Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында аумақтық қорғанысты нығайту еліміздің алдында тұрған маңызды міндет екенін айқындаған болатын. Осыған орай елімізде арнайы заң қабылданып, республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлерде аумақтық қорғаныс бригадалары құрылды.
Осы орайда Шымкент қаласындағы №50120 әскери бөлімінде әскери міндеттілердің арнайы оқу-жаттығу жиындары қорытындыланды. Іс-шараға аумақтық қорғаныс бригадасының қолбасшылығы, қалалық әкімдік өкілдері және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Шымкент қаласы бойынша аумақтық қорғаныс әскерлерінің арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиынына әскери міндетті 118 азамат қатысты. «Ақтас» оқу-жаттығу полигонында өткен он күндік жиында республикалық маңызы бар қаланың әскери және мемлекеттік объектілерін жауынгерлік үйлестіру, күзету мен қорғауды ұйымдастыру мәселелері пысықталды.
– Осындай жиын әскери міндеттілердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге, оған қоса аумақтық қорғаныс негіздерін нығайтуға ықпал етеді, – деді Шымкент қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Бақытжан Әшімов.
Оқу-жаттығу жиыны барысында әскери міндеттілер жауынгерлік дайындықтарын жетілдіріп, атыс әдістері мен ұрыс әрекеттерін меңгерді. Сонымен қатар, жаңа тактикалық әдістер мен заманауи әскери жаттығуларды игеруге мүмкіндік алды. Мұндай жиындар әскерилердің дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жиын соңында әскери міндеттілер марапатталып, бірқатар қызметкерлерге әскери шен берілді.
Айта кетейік, аумақтық қорғаныс күштері бригадаларының құрылуы — еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру бағытындағы маңызды қадам. Аумақтық қорғаныс әскерлері белсенді әскери резервті қалыптастыра отырып, елімізге қарсы әскери агрессия жасалған кезде мемлекеттік шекараны күзетуді күшейтуге қатысып, жаудың диверсиялық әрекеттеріне жедел түрде тойтарыс береді және стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетеді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар, табиғи апаттар кезінде халықты қорғауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға да атсалысады.
Тағабай ҚАСЫМОВ