Қазақ тілі тек тұрмыстық қарым-қатынас тілі болып қалмауы керек. Ол білімнің, ғылымның, технология мен заманауи медианың толыққанды тіліне айналуы қажет. Бұл үшін тілдің қолдану аясын шектейтін көзқарастан арылу маңызды. Қазақ тілі — тек ауылда сөйлейтін тіл емес. Ол қалада да, үкіметте де, бизнес пен ғылымда да тіршілік етуі тиіс. Ең алдымен, бұл тілге сенім керек. Ал сенімді қалыптастыратын — сапалы мазмұн.
Мәселе – қазақ тілін білмейтіндерде ғана емес, оны білетіндердің де қолдануға құлықсыздығында. Жағдай болғанымен, таңдаудан жиі бас тартады. Неге? Себебі қазақша контенттің көбінде сенім аз, сапа төмен, жаңалық баяу беріледі. Мұндайда тілдің беделі өздігінен көтеріле алмайды. Осыны түбегейлі өзгерту үшін БАҚ өкілдері ғана емес, бүкіл ақпараттық экожүйе бірігіп әрекет етуі қажет. Медианың қуаты — қоғамдық пікірді қалыптастыруда. Егер ақпарат үнемі бір тілде ғана үстемдік етсе, сана да сол бағытта қалыптасады. Сондықтан тіл саясаты мәдени шарада емес, ақпарат майданында шешілуі тиіс. Мемлекеттік тіл медиа арқылы күн сайын естіліп, жазылып, талқыланып отырса ғана, ол өмірдің тіліне айналады. Бұл — үкіметке де, журналистерге де, контент өндірушілерге де ортақ жауапкершілік. Цифрлық дәуір қазақ тілі үшін қауіп емес, мүмкіндік. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану үшін тілге бейімделген платформа, қолдануға ыңғайлы интерфейс, сапалы қазақша технотекст керек. Біз әлі күнге дейін қазақша жазылған кәсіби сайтты сирек көреміз. Техникалық аударма емес, нақты, түсінікті қазақ тілінде жазылған интерфейстер, бағдарламалар, электронды қызметтер аз. Осының бәрі тұтынушының таңдауына тікелей әсер етеді.
Журналистер мен медиамамандар қазақ тілінің мәселесін сырттай талдаумен шектелмей, сол мәселеге күнделікті әрекетпен үлес қосуы тиіс. Әр мақала, әр сюжет, әр жазба – тілдің тіршілігіне қосқан үлес. Егер журналист кәсіби деңгейде, сауатты, нақты жазса – ол оқырман санасында қазақ тіліне деген құрметті қалыптастырады. Сондықтан қазақ тілі туралы айтқанда, журналистиканың рөлі ешқашан екінші қатарда болмауы керек.
Мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны сөзден емес, әрекеттен көрінеді. Білім беру жүйесі мен медиа қатар өзгермей, тіл саясаты алға баспайды. Мемлекеттік тілді қолдаудың заманауи жолы – оны бәсекеге қабілетті ақпарат тілі ету. Бұл – тек насихат емес, нақты жобалармен, цифрлық контентпен, оқырман талғамына сай өніммен жүзеге асады. Осы жолмен ғана қазақ тілі нағыз қоғамдық сұранысқа ие, еркін қолданыстағы тіл бола алады.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ