Редакция таңдауы

АҚПАРАТТЫҚ КЕРУЕН ЖАСТАРҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Шымкент қаласында жастарға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар саясатына айрықша назар аударуы нәтижесінде еліміздің барлық өңірлерінде жастарға арналған түрлі бағдарлама мен жоба іске қосылып келеді. Шымкентте бастау алған «Жастардан жастарға» ақпараттық керуені – соның айқын дәлелі.

Бұл жоба Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Жастар арасында пайдалы ақпаратты қолжетімді ету, олардың әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан дамуына қолдау көрсетуді мақсат еткен іс-шара ерекше форматта өтті.

Бүгінде елімізде жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарлама бар. Соның ішінде «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға», «Серпін», «Жасыл ел» сияқты жобалар өз нәтижесін беріп келеді. Сондай-ақ, тұрғын үймен қамту, кәсіп ашу, білім алу мен жұмысқа орналасу бағытында да жастарға зор мүмкіндіктер қарастырылған. «Жастардан жастарға» жобасы да осы игі бастамалардың жалғасы. Жоба аясында жастарға тұрғын үй, жұмысқа орналасу, кәсіптік бағдар, спорт және мәдени демалыс салаларына қатысты нақты ақпараттар ұсынылады. Ашылу салтанатында «Отбасы банк» өкілдері жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар туралы кеңінен мағлұмат берсе, «Мансап» орталығы мамандары бос жұмыс орындары мен кәсіби бағыттарына байланысты кеңестерін ұсынды.

Іс-шара барысында тек ақпарат берумен шектелмей, қатысушылар үшін караоке кеші мен үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде жастардың бір-бірімен танысып, еркін әрі достық атмосферада уақыт өткізуге жағдай жасады. Осылайша жобаның мақсаты тек ресми ақпаратпен шектелмей, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге де жол ашып отыр.

Айта кету керек, керуен шалғайдағы жастарға да жетеді. Ақпараттық керуен алдағы уақытта Шымкент қаласының шалғай аудандарын аралап, онда тұратын жастармен де жүздесіп, қажетті мәліметтер мен бағыт-бағдар беруді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде әлеуметтік теңсіздікті азайтуға, барлық жастарға бірдей мүмкіндік беруге бағытталған нақты қадамдардың біріне айналмақ.

Шымкент қаласында қолға алынған «Жастардан жастарға» жобасы – ел жастарына деген нақты қамқорлықтың көрінісі. Осындай бастамалар жастардың ақпараттық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың өзіне деген сенімін нығайтып, болашағына дұрыс бағыт-бағдар алуына үлкен серпін берері сөзсіз.

Ж.ТҮРСЫНӘЛІҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар