Елімізде шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтеді. Биыл бұл мереке 6 шілдеге түсіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. …Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Өйткені, қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым» деген болатын.
Расында, домбыра – қазақтың бағзыдан келе жатқан қасиетті аспабы, ұлтымыздың киесі, һәм қасиетті қазынасы. Бабадан қалған бағалы мұрамызды қастерлеп, келер ұрпаққа аманаттау – әр қазақтың парызы. Сондықтан Ұлттық домбыра күніне орай Шымкент қаласында сан-түрлі тағылымды шаралар өтеді. Солардың бірі ретінде қаламыздағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырған «Бабамыздың жырысың сен домбыра…» атты тағылымы мол мерекелік іс-шара айта аламыз. Онда Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Абдиев Жұмабай Ғаппарұлы сөз алып, тұрғындарды ұлттық домбыра күнімен құттықтады.
Мерекелік шараны Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім басшысы, айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов жүргізіп отырды. Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін өсіре отырып жеке тұлғаның рухани адамгершілігін дамыту. Мәдени сауатты, қазақтың аспаптық музыкасын терең түсінетін, құрметтейтін, өресі биік, халқымыздың ұлттық аспабы домбыраны қастерлейтін ұрпақ тәрбиелеу. Өнерге бейімдеу арқылы әсемдік әлемін таныту, өнерге деген сүйіспеншілігін, ынта – ықыласын арттыру, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлау.
Шара барысында домбыра аспабы туралы дайындалған сұрақ-жауап айдары бойынша дұрыс жауап берген қатысушылар жүлделі сыйлықтар алды. Ұлттық аспап домбырамен өнер көрсеткен бүлдіршіндер ерекше қуанды. Арнайы келген кәсіби күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір күйшілердің күйлерін орындап көрерменнің ықыласына бөленді. Өскелең ұрпақтың ата-бабадан кәсіп болған дәстүрлі домбыраға қызығушылық сезімін оятып, тарихтың куәгеріне айналған қасиетті қара домбыраны қастерлеуге тәрбиелеу өзекті мәселе.
Жасұлан ИСАБАЕВ,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының аға ғылыми қызметкері