Шымкентте жерленген Абай немерелерінің бірі – Әубәкір Ақылбайұлы. Әубәкір – Абайдың бәйбішесі Ділдадан туған Ақылбайдың баласы. Әубәкір туралы Ниязбек Алдажаров ақсақалдың зерттеулеріне үңілсек: «Әубәкір – Ақылбайдың баласы, туған шешесі – Зыхан. Оспанның үш әйелі болған. Еркежан, Зейнеп, Торымбала. Осы үш әйелінен де Оспан бала көрмеген. Ақылбайдың Әубәкірін бауырына салып, бала қылған. Әубәкір 1881 жылы туып, 1934 жылы Үржарда қайтыс болған. Әубәкірдің әйелі Бәкең руына сіңген ноғай Ысқақтың немересі, Жақыптың қызы – Кәмәлияны ел «Кәмәш» деп атап кетті. Кәмалиядан: Ғабсәләм, Әлихан деген екі ұлы болды. Бұлар Отан соғысында қаза болған. Қазір Әубәкірден ұрпақ жоқ».
Әубәкірді жұрт Әукеш деп атаған. Әукеш сөзге ұста, тауып сөйлейтін, сықақшыл әрі мықты ақын болған. Әубәкір туралы Әрхам Ысқақов естелігінде: «Абайдың өзі отырған үлкен үйінде Оспан бала ғып алған Ақылбайдың ортаншы ұлы Әубәкір қалды. Абай өз қолында он екі жыл тәрбиеледі. Көп жол, жоба көрсетті, бірақ, өлең айтудан басқа өнер таба алмады. Әубәкірдің ақындық таланты өте күшті болды. Әр кезде көзі көріп, көңілі сезген оқиғаны қолма-қол ауызша өлең ғып айтып отыратын еді. Әсіресе біреудің кемшілігін, мінін айтуда өте шебер сынайтын болды. Мысалы, Шыңғыс болысының билері съез ғып жатқанда бір адамдағы ақысын сұрауға Әубәкір келеді. Ерігіп отырған билер: Әукеш өлең айтып жіберші десе, Әубәкір: «Жоқ, айтпаймын, сендердің мініңді айтсам ашуланып қаласыңдар», – деді. Сонда билер: «айт, ашуланбайық» дегенде, Әубәкір мынадай өлең айтады:
Ішіңде байың да бар, кедей де бар,
Кедейлігі болмаса егей де бар.
Тайлы бие тамаққа жұқ болмайтын,
Тойымы жоқ, жалмауыз көмей де бар.
Ішінде қымың да бар, жымың да бар,
Би болуға жарамсыз сұмың да бар.
Анық әділ тартылсаң таразыға,
Балтаменен шабатын мінің де бар.
Ішінде тасыр да бар, ұғар да бар,
Өміріне билікке құмар да бар.
Алаңғасар, ақылсыз, айласы жоқ,
Жарға жығар боқтыққа сұғар да бар.
Билер “Әй, Әукеш-ай, адамды аямайсың-ау” десіпті. Әубәкір салақ, аңқау жігіт болды. Ел оған қанағаттанбады. Әубәкір туралы Мұхтар Әуезов, Әрхам Ысқақов, Ниязбек Алдажаров, Бекен Исабаев, Тұрсын Жұрбай сынды ғалымдардың еңбектерінен мол нәр алуға болады. Осылардың ішінде Бекен ақсақал Әубәкірдің ақындығы турасында: «Турағұл кіші Ақшоқыны алған соңда Жидебай қорығын алудың әрекетін жасаған. Осы күнгі Шаһкәрім кесенесі мен Махмұт қорасының арасынан, кесенеден үш жүз қадамдай жерге қора салып, қоныстанған. Бұл Шәкәрімнің де, Әубәкірдің де наразылығын туғызса керек. Әубәкір Еркежанның төркініне көшкені де айтылады. Жалпы Әубәкір Жидебайдан алғашқыда қайын жұртына, екінші де Бақанасқа көшкен. Бұл туралы 1925 жазылған Шаһкәрім өлеңі бар. Өлең Абай мұражайында сақтаулы. Көшердегі Әубәкір өлеңі де бар. Екеуін де келтірелік.
Әубәкір:
Кір жуып кіндік кескен жер де аман бол,
Жеңге-аға, келін-іні сен де аман бол.
Байқошқар, Балашақпақ қайран қоныс,
Ақшатау, Бақанаспен сен де аман бол.
Майөзек сен де аман бол Буратиген,
Ақ ауыл көрінбеуші ед тіккен үйден.
Сайрандап саяңда өскен иелерің,
Бұл күнде бауыр жайлап күнге күйген.
Бұлақтың иен қалған бәрі аман бол,
Су мен тас, шөп пенен құм, жар аман бол.
Бойжеткен кыз секілді бұраңдаған,
Саялы жапырағы тал аман бол.
Өлкені өрлей-құлдай конып ауыл,
Сол жері еске түссе тиеді ауыр
Менікі, сенікі деп айтпаушы еді,
Біріккен мал мен басы бәрі бауыр.
Көзіме жас келеді өткенді ойлап,
Дүние кызығына бар ма тоймақ.
Мал сойып, ауыл басы сауық құрып,
Жүруші ед қыз-бозбала күліп ойнап.
Сіз мұны Әубәкірдің Шыңғыспен қоштасуы деп ойлама. Ол жеке өлең. Шәкәрім:
Қоштасты Әукеш неге су мен жерге,
Кәрі-жас, кейінгі қалған елге?
Хан ордасы секілді қайран орын,
Кез болды қапияда кұйын желге.
Мінеки дүниенің шолақтығы,
Адамзат дүниеге қонақтығы.
Тау қозғалса қозғалмас екі көшті,
Япыр-ай, осы кімнің олақтығы?!
Япыр-ай, осылар неге көшіп отыр.
Артын ойлап, Бабырды қолына алған,
Әулие ғой Абайды десіп отыр.
Әрине, дүние өстіп өтетұғын,
Әр кемелге бір зауал жететұғын.
Жалғыз-ақ Еркежанның жазығы не,
Абай мен бай қасынан кететұғын?!
Болады мұның түбі кімге пайда,
Кұдайым, қырсығынан сақтағай да.
Жел жүрсе жел жағынан желкелейтін,
Үлкен үйді жоқтайтын Тұраш қайда?
Бабыр Мағауияұлы 11 жасында өлген. Бабырды Абай Жидебайға келген соң қолына алған. Шаһкәрім бұл өлеңді Әубәкір – Еркежан (Оспан үйі) Бақанасқа көшкен соң жазып отыр», – дейді.
Әубәкір Ақылбайұлы шығармаларының қолжазбасы бүгінде Семейдегі Абай мұражайында сақтаулы.
Осындай тарлан тұлғалардың мына фәнидегі соңғы аялдайтын тұрағы – Шымкент қаласы болды. Азапты ғұмыр кешкен Абай жұрнағы жүрегінің ақырғы соғысын 1933 жылы тоқтатты. Тастағы мәліметке сенсек, мүрдесі Көксай зиратына қойылған.
«Абай шаңырағының тізгінін ұлы – Турағұл ұстады. Қысылған, қиналған тұсында Шәкәрімге жүгінді. …Барлық үйдің балалары бауыр басып, әр шаңыраққа кезек қонып жүрді. Олар тыңдайтын Баймағамбеттің ертегісі де, Көкбайдың әңгімесі де, Әлмағамбеттің әні де, Ағашаяқтың сауығы да ортақ еді. Абай өлеңін жарыса айтып, еркін сусындап өсті. Кейін – Зікайыл скрипкашы, Исраил – домбырашы, Жебірейіл – әнші, Әубәкір – ақын болды».
Иә, Турағұл тұсындағы Абай әулеті осындай мамыражай күндерді бастан кешірді. Өкінішке орай, Құнанбай ұрпақтарының жағдайы тым қиғаш, алмағайып заманға душар болды. Атылғаны атылды, індетке ұшырады, кейінгілері сұрапыл соғыста жер жастанды. Әйтеуір тағдыр бұлардың ешқайсысына аяушылық танытпады. Айта берсең, күрсіне берерсің. Сонымен Абай перзенті Турағұл Құнанбаевтың жерленген жері жайында қолда бар деректер мен дәйектерді салыстыра келе мынадай ғылыми байлам жасадық: зауыт орнында ешқандай зират болмаған. Бұл дегеніміз – Турағұлдың мүрдесі «Химфармның астында қалып қойды» деген пікір негізсіз деген сөз. Турағұл тағдырына бей-жай қарамаған журналистердің бірі Лаура Тастанбек өзінің мақаласында Химзауыттың тарихы жайлы: «Зауыттың мұрағатындағы тарихи құжаттармен танысқанымыздай, өндіріс орнының іргесі он тоғызыншы ғасырдың соңында, 1885 жылы қаланыпты. Ал, 1925 жылы 3 маусымда Шымкент сантонин зауыты алғашқы мемлекеттік химия-фармацевтика зауыты болып қайта құрылады. Турағұл ағамыз 1934 жылы қайтыс болған. Демек, тұлғаның топырағы зауыт астында қалды деген сөз шындыққа жанаспайды», – деген пікір айтады. Біз де осы пікірмен толық келісеміз. Ең қиыны, төл тарихымызда Турағұл Ибраһимұлының мүрдесі – зауыт астында қалып қойды деген сенімді қалыптастырдық. Енді бұл пікірдің өзгеріп, бір арнаға түсер уақыты жеткен сықылды. Асан қайғыша айтқанда, таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатпас. Түбі шындықтың шымылдығы түрілер. Азапты ғұмыр кешіп, қайғылы дәурен сүрген Турағұл Ибраһимұлы жалғаннан өтерінде қызы Мәкенге: «…Қажы ағаң мен Микайылды қай жазығы үшін атыпты? Зият пен Бердеш Қытай кетті тентіреп. Ахат ағаң айдауда жүр. Жебрайыл Ташкенде өлді. Сонда бұлардың жазығы не? Сен мұны қазір түсінбегеніңмен, артынан ұғасың. Жылама, балам. Азды-көпті болсын 59 жас жасадым, жақсы-жаманды көрдім. Жалғыз тұяқ Алпашым, екеуің аман болыңдар. Дүние жолдас болмайтынына көз жетті ғой, бірақ өлмейтін қазына – өнер мен білім. Алпашты оқытыңдар. Өзіңе аманатым – әкеңнің, Абайдың бүкіл әндерін, жалғыз ол кісінікін ғана емес, атылып кеткен қажы ағаңның, Мұхаметжан ағаңның, Ағашаяқтың әндерін, бүкіл Сарыарқа – Шыңғыс өңірінің өз құлағыңа сіңген өнерін сақтап қал. Нағыз өнер заманға бағынбайды, түптің түбінде қазаққа қазына болып қайта оралады. Сол күн туа қалғанда іздеп таппай қалмасын мына қалың елің… Мұхтарға да осыны айтқайсың. Енді мен армансыз өлемін. Мен десең – жылама, қайта «әкемді қолымнан жөнелттірген Аллаға ризамын» де», – деп өсиет қалдырыпты. Сөздің астарына үңілсеңіз Турағұл тек Мәкен апаға ғана емес, Мұхтарға да, қала берді күллі қазақ жұртына аманат қалдырып бара жатқандай. «Химфарм» компаниясында қызмет жасап жүрген ұлттық мұрасына адалдық танытып, тарихын түгендеп, саф әдебиетіне құрметпен қараған жігіттердің Мәкен апамыздың, оған қоса Абай мен Турағұлдың аманатына адалдық танытып, заңғар жазушының есімін иеленіп отырған, қазақ ғылымының қара шаңырағы М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығына мәрмәртасты өткізуі манағы Турағұл атамыздың арманы бүгінгі дәуірде бүршік атқандай әсер қалдырды, бізге. «Нағыз өнер заманға бағынбайды, түптің түбінде қазаққа қазына болып қайта оралады». Иә, Турағұл сынды дарабоздардың асқақ арманы бүгінде жалғасын тауып, жүзеге асып жатқаны сөзсіз.
Сөз соңында Ахаңша (А. Байтұрсынов) айтар болсақ:
Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары – көр,
Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.
Әзімхан ИСАБЕК,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу
университетінің ресми өкілі, PhD докторант.