Биыл елімізде 1 тамыз бен 20 қазан аралығында ауқымды статистикалық шара – Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі нақты ахуалды, құрылым мен ресурстық әлеуетті айқындауға бағытталған маңызды кезең. Мемлекеттік жоспарлау, ауыл шаруашылығын қолдау және халықаралық міндеттемелерді орындауға қатысты маңызды әрі сенімді ақпарат осы санақ аясында жиналмақ. Аталған тақырып аясында өткен Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев арнайы мәлімдеме жасады.
Ауыл шаруашылығы санағы не үшін қажет?
Ауыл шаруашылығы санағы тек сандар жиынтығы емес. Ол – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жоспарлау және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажетті деректердің басты көзі.
– Санақтың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі шаруашылықтардың қызметі туралы сенімді әрі өзекті ақпарат алу. Бұл деректердің негізінде тиісті мемлекеттік саясат қалыптасып, субсидиялау, техникалық жабдықтау, еңбек ресурстарын бөлу сынды шешімдер қабылданады, – деді Ерназар Сейтханұлы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес санақ жүргізу шешімі Үкімет деңгейінде қабылданған. Өткізу мерзімі аграрлық маусымның аяқталуымен сәйкестендірілген. Бұл – дала жұмыстарының қорытындысын ескеріп, дұрыс деректер жинауға жол ашады.
Дайындық халықаралық тәжірибемен ұштасады
Бұл жолғы санақ науқанына дайындық бір жарым жыл бұрын басталған. Осы кезеңде Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылып, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік құрылымдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып жұмыс жүргізілген.
– Біз Латвия, АҚШ, Польша, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания және Грузия елдерінің статистика қызметтерімен тәжірибе алмасып, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (FAO) әдістемелік ұсыныстарын басшылыққа алдық, – деді департамент басшысы.
2023 жылы Шымкент қаласының Тұран ауданына қарасты Ақжар тұрғын алабында пилоттық санақ өткізілді. Бұл қадам ақпараттық жүйелерді, әдіснаманы және далалық жұмыстардың ұйымдастыру ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде сынауға мүмкіндік берді. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін барлық субъектіні қамтиды. Бұл – мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларында қызмет атқаратын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа-фермер қожалықтары. Егер шаруашылықтың қызмет түрі ҚР экономикалық қызмет түрлері жіктеуішінде (ОКЭД) ауыл шаруашылығымен байланысты болса, онда ол міндетті түрде санаққа қатысуы керек. 2006–2007 жылдары өткен алдыңғы ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңге бөлініп (өсімдік және мал шаруашылығы жеке-жеке), түрлі уақытта өткізілсе, бұл жолы барлық бағыт бір мезетте қамтылады. Бұл – деректерді біріздендіріп, әдістемелік тұрғыдан толықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қолжетімді әрі заманауи тәсіл
Биылғы санақтың басты жаңалығы – ақпарат жинау процесінің цифрлық форматта ұйымдастырылуы. 1 тамыздан бастап sanaq.gov.kz порталы арқылы онлайн сауалнама жүргізіледі. Респонденттер ЭЦҚ, QR-код немесе SMS арқылы тіркеліп, сауалнама парағын өз бетінше толтыра алады. Жүйе респондент туралы кейбір мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде шығарып береді. Қатысушы сол ақпаратты растап, қажет болған жағдайда жаңарта алады. Сауалнаманы толтыру үдерісі үзіліспен де жүргізіледі – респондент мәліметтерін сақтап қойып, кейін қайта жалғастыру мүмкіндігіне ие. Сауалнама аяқталғаннан кейін электрондық пошта арқылы санақтан өткені туралы растау хаты жіберіледі.
– Бұл әдіс деректердің нақтылығын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне де қолайлы болмақ. Сондай-ақ, цифрлық сауаттылығы шектеулі азаматтарға қолдау көрсету мақсатында Шымкент қаласы бойынша 13 жерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылады, – деді Ерназар Құлтаев.
Жиналатын деректер тек статистикалық мақсатта ғана пайдаланылады. Ұлттық статистика бюросы олардың құпиялығы мен анонимдігіне толық кепілдік береді. Деректер бастапқы иесін көрсетпестен, жиынтық түрінде ғана өңделіп, жарияланады. Бұл ақпарат салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Респонденттер сауалнама толтыру барысында мал басы, техника, жер көлемі сынды көрсеткіштер бойынша мәліметтерін жаңартып, мемлекеттік деректер базасын өзектендіруге келісім бере алады. Оған қоса, порталда Sanaq-Myrza атты жасанды интеллект негізіндегі виртуалды көмекші жұмыс істейді. Ол сауалнаманы толтыру кезінде туындаған сұрақтарға жауап береді. Сонымен бірге 1446 нөміріне хабарласу арқылы да тиісті ақпарат алуға болады. Онлайн сауалнама кезеңінде бұл байланыс орталығы тәулік бойы, аптаның жеті күнінде жұмыс істейді.
Дала жұмыстарын толық қамту көзделген
Онлайн сауалнама толтырмаған респонденттер үшін интервьюерлер ауыл шаруашылығы субъектілерін жеке аралап, сауалнама жүргізеді. Бұл жұмыс 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында ұйымдастырылады. Аралық кезеңде санаққа өз бетімен қатысқан шаруашылықтардың тізімі анықталып, қалғандарын нақты қамту көзделеді.
– Санақ респонденттердің барлық санаттарын қамтиды. Шымкент қаласы бойынша барлығы 7455 ауыл шаруашылығы өндірушісі тіркеліп отыр. Қатысудан бас тартқан жағдайда заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – деді спикер.
Санақ жұмыстарына тартылатын азаматтар алдын ала оқытудан өтеді. Бұл үшін Ұлттық статистика бюросының Data Literacy Hub платформасы іске қосылған. Мұнда оқытушыларға бейнесабақтар мен мәтіндік материалдар ұсынылады. Білімін растау үшін тестілеу де қарастырылған. Санақтың алдын ала қорытындысы 2025 жылғы желтоқсан айында жарияланады. Ал толық талдамалық есептер мен жиынтық деректер 2026 жылы Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында көпшілікке қолжетімді болады. 2025 жылғы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – бұл тек статистикалық шара ғана емес, стратегиялық маңызы бар мемлекеттік іс. Жиналған деректер ауыл шаруашылығын дамытуға, өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіруге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ