М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Конституцияның 30 жылдығына арналған бірлескен жиын өтті. Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты судьялары мен ҚР Бас прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен өткен «Ата заң – тәуелсіздік тірегі» атты жиын заңгерлік қауымдастықпен кең ауқымды пікір алмасу алаңына айналды. Жиынға Шымкентте іссапармен жүрген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова да қатысты.
Жиынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ахмед-Зәки
Дархан Жұмақанұлы ашып, Ата заңның қоғамдағы орны мен құқықтық сана қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Басқосуда ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы ретінде Нұрлан Құдиярұлы сөз сөйлеп, Конституцияның ел дамуындағы маңызын, құқықтық жүйенің іргетасы ретіндегі рөлін атап өтті. Ол өз баяндамасында Конституция үстемдігі мен құқықтық мемлекеттің даму бағыты жайлы кеңінен тарқатып, нақты мысалдар келтірді.
– Біз ел тәуелсіздігінің, мемлекет тұтастығы мен қоғам бірлігінің негізі – Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығын атап өтудеміз. Бұл – жай ғана тарихи дата емес, ел дамуының жаңа кезеңдерін саралап, құқықтық мемлекет құру жолындағы жетістіктерімізді бағамдайтын маңызды белес. Ата заң – барша азаматтың құқығы мен бостандығын қорғаушы негізгі құжат. Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету – заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының ортақ міндеті. Осы ретте біз, Парламент депутаттары, құқықтық реформаларды сапалы жүзеге асыру арқылы заң алдындағы жауапкершілікті күшейтуге күш салып келеміз, – деді депутат.
Кездесу пікір алмасу, жалпы талқылау мен сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар көкейдегі өзекті мәселелерін ортаға салды.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА