Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Жеңіс саябағында «Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» атты арнайы патриоттық іс-шара өтті. Ерлік музейінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл жиын кешегі оқ пен оттың ортасында елі үшін жанын пида еткен боздақтардың рухына арналды әрі бүгінгі бейбіт өмірдің қандай жанқиярлықпен келгенін жас ұрпаққа ұғындырды. Шара барысында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, мектеп оқушылары мен жастар арасында тарихи-мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.
Мерекелік шара аясында арнайы ұйымдастырылған көрме арқылы соғыс жылдарындағы сарбаздардың хаттары, фотосуреттері, жәдігерлері мен құнды тарихи деректер көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты бөлімде сөз алған спикерлер жеңістің маңыздылығына тоқталып, майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Шымкент қалалық музейлер бірлестігі директорының орынбасары Гүлмира Серікбай баяндама оқып, онда тың деректермен бөлісті.
– Музей қызметкерлері ретінде біз үшін ең басты міндет – тарихты сақтау және келер ұрпаққа жеткізу. Осы мақсатта біз арнайы көрме ұйымдастырып отырмыз. Бұл көрмеде майдан даласынан жазылған хаттар, сарбаздардың жеке заттары, фотосуреттер мен құнды деректер қойылды. Бұл жәдігерлер – тек естелік емес, бұл – өмірдің, ерліктің, қайсарлықтың куәсі, – дейді ол.
Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен колледж студенттері патриоттық өлеңдер оқып, майдангерлерге арналған сахналық қойылымдар көрсетті. Шара барысында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Айта кетейік, соғыс жылдары Шымкент қаласынан 23 мыңнан астам азамат майданға аттанған. Олардың көпшілігі елге оралмай, жат жерде көз жұмған. Бұл – ерлік пен жанқиярлықтың өлшеусіз үлгісі. Бүгінгі таңда музей қорында 5454 экспонат тіркелген. Оның 3500-і экспозиция залдарына қойылған.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ