Редакция таңдауы

«Ата кәсіпті өркендету – басты мақсатым»

Бүгінгі кейіпкеріміз – ауыл шаруашылығы саласын табанды еңбек пен заман талабына сай технологиялармен ұштастыра білген кәсіпкер. Бірнеше ауылдың дамуына себепкер болып жүрген оның ісі  бір отбасының ғана емес, тұтас өңірдің тәжірибесіне айналып үлгерген. Жүгеріден басталған бұл кәсіп бүгінде жылына 1000 тонна өнім – жүгері жармасы, бидай ұнын шығаратын өндіріс көзіне айналды. «Ислам» ЖК басшысы, кәсіпкер  Уктас Атажанұлы кәсібінің даму жолы мен жоспары жайлы сұхбатта баяндап берді.

– Уктас Атажанұлы, кәсібіңізді қалай бастадыңыз? Бұл салаға келуіңізге не түрткі болды?
– Ауыл шаруашылығы – менің бала күнімнен көзіммен көріп, көңіліме сіңген сала. Біздің отбасымыз бұл кәсіпке алғаш екі мыңыншы жылдары аяқ басты. Ол кезде біз тек қарапайым тәсілмен жүгеріні қайта өңдеп, жергілікті базарларға шығаратынбыз. Бұл істі кәсібімізге айналдыруға түрткі болған жан –әкем. Қолмен жасалған жабдықтармен жұмыс істеп, әр дәннен өнім алып, табыс тапқан қиын. Бірақ ол уақыттар ең бағалы кезеңдер еді. Жеке кәсіпкер ретінде 2009 жылы тіркеліп, кәсібімді бастадым. 2010-2011 жылдары Түркістан облысының Иқан ауылында диқандармен бірлесіп, жүгері ектім. Алғашқы жылдары шығынның барлығын өзім көтердім. Өнімді сатып алып, диқандармен табысты бөлістім. Бұл тәсіл біртіндеп нәтижесін бере бастады. Кейін диқандар шығынын өздері жауып, өнімдерін маған өткізетін жүйеге көштік. Сөйтіп, уақыт өте келе бірнеше ауыл – Сарыағаш, Төрткүл, Атамекен, Абай, Мәңгілік, Шұбарсу – тұрақты түрде жүгері егетін негізгі әріптестерімізге айналды.

 

– Алғашқыда қандай қиындықтар мен кедергілерге кез болдыңыз?

– Кәсіп жолы ешқашан тегіс болмаған. Әсіресе, 2005–2008 жылдар аралығы біз үшін өте ауыр кезең болды. Сол жылдары салықтық тексерулер, санитарлық талаптар мен түрлі бюрократиялық кедергілер жиілеп, кәсіпкерлікпен айналысу мүлде мүмкін емес жағдайға жетті. Әкеміз сол себепті кәсіпті тоқтатуға мәжбүр болды. Қайта оралуға жүрексінді. Бірақ менің ішкі сенімім мықты еді. Мен тоқтаған жоқпын. Бәрін қайта бастауға бекіндім. 2019 жылы мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдік енгізілгені бізге үлкен мүмкіндік берді. Бұл жаңалық маған жаңа серпін беріп, кәсібімді жаңа деңгейге көтеруге түрткі болды. Сол сәттен бастап нағыз жаңғыру кезеңі басталды.

 

– Жеткен жетістіктеріңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Бастапқыда қол күшімен басталған кәсіп бүгінгі таңда толық автоматтандырылған заманауи өндіріс орнына айналды. 2019 жылы инвестор тартып, отбасымыздың жиған қаражатын қосып, 300 шаршы метрлік өндірістік цех пен қойма тұрғыздық. Жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтар сатып алып, өндірісті толықтай жолға қойдық. Бастапқыда күніне 3 тонна өнім өндіруді мақсат еттік. Жүйелі еңбек пен тәжірибе арқылы бұл межеге жеттік. Қазір жылына 1000 тонна өнім шығарамыз. Бұл – тек сан емес, сапа мен тұрақты сұраныстың көрсеткіші.

 

– Қазіргі таңда қандай өнім өндіресіз?

– Бүгінгі таңда біз тек жүгері өнімдерін өңдеуге машықтандық. Нақтырақ айтсақ, жүгерінің жармасын әртүрлі өлшемде – 2, 3, 4, 5, 6 түрінде, ал ұнын үш түрлі сұрыпта шығарамыз. Әр өнімнің өз сұранысы, өз тұтынушысы бар. Бұл саланың тереңіне енген сайын, оның мүмкіндіктері де кеңейе түсетінін көріп отырмыз. Өнімге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда Шымкенттен шыққан өнім, өзімізден бөлек Түркістан облысы, Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қалаларының сұранысын да қамтамасыз етіп отыр. Кейбір тұтынушылар алдын ала тапсырыс беріп, бірнеше ай бұрын кезекке тұрады. Демек, біз келешекте сұранысты толық қамту үшін өндіріс көлемін ұлғайтуымыз қажет.

 

– Нарықтағы тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті қалай қамтамасыз етесіз?

– Біріншіден, өнім сапасын ешқашан төмендетпейміз. Екіншіден, нарықтағы өзгерістерге тез бейімделуге тырысамыз. Мысалы, 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыс кезінде жүгері импортына шектеу қойылды. Біз барлық ресми құжаттарды дайындап, Ресейден 350 тонна жүгеріні сәтті алып өттік. Ал, 2023 жылы Ресейдің өзінде өнім азайып, біз Үндістанның Ахмадабад қаласынан жүгері тауып, Иран арқылы 45 тонна өнімді елге жеткіздік. Мұның бәрі – табандылық пен дер кезінде шешім қабылдаудың арқасы.

 

– Сізге мемлекет тарапынан қандай қолдаулар мен жеңілдіктер ұсынылды?

– Ең бірінші, 2019 жылдан бастап енгізілген салықтық жеңілдіктерді айтар едім. Бұл – шағын кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Сонымен қатар, біз «Бір ауыл – бір өнім» атты бағдарламаға қатыстық. Осы бағдарлама аясында бизнесімізді жүйелеуге, өнімді дұрыс позициялауға мүмкіндік алдық. Қазір бізге ең қажет нәрсе – қаржылай қолдау. Қолымызда дайын құрал-жабдықтар бар, бірақ екінші және үшінші өндірістік желіні іске қосу үшін инвестиция мен жеңілдетілген несие қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламаларға қатысып жатырмыз. Бағдарлама аясында тәжірибе жинадық. Қатысу арқылы жаңа нарықтарға жол аштық, маркетингті меңгердік. Қазір ұлттық өніміміз – жүгеріні елімізде танымал етіп, кеңінен тарату үшін жаңа жобаларды ұсынып отырмыз.

 

– Жылдық айналымды екі есе ұлғайту жоспарыңыз бар екен. Бұл мақсатқа қалай жетпексіз?

– Екінші және үшінші кезең іске қосылғанда біз арпа мен бидайды өңдеуді бастаймыз. Бұл өндірістің ауқымын кеңейтіп, жұмыс орнын 15-20 адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қаптама жүйесін жетілдіріп, өнімді 1 кг, 3 кг, 5 кг, 10 кг етіп шығарамыз. Бұл қарапайым тұтынушы үшін өте ыңғайлы.

 

– Ұсынып отырған пилоттық жобаңыз туралы айтып беріңізші.

– Мен жүгеріні мектептер мен балабақшалардың тағам мәзіріне енгізуді ұсынып отырмын. Бұл жоба пилоттық негізде 3-5 білім мекемесінде басталуы мүмкін. Аптасына 1-2 рет балаларға жүгеріден жасалған тағам ұсыну – әрі пайдалы, әрі ұлттық тағам мәдениетін жандандырудың жолы. Бұл идеяны неге өзекті деп санаймын. Өйткені өзге ұлттар өздерінің ұлттық тағамдарын – арпа жармасы, сұлы, кускус сынды өнімдерді мемлекеттік деңгейде қолданысқа енгізіп отыр. Біз де жүгеріні сол деңгейге көтеруіміз керек. Бұл – тек азық-түлік емес, ұлттық құндылық. Бұл жоба ауыл кәсіпкерлеріне көп көмек береді.  Біріншіден, бұл – тұрақты тапсырыс. Екіншіден, ішкі нарықтағы өнім айналымы артады. Үшіншіден, ауыл кәсіпкерлері өз өнімін өткізудің нақты жолына ие болады. Бұл – экономика үшін де, халықтың денсаулығы үшін де тиімді жоба.

 

– Мемлекет тарапынан ауыл кәсіпкерлігіне қатысты қандай өзгерістерді қолдайсыз?

– Мен кәсіпкерлердің өндірісін кеңейтуге бағытталған нақты субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің көп болғанын қалаймын. Сондай-ақ, өңірлік кәсіпорындарға өнімін экспортқа шығаруға қолдау көрсету – өте маңызды.

 

– Кәсібіңізді одан әрі дамытып, экспорттау жоспарыңызда бар ма?

– Қазірдің өзінде Өзбекстан мен Тәжікстан кәсіпкерлері біздің өнімді алып, өз елдерінде сатып жүр. Біз енді экспортты ары қарай дамытқымыз келеді. Тікелей серіктестік орнату – басты мақсат. Бұған қоса, туристік бағытта жүгеріден жасалған экологиялық өнімдерді дайындау жоспарда тұр.

 

– Ауыл жастарына қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – қорықпау. Ауылда да мүмкіндіктер көп. Тек әрекет ету керек. Бастапқыда қиындық болары анық, бірақ дұрыс бағыт пен табандылық бәрін жеңеді. Қателік те – сабақ. Тек бір орында тұрмай, ізденіс пен еңбекке басымдық беру керек. Біз тек өнім өндіріп отырған жоқпыз, ауылдан ұлттық бренд жасағымыз келеді.

– Әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар