардың әр ісі – жан шуағы. Тазалық, тәртіп, тыныштық – бәрі де көңілге медет берді. Аурухана — жай ғана ем алу орны емес, бұл — сенім мен үміт орны екеніне көзім жетті. Немерелерім аман-есен сауығып, отбасымыз қуанышқа бөленді. Мен, барша аналар атынан Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының ұжымына алғысымды білдіремін.

Мейраш ӘЛЖАНОВА,
Шымкент қаласының тұрғыны

Соңғы жаңалықтар