Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп, біліктілігімін танылған басшылардың бірі – Самат Дүйсенұлы Нұрманов. С.Нұрманов бүгінде Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келеді. Бұл лауазымға меритократия қағидатына сәйкес тағайындалған.

Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 22 жылдан асады. Алғашқы еңбек жолын 2001 жылы Шымкент қаласы әкімінің аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадрлар жұмысы бөлімінің бас маманы болып бастаған. Аппарат басшысы лауазымына дейін Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы болды.
Самат Нұрманов бізге мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік жайлы, жалпы қызметтегі өз тәжірибелері, өз бастамалары жөнінде әңгімелеп берді.
– Самат Дүйсенұлы, ұзақ жылдан бері мемлекеттік қызмет саласында еңбек етесіз. Мемлекеттік қызметке келу жолыңыз, жалпы қандай баспалдақтардан өткеніңіз жөнінде айтып өтсеңіз.
– Мемлекеттік қызметке келуім саналы таңдау болды. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін өз мамандығым бойынша еңбек жолымды қарапайым маман қызметінен бастадым. Алғашқы жылдары тәжірибе жинап, бас маман, бас инспектор, бөлім басшысы сынды сатылардан өттім. Әр кезеңнің өз қиындығы мен үйреткен сабағы болды. Сол жылдары халықпен тікелей жұмыс істеу, олардың мәселесін тыңдап, шешу жолдарын іздеу маған үлкен тәжірибе берді. Есте қалған ерекше жағдайлар – тұрғындардың алғысы мен сенімін сезінген сәттер. Бұл – кез келген мемлекеттік қызметші үшін ең үлкен күш-жігер деп айтар едім.
Мен де қызметте меритократия қағидатына сәйкес, сатылап өстім. Меритократия мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаты ретінде мемлекеттік қызметшінің қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес оның еңбегі мен жетістіктерін ескере отырып, мансаптық ілгерілеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Сол себептен, жастар да осы қағидатты басшылыққа алуы тиіс деп санаймын.
– Бүгінгі мемлекеттік қызмет азаматтарға қандай талаптар қойып отыр?
– Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет бұрынғыдан да ашық, тиімді және халыққа бағытталған болуы тиіс. Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан басты талаптар – адалдық, кәсібилік, халыққа қызмет етуге дайын болу және заманауи технологияларды меңгеру. Жауапкершілік жоғары, себебі әр шешім мен әр құжаттың артында адамдардың тағдыры, күнделікті тұрмысы тұр. Жалпы, халыққа адалдықпен, шынайы көңілмен қызмет ету керек. Әрбір арыз-шағымға дер кезінде жауап беріп, халыққа жақын болуымыз керек. Рас, бүгінде қызметкерлерге көптеген талаптар қойылып отыр.
Осы саланы таңдаған азаматтарға, жастарға айтарым – өз елін сүйіп, адал еңбек етсе екен деймін. Бүгінде мемлекет жастарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану маңызды. Үнемі ізденіп, білімін арттырып, тіл үйреніп, жаңа технологияларды игерген жас ешқашан далада қалмайды. Ең бастысы – өз ісіңді сүйіп, жауапкершілікпен қарау. Жалпы айтқанда, бәсекеге қабілетті болу – уақыт талабы.
– Өзіңіздің біліктілігіңізді арттыруға қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Біліктілікті арттыру – үздіксіз процесс. Қазіргі заманда білімді тоқтату мүмкін емес. Жыл сайын түрлі семинарлар, оқыту бағдарламалары мен тренингтерге қатысамын. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен жергілікті әкімдік ұйымдастыратын курстар да пайдалы. Сонымен қатар, өз бетіммен жаңа заңнамалық өзгерістерді, цифрлық басқару жүйелерін үйреніп отырамын.
– Жұмысты жүйелеуде қандай бастамаларыңыз, ұсыныстарыңыз болды?
– Еңбекші ауданы – қаладағы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Соңғы жылдары инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүріп жатыр: жол жөндеу, абаттандыру, жарықтандыру, цифрлық қызметтерді енгізу бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша тұрғындармен кері байланыс күшейді. Қабылдау форматтары өзгеріп, тұрғындар өтінішін электронды түрде беруге мүмкіндік артты.
Ауданда көптеген жұмыс орындары ашылып жатыр. Жаңа жұмыс орындарының көбеюі, инвестицияның артуы халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталуда. Ауданда инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік мәселелер, аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру бағытында көптеген оң өзгерістер бар. Бәрі де тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, халық үшін жасалып жатқан жұмыс болғаннан кейін кейде уақытпен санаспай еңбек ететін сәттер де болады. Мемлекеттік қызметтің қиындығы мен қызығы да осында шығар.
Қазіргі уақытта жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында әр бөлімнің қызметін автоматтандыруға, құжат айналымын цифрландыруға баса назар аударып келеміз. Сондай-ақ, қызметкерлердің ішкі мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру үшін командалық жұмыс қағидатын енгіздік. Апталық жоспарлау мен нәтижені бағалау жүйесі жолға қойылды. Бұл бастамалар қызмет сапасын жақсартуға және тұрғындардың сенімін арттыруға оң әсер етті.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ә.АЙТӨРЕ
