Шымкент қаласында құрлықтың үздік оқ ату шеберлері қайта бас қосты. Қаладағы Shymkent Shooting Plaza ату кешенінде спорттық атудан XVI Азия чемпионаты дүбірлеп өтті. Жарыста екі олимпиадалық спорт түрі – нысана көздеу және стенд атудан құрлық жеңімпаздары анықталды. Биылғы бәсекенің жөні бөлек. Үшінші мегаполисте нысана көздеуден құрлық чемпионаты осымен екінші рет ұйымдастырылды. Алда лицензиялық Азия чемпионатын өткізу жоспарда тұр.
Лицензиялық Азия чемпионаты өтпек
Осыдан төрт жыл бұрын Шымкент төрінде нысана көздеуден ересектер мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өткен болатын. Оған 11 мемлекеттен 160 спортшы қатысты. Араға төрт жыл салып, Шымкентте халықаралық бәсекені ұйымдастыру сеніп тапсырылды. Дүбірлі жарыстар өтіп жатқан «Shymkent Shooting Plaza» – Азия өңіріндегі ең ірі ату кешендерінің бірінен саналады.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, нысана көздеуден Азия қауымдастығының президенті, шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах, ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов сынды мәртебелі қонақтар қатысып, сөз сөйледі. Қала әкімі спортшыларды, жаттықтырушылар мен қонақтарды чемпионаттың басталуымен құттықтап, ұйымдастырушыларға, спорт федерацияларына және турнирді жоғары деңгейде өткізуге күш салған азаматтарға алғысын білдірді.
Жарыстың мақсаты – оқ ату спортын насихаттау, спортшылардың шеберлігін арттыру, рейтингісін анықтау және жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби біліктілігін арттыру. Сайыста нысана көздеуден пневматикалық тапанша – 10 метр, 25 метр, 50 метр, мылтық – 10 метр, 50 метр, қозғалмалы нысана жеке және командалық есепте, Стенд ату бойынша трап, скит, скит\микс, трап\микс, дубль-трап – жеке және командалық есепте үздіктер анықталды. Чемпионат ерлер, әйелдер, жастар, жасөспірім ұлдар, қыздар арасында өткізілді.
Жалпы 26 елден 800-ден астам спортшы бақ сынады. Бұл – өте ауқымды көрсеткіш. Атап айтқанда, Бахрейн, Вьетнам, Гонконг, Үндістан, Иран, Индонезия, Қазақстан, Катар, Қытай, Кувейт, Ливан, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Пәкістан, Сауд Арабиясы Корольдігі, Сингапур, Тәжікстан, Тайбэй, Түрікменстан, Өзбекстан, Филиппин, Оңтүстік Корея, Жапония елінің өкілдері Шымкент қаласында сайыс көрігін қыздырды.
Азия чемпионатына арналған баспасөз-конференциясына Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, нысана көздеуден Азия қауымдастығының президенті, шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах, еліміздің спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов қатысып, еліміздегі нысана көздеушілердің әлеуеті, алдағы жоспарлар туралы баяндап, жарыс барысы туралы толық мағлұмат берді.
Нысана көздеуден Азия қауымдастығының президенті, шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах Қазақстан спортшыларының әлемдік деңгейде өз орны бар екенін, әсіресе жас спортшылардың болашағы зор екенін атап өтті.
– Қазақстан спорттық ату федерациясы жылдан-жылға дамып келе жатыр. Ел спортшылары Олимпиада ойындарында, Азия ойындарында жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Міне, қазір Шымкент қаласында тарихта қалатындай ауқымды іс-шара өткізіп жатырмыз. Қазақстан спорттық ату федерациясы осындай іс-шараларды ұйымдастыра алатынына көзіміз жетті. Біз әрі қарай да қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс істейміз, – деді Азия қауымдастығының президенті.
Спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов Шымкент қаласында осы спорт түріне барлық жағдай жасалғанын, тіпті жаңа ату кешенінде әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік бар екенін жеткізді. Қазіргі таңда ел құрамасы сапында кілең жастар шоғырланған. Олар әлем және Азия чемпионаттары, әлем кубогы, Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Отандық нысана көздеушілер келесі Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуды жоспарлап отыр.
Оқ атудан кезекті Азия чемпионаты аясында Мемлекет басшысы Халықаралық нысана көздеу федерациясының президенті Лучано Россимен және нысана көздеуден Азия конфедерациясының президенті, шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабахпен кездесіп, ынтымақтастық перспективасын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз спорттың нысана көздеу түрлерін дамытуға бұрыннан ерекше мән беретінін атап өтті. Президент алдағы уақытта нысана көздеу және стенд ату спортын дамытуға дайын екенін жеткізіп, шетелдік серіктестермен ықпалдастықты кеңейту үшін қажетті шаралар қабылдайтынын айтты.
ISSF пен ASC жетекшілері осы спорт түрін дамытуға айрықша назар аударғаны үшін Қазақстан Президентіне ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, кездесу барысында еліміздегі нысана көздеу кешендерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, спортшыларды даярлаудың заманауи әдістемесін енгізу, сондай-ақ жастармен, балалар және жасөспірімдердің спорт клубтарымен жұмыс бағдарламасын кеңейту мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, Ұлттық Олимпиада комитетінде құрметті қонақтармен кездесу өтті. Онда нысана көздеу спортын дамыту мәселелесі талқыланып, бірқатар шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, Алматы қаласында 2026-2027 жылдары лицензиялық әлем кубогын, Шымкент қаласында лицензиялық Азия чемпионатын өткізу жоспарға енгізіліп отыр. Осылайша 2026-2027 жылдары Қазақстан спорттық атудан әлемдік орталыққа айналмақ.
Жеңісті дәстүріміз жалғасты
Өткен Жазғы Азия ойындарында шымкенттік мергендер тарихи нәтижелерге қол жеткізген еді. 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында 18 жастағы Зухра Ирназарова топ жарды. 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы сапында Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова 2 орынға ие болды. Нысана көздеуден Никита Чирюкин үшінші орыннан көрінді. Стенд атудан скит бағдарламасы бойынша сынға түскен әйелдер құрамасы сапында Шымкент қаласының спортшылары –Зоя Кравченко, Ольга Панарина финалда Азия ойындарының рекордын жаңартып, чемпион атанған еді.
2021 жылғы құрлық бәсекесінде де отандық спортшылар жарқын жеңіске жеткен. Құрлықтық чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан командасы 12 алтын жүлдеге ие болды. Отандық спортшылар 12 алтын, 12 күміс және 12 қола медальмен жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші орынға 5 алтын, 8 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған Өзбекстан командасы, үшінші сатыға 5 алтын және 3 күміс иеленген Индонезия құрамасы жайғасқан.
Пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден командалық жарыста Юрий Юрков, Ислам Усейнов және Алексей Клейменов топ жарды. Аралас командалық сында Ирина Локтионова мен Эльдар Иманқұлов күміске қол жеткізді. Азия чемпионатында Ислам Усейнов (жекелей сын, командалық сын, ҚР рекорды), Эльдар Иманқұлов (жекелей және командалық сын), Зухра Ирназарова (жекелей сын), Никита Шахторин (жекелей және командалық сын, жасөспірімдер арасында ел рекорды), Юрий Юрков сынды мергендер үздік нәтиже көрсетті.
Биылғы, 16-шы Азия чемпионатында да ел спортшылары табысты өнер көрсетті. 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, нысана көздеуден
Қазақстан құрамасының көшбасшысы Ислам Сәтпаев Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Спортшы 10 метрлік пневматикалық винтовкадан ату бағдарламасында алтын медаль иеленді. Финалда ол 250,1 ұпай жинады. Екінші орынға 249,8 ұпаймен қытайлық Лу Динкэ жайғасты. Оңтүстіккореялық Пак Хаджун 228,7 ұпай жинап, қола медальға ие болды.
Сондай-ақ, ұлттық құрама көшбасшылары – Фатима Ирназарова, Андрей Худяков, Асадбек Назиркульев, Даниил Яковенко, Александра Садуакасова сынды спортшылар алтын жүлделерге ие болды. Отандық спортшылар 70 медальға ие болып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты. Айта кетсек, құрлық чемпионаты 30 тамызда мәресіне жетті.
Т.ҚАСЫМОВ