Редакция таңдауы

Азаматтардың құқығы – басты назарда

Шымкент қаласында азаматтық қоғам және жергілікті атқарушы органдар өкілдері бір дөңгелек үстінде бас қосып, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.

Іс-шара барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласындағы өкілі Нұржан Әбдезов адам құқықтарының қағидалары ұлттық деңгейде, Конституцияда және заң актілерінде қарастырылатынын атап өтті. Оның сөзінше, халықаралық деңгейде адам құқықтарын қорғау, ең алдымен Адам құқығы жөніндегі халықаралық билльге негізделген. Оған адам құқықтары жалпыға бірдей декларациясы, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени, Азаматтық және саяси құқықтар туралы пакттер, Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге факультативтік хаттама, Азаматтық және саяси құқықтарға қатысты пактіге екінші факультативтік хаттама енеді.

Елімізде үш жыл бұрын жалпы халықтық референдумда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің статусы, мәртебесі және құқықтары айқындалды. Сол сияқты 2022 жылы «Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі Уәкілі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

«Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Шымкент қаласындағы өкілдігіне былтыр 139 шағым келіп түскен. Келген шағымның барлығы қаралып, арыздарды қарау қорытындысымен 80 өтініш қанағаттандырылды, 49-ына жазбаша түсіндірме берілді, 9-ы құзыретті мемлекеттік органдарға жіберілді», – дейді Н.Әбдезев. Өкілдікке келіп түскен шағымдарды талдау барысында басым бөлігі құқық қорғау органдарының және ІІМ ҚАЖК-нің түзету мекемелерінің қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты болған. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу және сотқа дейінгі тергеудің заңдылығын бақылау мәселелеріне қатысты 23 арыз-шағым жазылған. Арыз шағымдарды қарау барысында Конституциялық заңға сәйкес, тиісті мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, ұйымдарға, лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне қатысты 42 ұсыным мен өтінішхат жіберіліпті.

Соның ішінде мемлекеттік органдармен қолдау тапқан – 37, мемлекеттік органдармен ішінара қолдау тапқан – 5, берілген ұсынымдар негізінде 10 жауапты лауазымды тұлға тәртіптік шараға тартылды. Былтыр барлығы 311 азамат қабылданса, соның ішінде, өкілмен жеке қабылдау – 238, мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлескен қабылдау – 73-ке жетті. Ал жеке қабылдау барысында 44 азаматтың өтініші қанағаттандырылса, 267 адамға құқықтық түсінік берілді.

Айта кетсек, Конституциялық заңға сәйкес, елдегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласындағы өкілі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны орындауға арналған алдын ала баруға жататын ұйымдар мен мекемелерге кедергісіз бара алады. Есеп беру мерзімде өкіл жалпы, 28 мандатқа жататын мекеме мен ұйымға барып, кейбір мекемелерге тексеріс жүргізуге байланысты шешім қалалық прокуратураға жолданды. Бұған сәйкес, 41 жауапты тұлға тәртіптік, 3 жауапты маман әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, биыл өкіл 21 өтінішті қарастырған. Соның ішінде 7-і қанағаттандырылса, 9-на жазбаша түсініктеме берілген. Төртеуі басқа құзырлы мемлекеттік органдарға жіберілсе, бір талап-арыз өндірісте жатыр. Ал, өкілге келіп түскен 21 өтініштің 33,3%-ы медициналық қызмет көрсетуге, 19,0%-ы сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдарына, 2-не бала құқықтарына қатысты шағым. Сондай-ақ әлеумет пен еңбек секілді тағы бірнеше салаға қатысты да көрсетілген шағымдар бар.

Кездесуге келген денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту басқармасының жауапты қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері адам құқықтарының сақталуына қатысты атқарылған іс-шаралар туралы баяндама жасады. Жиналғандар жабық мекемелердегі сотталушылардың медициналық қызметті толық алу, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауға қатысты әлі де атқарылуға тиісті шаруа көп екенін жеткізді.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар