Редакция таңдауы

Ауыл шаруашылығы орнықты дамып келеді

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Әсіресе, халық саны көп Шымкент қаласында осы саланы дамыту маңызды міндеттердің бірі. Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, егістік алқаптарының көлемі кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылы қала аумағында 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тұрақты өсімнің бар екенін көрсетеді. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқарма басшысының орынбасары Тоғай Жәнібек осылай дейді.

Өңірде дәстүрлі түрде егілетін дәнді дақылдар биыл 7 мың гектар жерге себілмек. Оның ішінде 5,8 мың гектары бидайға, 1,2 мың гектары арпаға бөлінді. Сонымен қатар, 3,3 мың гектар жерге майлы дақылдар, 10,9 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 1,7 мың гектарға көкөніс пен бақша өнімдері, ал 0,1 мың гектарға картоп отырғызылады. Мамандардың болжамынша, осы егістік алқаптарынан жалпы 81 мың тонна өнім жиналады. Бұл ішкі нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді.

Егін шаруашылығының қарқынды дамуы – тікелей мемлекеттік қолдауға байланысты. Биыл бұл салаға жергілікті бюджеттен 863,3 миллион теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде 75 миллион теңге минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға бөлінсе, жылыжайлардың коммуналдық шығындарын төмендетуге 767,8 миллион теңге қаралған. Ал сапалы тұқым шаруашылығын дамытуға 20,5 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаржылай қолдау ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.

Диқандардың негізгі мәселелерінің бірі – жанармаймен қамту. Бұл тұрғыда да мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. 2025 жылы көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына 919 тонна дизель отыны қарастырылған. Оның 616 тоннасы көктемгі егін егуге, ал 303 тоннасы күзгі жиын-терім науқанына жұмсалмақ. Сонымен қатар, биылдан бастап дизель отынының шығысына қатысты өзгерістер енгізілді. Өткен жылы 1 гектар жерге 15,4 литр отын қарастырылса, биыл бұл көрсеткіш 154 литрге дейін ұлғайтылды. Мұндай өзгеріс шаруалардың жанар-жағармай тапшылығына ұшырамай, көктемгі және күзгі жұмыстарды уақытылы аяқтауына мүмкіндік береді.

Мамандардың пікірінше, егіс алқаптарын тиімді пайдалану, өнімділікті арттыру және мемлекеттік қолдау шараларын ұтымды жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге болады. Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Қала әкімдігі мен сала мамандары егістік жұмыстарын дер кезінде аяқтап, жоғары өнім жинауға күш салып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы осы қарқынды даму қала экономикасын нығайтып қана қоймай, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етуге септігін тигізбек.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар