Еліміздің қастерлі құндылықтарының бірі – Конституция. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған Ата Заң – еліміздің мемлекеттік іргетасын қалаған басты құжат. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бекітіп қана қоймай, демократиялық қоғам құрудың берік негізін қалады. Биыл еліміздің басты заңының қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай қаламыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясында «Айбары мықты – Ата Заң» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Жиынды Мемлекет және қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев жүргізді.
Іс-шараға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова, қалалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, этносаралық қатынастар саласындағы беделді тұлғалар, қоғамдық құрылымдардың өкілдері, журналистер мен блогерлер клубының мүшелері қатысты.
Жиында Конституцияның құқықтық және саяси мәні, мемлекеттік басқару жүйесіндегі орны және қоғам өміріндегі рөлі кеңінен сөз болды. Ата Заңның тәуелсіз Қазақстанды демократиялық әрі құқықтық мемлекет ретінде қалыптастырудағы тарихи үлесі айрықша аталды.
Алғашқы болып Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі, қалалық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Сәкен Мәжінбеков сөз алып, Конституцияның мемлекет дамуына қосқан үлесіне тоқталды.
— Конституция – әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғаушы басты кепіл. Ол заң үстемдігін орнатып, қоғамда әділеттілікті орнықтырады. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақты дамуын қамтамасыз еткен басты құжат. Ол тәуелсіздігіміздің беріктігі мен мемлекетіміздің болашағына бағдар береді, – деді ол.
Ал, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Ж.Тәшенев университеті құқық және бизнес кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Бижан Ата Заңның құқықтық мемлекет құрудағы орнына жан-жақты талдау жасады.
Мәжіліс барысында қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін нығайтудағы ерекше рөліне тоқталды. Ассамблея этносаралық келісімнің қазақстандық моделін қалыптастырып қана қоймай, заң шығару процесіне де белсене қатысып келеді.
– Бүгінгі таңда Қазақстан – Парламентінде этнос өкілдерінен сайланған депутаттардың заң шығару ісіне ресми түрде қатысуы бекітілген әлемдегі жалғыз мемлекет. Бұл – Ассамблеяның ерекше институттық мәртебесін көрсетеді», – деді Орынбай Рахманбердиев.
Жиын соңында қатысушылар Конституцияның негізгі құндылықтарын сақтау, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты нығайту әрбір қазақстандық азаматтың басты парызы екенін атап өтті.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
